Қазақстанның көпқырлы құрастыру мен дамыту институтының сарапшылары Шахан кентінде құлаған үйге алдын-ала баға берді. Тұрғын үйдің құламаған үш кіреберісіндегі пәтер тұруға жарамды. Қираған төртінші кіреберістегі бес пәтерге де қайта қоныстануға болады. Бұл туралы мәжіліс депутаттары Нұрлан Дулатбеков, Снежанна Имашева және Юрий Тимощенконың Шахан кентіне жасаған жұмыс сапары кезінде мәлім болды.
Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймаков депутаттарға аталмыш үйде 7 қаңтар күні үй жылытатын модульді қазандық іске қосылатынын хабарлады. "Сарапшылар үйдің құламаған бөлігіндегі пәтерлер тұруға жарамды деген қорытындыға келді. Сенбі күні үйді жылыту үшін модульді қазандық іске қосылады. Қазандық жертөледе емес, үйден бөлек контейнерге орнатылады. Сынақтан өткізілген соң пәтер иелері үйлеріне қоныстанады", - деді әкім.
Ал жарылған төртінші кіреберістегі он пәтер иесіне қоғамдық қор есебінен пәтер сатып алынады. Осы кіреберісте қирамай қалған бес пәтерге жөндеу жүргізіліп, тұрғындар үйлеріне қайта кіреді. "Тұрғындар психологиялық себептерге байланысты бұрынғы пәтерлерінде тұрудан бас тартса, оларға басқа пәтер алып береміз",- деді Сержан Аймаков.
"90-жылдардың басында Шахан қала үлгісіндегі кент болатын. Мұнда 28 мың адам тұрды. Дағдарыс кезінде жұрт жаппай көшіп, орталықтандырылған жылыту жүйесі ажыратылды. Қазір кентте сегіз мыңдай халық тұрады. Кенттегі 118 үйдің 14 үйі автономды жылыту қазандығына қосылған. Олардың ішінде тек екеуі ғана модульді, қалғандары жертөледе орналасқан. Олардың барлығы тұрғындар есебінен жағылады. Шаханға орталықтандырылған жылу қазандығын салу үшін осыдан екі жыл бұрын жобалық-сметалық құжат бойынша 119 млн теңге бөлінді. Сараптама жасалды, жер бөлінді. Әкімдер ауысқанда қолға алған іс аяқсыз қалды. Біз өзімізді күн сайын оттың үстінде отырғандай сезінеміз. Басқа үйлердегі қазандықтардың атылмайтынына кім кепіл? Осыған дейін тұрғын үйлерде жылыту қазандығы үш рет жарылды. Адам шығыны болмаған соң, ешкім ештеңені елеген жоқ. Ақыры 9 адамның өмірі қиылды", - дейді кент тұрғыны Сапар Ибкеев.
Қала әкімінің айтуынша, орталықтандырылған жылу жүйесін салу мәселесі 2005 жылдан бері көтеріліп келеді. "2013 жылы облыс бюджетінен қаржы бөлініп, техникалық құжат жасалды. Жылыту жүйесін салу үшін сол кездегі межемен 2,8 млрд теңге қарастырылу қажет болды. Енді сол құжаттар қайта қаралатын болады. Облыс әкімі жағдайды бақылауына алды", - деді Сержан Аймаков.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева тұрғындардың қалтасы көтеретіндей жеке қазандық орнату мәселесін көтерді. "Кентте бар-жоғы көпқабатты 118 үй бар екен. Олардың өзінде тұрғындар толық емес. Үйлердің ара қашықтығы да біршама. Мүмкін, жекелеген қазандық орнату мәселесін сарапқа салу қажет шығар? Халықтың қалтасы орталықтандырылған жылыту жүйесін көтермеуі мүмкін ғой", - деген күдігімен бөлісті мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Шахан қаласының тұрғыны зейнеткер Светлана Ержұманова депутаттың ұсынысымен келіспеді. "Жекелеген модульді қазандықтар көрші Саран қаласындағы тұрғын үйлерге қосылған. Үш жылдан кейін Саранда орталықтандырылған жылыту жүйесі салына бастады. Яғни модульді қазандық салуға жұмсалған қаражат өзін-өзі ақтамады. Біз орталықтандырылған жылыту жүйесін салуды талап етеміз",- деді зейнеткер Светлана Ержұманова.