Жаһандық бойкот: әлем елдері бас тартқан TikTok енді қайтпек?

2505

Оннан астам мемлекет қытайлық әлеуметтік желіге тыйым салды.  

Жаһандық бойкот: әлем елдері бас тартқан TikTok енді қайтпек? Фото: google.com

Әлемнің 10-нан астам елі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне алаңдап, қытайлық әлеуметтік желі TikTok-ты ішінара немесе толығымен блоктады. Шектеулердің басым бөлігі мемлекеттік секторға немесе үкіметтік құрылғыларға қатысты.

АҚШ КОНГРЕСІ TIKTOK БАСШЫСЫН СЫНАДЫ

АҚШ Конгресінде TikTok басшысының қатысуымен жиын өтті. Демократтар мен республикалықтар бұл әлеуметтік желінің қауіпсіздігіне күмән келтіретінін айтты. Заң шығару органдарының өкілдері Бейжіңдегі ByteDance компаниясы TikTok пайдаланушылардың жеке деректерін  Қытай билігіне жеткізеді деп қауіптенетінін мәлімдеді. Ал, бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін.   

Дегенмен, тикток басшысы  Шоу Цзы Чу  Қытайдың компартиясымен жұмыс істемейтіндерін және оларға барлаушы қызметін атқармайтынын мәлімдеді.

"Біріншіден, біз желі қолданушылар арасында жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән береміз. Екіншіден, АҚШ азаматтарының жеке деректері сырттан ұрланбау үшін жіті бақылау жүргіземіз. Үшіншіден, біз Үкімет тарапынан Тиктокты басқаруға немесе жұмысына араласуға жол берілмейді деп уәде етеміз", - деді TikTok платформасының бас директоры Шоу Цзы Чу.  

Қазіргі таңда Құрама Штаттарының 150 миллионға жуық азаматы желіні пайдаланады. Наурыз айының соңынан бастап, бұл елдің мемлекеттік қызметкерлеріне қосымшаны қолдануға ресми түрде тыйым салынбақ. Олар TikTok қосымшасын федералды үкімет бөлген құрылғыларға орната алмайды.

Сонымен қатар, ФБР мен америкалық Әділет министрлігі TikTok-қа тиесілі қытайлық ByteDance компаниясына қатысты тергеу жүргізуде.

"Біздің міндетіміз және Президенттің міндеті – америкалықтардың ұлттық қауіпсіздікке қатысты қорғалуын қамтамасыз ету. Біз мұны анық айттық, сонымен қатар қолданбада бізді не мазалайтынын түсіндірдік. Шетелдік инвестициялар жөніндегі комитеттің тексерісі де бар. Біз TikTok-тың танымалдығы туралы бәрін түсінеміз. Бірақ Президенттің міндеті – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету", – деп түсіндірді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер.

НОРВЕГИЯДА ДА ТИКТОК ШЕКТЕЛДІ

Норвегияда мемлекеттік қызметкерлерге жұмыстағы құрылғыларда TikTok пен Телеграм қосымшаларын орнатуға тыйым салынды. Тиісті шешімді Әділет және қоғамдық қауіпсіздік министрлігі қабылдаған. Оған қоса, министрлік нұсқауында сақтық ережелерінің күші тарайтын жеке меншік компаниялардың да қызметкерлері осы бағдарламаларды пайдаланудан бас тартқаны жөн делінген. Дегенмен, TikTok немесе Телеграм қажет болған жағдайда, қосымшаны бөлек құрылғыға орнатып қолдануға болады.  

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР TIK TOK ҚОЛДАНА АЛМАЙДЫ

Ұлыбритания үкіметінің мүшелеріне қауіпсіздік мақсатында жұмыс телефондары мен құрылғыларында наурыз айынан бастап TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салынды. Өйткені, Қытай үкіметі телефондарда сақталған құпия деректерге қол жеткізе алады деген күдік бар. Еуропадағы үкіметпен байланыс және қоғамдық саясат жөніндегі қосымшаның вице-президенті Тео Бертрамның пікірінше, бұл шешім "геосаясатқа негізделген".

Сондай-ақ, Жаңа Зеландия жергілікті парламент мүшелеріне осы айдың соңына дейін барлық құрылғыларда TikTok қолдануға тыйым салды.

"Біздің Киберқауіпсіздік бойынша сарапшыларымыздың кеңесі бойынша парламенттік қызмет мүшелері мен қызметкерлерге TikTok қосымшасы парламенттік желіге кіретін барлық құрылғылардан жойылатыны туралы хабарлады",- деді Жаңа Зеландия парламенттік қызметінің атқарушы директоры Рафаэль Гонсалес-Монтеро.

Соңғы жылдары қосымшаны пайдаланушылар саны күрт өсті. Қазір бүкіл әлем бойынша 3,5 миллиард қолданушы бар.

2022 жылы ByteDance қызметкерлері қосымшаның көмегімен бірнеше Батыс журналистерін бақылағаны мәлім болды. Бұл оқиғадан кейін қытайлық компания бірнеше қызметкерді жұмыстан шығарып жіберді. Алайда, батыс елдерінің күдігі сейілген жоқ.

Соңғы мәлімет бойынша, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Бельгия, Жаңа Зеландия мемлекеттік қызметшілері мен Еурокомиссия қызметкерлеріне қосымшаны пайдалануға ресми түрде тыйым салынды.

Ал, TikTok платформасының бас директоры Шоу Цзы Чу мәселе ушыға түссе, қытайлық ByteDance компаниясынан шығатындарын, алайда, бұл ең соңғы қадам екенін айтты.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу