Зейнеткер елшілерге қосымша төлемақы төленбек

2525

Бұл ретте 625 мың 500 теңге деген сан жария етілді. 

Зейнеткер елшілерге қосымша төлемақы төленбек Фото: Максим Морозов

Қазақстанда әлдебір тұлғаны елші етіп шетелге жіберудің астарында әртүрлі себеп жатуы мүмкін. Бір жағынан бұл қандай да бір мемлекетпен арадағы қарым-қатынасты қайта жүктеп, жаңа деңгейге шығаруды көздеуі ықтимал. Басқа жағынан бұл сол тұлғаны жазалау түрі болуы да ғажап емес. Салдарынан, шет тілін білмейтін биік лауазымды шенеунік елші болып кете барады. Енді бұл кесір тәжірибеге тыйым салынуы мүмкін.

Сыртқы істер министрлігі "Қазақстанның дипломатиялық қызметі туралы" 2002 жылғы заңнаманы түзететін жаңа заң тұжырымдамасын әзірлеп шықты.

"Қазіргі кезде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі маңызды болып отыр. Оған реформаларды іске асыруға жәрдемдесе алатын және тиісті біліктілікке ие талантты әрі қабілетті азаматтарды мемлекеттік қызметке тарту арқылы қол жеткізуге болады. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында "білім экономикасына" көп көңіл бөлінген. Осы міндетті орындау үшін және дипломатиялық қызмет ерекшеліктерін назарға ала отырып, жаңа заң жобасында Қазақстанның дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа орналасуға ниет білдірген азаматтарға шет тілін меңгеру жөніндегі міндетті талапты бекіту ұсынылады", – деп түсіндірді құжатта сыртқы саясат ведомствосы.

Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдарда жұмыс істеген дипломатиялық қызмет персоналына СІМ-ге ешқандай конкурстық рәсімдерсіз жұмысқа тұруына кепілдік беретін норма көзделіп отыр.

Құжатта бюджеттен қаржылық шығын шығаруды қажет ететін бап бар. Ол бойынша дипломатиялық қызмет ардагерлеріне ай сайынғы ақшалай төлем белгілеу қарастырылған. Бұл "оларды әлеуметтік қорғау үшін қажет" делінді.

Жаңа төлем түрі Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі, сондай-ақ халықаралық ұйымдар жанындағы еліміздің Тұрақты өкілі лауазымын атқарған немесе Төтенше және өкілетті елші дәреже-рангі бар адамдарға төленеді. Бірақ оны алу үшін "елшінің жалпы еңбек өтілі кемінде 25 жылды, соның ішінде дипломатиялық қызмет органдарындағы жұмыс өтілі кемінде 15 жылды құрауға" тиіс.

Мысалы, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі ақын, Қазақ КСР халық жазушысы Олжас Сүлейменов 1995–2001 жылдар аралығында Қазақстанның Италиядағы төтенше және өкілетті елшісі болды және еліміздің Грекия мен Мальтадағы елшісі қызметін қоса атқарды. Одан кейін 2001 жылдан бастап Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі ретінде жұмыс жасады. 2018 жылғы желтоқсанда ол "Мәдениеттерді жақындастыру орталығы мемлекеттік мұражайы" РМҚК басшысы болып тағайындалды.

Филология ғылымдарының докторы, жазушы, ғалым Мырзатай Жолдасбеков те Төтенше және өкілетті елші рангіне ие. 1993–1997 жылдар аралығында Иран Ислам республикасында елші болды, 1997–2000 жылдары СІМ Дипломатиялық академиясын басқарды. Бірақ 2000 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметіне ауысты. 

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановты да құрметті дипломат деп атауға болады. Оның Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық рангі бар. Өйткені 1995–2001 жылдар аралығында Қазақстанның Қытайдағы елшісі болды, сонымен қатар Моңғолиядағы, Вьетнамдағы және Солтүстік Кореядағы елшісі қызметін қоса атқарды. Президенттің 2001 жылғы 21 мамырдағы жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды. 2012 жылы "Нұр Отан" атынан Мәжіліске депутат ретінде сайланды. Содан бері табан аудармай, Мәжілісте қалаулы қызметін атқарып келеді.

Әзірге 15 жыл дипломатиялық өтілі бар сала ардагерлеріне төленетін ай сайынғы ақшалай төлем мөлшері анықталған жоқ. Оны заң қабылданған соң Үкімет арнайы қаулысымен бекітпек.

Бірақ бұл ретте Ресейдің және Бельгияның тәжірибесі алға тартылды.

"Ресей Президенті В.Путиннің 2014 жылғы 23 маусымдағы жарлығына сәйкес РФ бұрынғы елшілері шамамен 1200 АҚШ доллар (400 000 теңге) ақшалай төлем алады. Бұдан басқа, шетелдік тәжірибе көрсеткендей, бірқатар елдерде дипломат зейнеткерлерді әлеуметтік қорғау жүйесі әскерилер, сот өкілдеріне арналған әлеуметтік игіліктер мәртебесімен теңестірілген. Мысалы, Ұлыбританияда 35–40 жыл өтілі бар дипқызметтің ардагері соңғы еңбекақыдан 50%-ға дейінгі көлемде алады. Бельгиялық зейнеткер дипломат 1500 еуроға (625 500 теңге) дейін зейнетақы алады", – делінген заң жобасының тұжырымдамасында.

Бұл жерде 30–40 жыл жұмыс өтілі деген талап назар аудартады. Қазақстанда одан екі еседей аз мөлшер алынып отыр.

Заң жобасын іске асыру 2020 жылға арналған республикалық бюджеттен 97 миллион теңгеден астам қосымша қаражат бөлуді талап етеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу