Зерттеу: "Ресей Беларусь елін өзіне қосып алуды жоспарлап қойды"

2079

Империяны тірілтуге ынтығып, соғысқұмарлыққа салынған федерацияның жаңа жоспарларын жетекші ақпарат құралдары әшкерелеп отыр. 

Зерттеу: "Ресей Беларусь елін өзіне қосып алуды жоспарлап қойды" Фото: ufaved.info

Зерттеуге ресейлік "Досье" орталығы, Беларусь тергеу орталығы, Vsquare, сондай-ақ шетелдік журналистік консорциум: Süddeutsche Zeitung, WDR, NDR, Yahoo News, Delfi Eesti, Expressen, Independent, Frontstory өкілдері қатысқан.

Олар Кремльдің құпия, ішкі құжатына қол жеткізгендерін жариялады. Оған сәйкес, 2030 жылға дейін Беларусь толығымен тәуелсіздігін жоғалтып, РФ құрамына қосылып кетуге тиіс болыпты.

Құжаттың "Стратегические цели Российской Федерации в Беларуси" деп аталатыны хабарланды. Егер құжат шынымен рас болса, онда ол соғылған белгіге қарағанда, 2021 жылғы жазда әзірленген. Жалпы саны 17 беттен тұрады.

Құжатта Кремльдің Беларуске қатысты саяси, қорғаныс, сауда және әлеуметтік мақсаттары жеке-жеке, жіліктеп жазылыпты. Олардың бәрі 3 негізгі санатқа ажыратылған: қысқа мерзімдісі 2022 жылға дейін, орта мерзімдісі 2025 жылға дейін, ал ұзақ мерзімдісі 2030 жылы аяқталады.

Журналистік зерттеу тобының тұжырымдауынша, "стратегияда" Беларусьты қосып алумен байланысты шаралардың барлығы қамтылған. Мысалы, онда Минск Парламент арқылы 2022 жылғы ақпанда қабылдаған Конституция туралы айтылады. Аталған конституциялық реформа елдің Негізгі заңын ресейлік мүдделерге сәйкес келтіруге тиістігі көрсетілген. Сонымен бірге республиканың заңдарын РФ заңдарымен толық "үйлестірілу" талабы белгіленген. Бұл үрдіс аяқталуға таяу деуге болады: Еуразиялық одақ аясында 9 жылдан бері жүріп жатқан бірізділендіру үдерісі аясында БР заңнамасы көп салада ресейлікке ұқсап кеткен.  

Тағы бір мақсат ретінде "әлеуметтік саясат, сауда, экономика, ғылым, білім және мәдениет салаларында Ресей федерациясының үстем ықпалын қамтамасыз ету" белгіленген. Осы мақсатта Минскіге Мәскеуден үш жыл бұрын "үлкен пропагандалық десант" түсірілді. Бұрын мықты болған және кең ауқымды аудиторияны қамтыған жергілікті оппозициялық журналистика жойылды. Салдарынан, бүгінде беларустік телеарналар, ақпарат агенттіктері тек қана ресейлік пропаганданың айтқанын қайталайды, барлық жағынан соған ұқсас болуға тырысады. Оның үстіне ресейлік бағдарламаларды қаз-қалпында ретрансляциялайды.

Зерттеу тобының байламынша, бұдан бөлек, ресейлік билік РФ паспорттарын белорустерге беру рәсімін жеңілдетуді жоспарлап отыр. Мәскеу дәл осы тәсілмен Грузияның Оңтүстік Осетия, Абхазия өңірлерін, Украинаның Донбасын оккупациялаған болатын. Бұл қадам стратегияда "жергілікті жерде Ресеймен интеграциялануға, кірігуге мүдделі ресейліктердің қабатын құру, ресейлік нарыққа көбірек бағдарланған бизнес ортаны кеңейту" мақсатын көздейтіні жазылыпты.

Сондай-ақ 2030 жылы Беларусь оқушыларын ресейлік ЕГЭ (бізде ҰБТ) тапсыруға көшіру де жоспарланған.

Мұндай стратегия әзірлеумен шұғылданатын тәуелсіз эксперттер мәскеулік құжатты зерделей келе, оның түпнұсқалығын растаған екен.

"Сыртқы формасы бойынша да құжат ресейлік бюрократияның немесе саяси басқарманың стандартты құжатын еске түсіреді",  – деді Шығысеуропалық зерттеулердің Стокгольм орталығы (SCEEUS) директорының орынбасары Мартин Краг.

Журналистер құжатты батыстық барлау қызметтерінің майталман мамандарына да көрсетіп алған, олар да ұқсас тоқтамға келіпті.

"Құжаттың мазмұны толығымен шындыққа жанасымды. Бұған қоса, онда жазылғандар қазіргі кезде болып жатқан оқиғаларға, қалыптасқан жағдайда сәйкес келеді. Бұл стратегиялардың ақырғы мақсаты айқын: жаппай инкорпорация. Демек, бұл құжатты Путиннің жаңа Ұлы Ресей империясын құру туралы тарихи миссиясының бір бөлігі ретінде қарастырған жөн", – деп пікір білдірді барлау қызметінің аты аталмаған жоғары лауазымды офицері Süddeutsche Zeitung сұхбатында.

Журналистік зерттеу тобының сарапшыларының тоқтамынша, РФ Батысқа жалғыз қарсы тұра алмайтынын біліп, НАТО-ға қарсы түрлі республикаларде өз айналасында біріктірмек. Оның көршілері азат болса, бұған мойынсұнбай, көпбағдарлы саясат жүргізуі мүмкін. Тіпті БР басшысы Александр Лукашенко да дүркін-дүркін Батысқа ықпалдасуды, мысалы, бейбіт келіссөздерге араағайын болуды ұсынып қояды.

"Ресейдің Беларуське қатысты мақсаттары Украинаға қатыстыға өте ұқсас. Тек Беларусьті соғыс емес, қысым көрсетіп, мәжбүрлеу арқылы қосып алу жүзеге асырылмақ. Сайып келгенде екі бағыт та бір мұратқа – Ұлы Ресейді қалпына келтіруге қызмет етеді", – деген пікір білдірді АҚШ-тың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы елшісі Майкл Карпентер.

Кеңестік және беларустік журналист, қоғам белсендісі Ирина Халип Мәскеудің Беларуске тамыр жаюы, экспансиясы көп бұрын басталғанын айтады.

"Ұзақ уақыт бойы Беларусьтің Ресейге тәуелділігі тек арта берді. Газ бағасы үшін, мұнай үшін, сайлау кезінде Путиннің қолдауы үшін, кредиттер үшін, салықтық маневрға өтемақы үшін, қарызды кешіргені үшін және солай кете береді. Кремль сарапшылары әзірлеген құжатта айтылғанның бәрі баяғыда жүзеге асты немесе іске асырылу сатысында. Тек Беларустің барлық өңірінде ЕГЭ тест тапсыратын пункттер ашу қалды. Бірақ бұл бабы да ескірді және қажеттілігі жоқ: 2 жылдан бері беларустік талапкерлер ЦТ (орталықтандырылған тестілеу) нәтижелері бойынша ресейлік жоғарғы оқу орындарына түсе алады. Ал биыл ЕГЭ үлгісінде орталықтандырылған емтихан енгізілетін болады: оның қорытындысын бүкіл РФ мойындайды. Ендеше бұл шараны да сызып тастауға болады", – деді Ирина Халип.

Оның айтуынша, екі елдің заңдарын үйлестіру мақсатында 28 бірлескен бағдарлама қабылданған. Оның аясында РФ және БР макроэкономикалық, ақша-кредиттік, аграрлық, өнеркәсіптік саясатты, салық және кеден, басқа да заңнамаларын бірыңғайландырып жатыр. Біріккен газ нарығы, мұнай және электр энергиясы нарықтары қалыптастырылуда. Көліктік, бухгалтерлік есепті бірізділендіру, мемлекеттік сатып алудың ортақ ережелері енгізілген. Бүгінде Беларусте ресейлік әскерлер орналасқан, Минск өз қаруын, техникасын, әскери базаларын, әскери аэродромдары мен инфрақұрылымдарын соған табыстады.

Сонда жұтылмағанда несі қалды?

Жалпы, сарапшылардың пікірінше, Мәскеудің бұл ниетіне таңғалуға болмайды: бүгінде Сталинді жан-жақты ұлықтап жатқан РФ Кеңес империясын шағын көлемде болса да, қалпына келтіруге тиістігін ресейлік саясаткерлер, депутаттар, тележүргізушілер ашықтан ашық айтып жүр. Тек РФ-тың көршілері қапы қалмағаны, агрессияның кез келген түріне қарсы тұруға, тәуелсіздігін қорғауға әрқашан дайын болып отырғаны, жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу