Жаһандық геосаяси ахуал Германиядағы "тарихи бетбұрысқа" түрткі болды

2043

ГФР канцлері Олаф Шольц неге "қарусыздандыру көшбасшысынан" "қаруланушы лидерге" айналып шыға келді? 

Жаһандық геосаяси ахуал Германиядағы "тарихи бетбұрысқа" түрткі болды Фото: spiegel.de

Осы сауалға германиялық Der Spiegel басылымының сарапшылары жауап іздеді.

Өткен аптада Германия басшысы ақыры Leopard 2 атты соғыс танктерінің кем дегенде 112 бірлігін Украинаға беру жоспары қабылданғанын жариялады. Олардың шағын бір бөлігін неміс елі, қалғанын НАТО бойынша одақтастары аттандырады. Мұны естіген АҚШ та Киевке америкалық Abrams танктерін жеткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Бұған дейін Ақ үй одан бас тартып келген еді.

Үздіксіз шабуылдардан қансыраған, үстемелете бомбалаудан қайғы шеккен, жауына лайықты жауап беруге, қарсы шабуылға шығуға қаруы жарамай пұшайман болған Киев соғыстың он бір айы бойы Батыстың көшбасшы елдерін, әсіресе, Германияны сараңдығы, қайырымсыздығы, тіпті Мәскеу алдындағы қорқақтығы үшін айыптап келді.

Германиялық басылымның жазуынша, бұл елдің әрбір канцлері өз мансабында ертелі-кеш "тарихи бетбұрыс" кезеңіне тап болады. Мысалы, Гитлерге дейінгі және одан шамалы кейінгі заманды айтпағанда, елді 1982–1998 жылдары басқарған Гельмут Кольге Екінші Дүниежүзілік соғыстан соң екіге жарылған елін біріктіру, кеңестік ГДР-ді батыстық ГФР-ге интеграциялау миссиясы артылды.

Елді он алты жыл басқарған Ангела Меркель әсіресе, араб елдерінен ағылған босқындар дағдарысын шешумен айналысты. Ал одан кейін канцлер орынтағына отырған Олаф Шольцке қызметінің алғашқы жылында-ақ бірнеше "тарихи бетбұрысты" бастан кешуге тура келді. Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстарда аузы күйген Германия аса сақтық танытып, содан бері әлемдегі әскери қақтығыстарға көп араласпауға, барынша бейтараптылықты ұстануға тырысты.

"Алайда Ресейдің Украинаға шапқыншылығы Шольцты "қарусыздандыру канцлерінен" "қаруланушы канцлерге" айналдырды. Ол Германияның қарулы қақтығыс ошақтарына қару жеткізбейтін дәстүрін бұзуға мәжбүр болды. Оған сондай-ақ Ресейдің газ бен мұнай жеткізуді тоқтатуынан туындаған алапат энергетикалық дағдарысты еңсеру міндеті жүктелді. Бұған канцлер тарихта бұрын-соңды болмаған рекордтық көлемде қаражат жұмсауға уәде етті. Енді міне, оның Үкіметі Украинаға озық әскери танктерді аттандырғалы жатыр. "Леопард A6" заманауи сауытты ұрыс техникалары бірнеше айдан соң майдан даласына шығып, Ресейге қарсы соғысты бастайды. Жалпы, саясаткерлер Шольцтан Украинаға танк беруді былтырғы жылдың жазынан бері сұрап келді. Ол кезде ГФР канцлері энергетикалық дағдарыспен арпалысып жатқан еді. Батыс елдерінің лидерлері дәл осы "Леопардтар" соғыстың беталысын өзгертуге қабілетті екеніне назар аудартты", – дейді неміс сарапшысы Маркус Беккер (Markus Becker).

Ал Шольц болса, "Леопардтарды" беруді соғыстың эскалациясына соқтыратын тұзақ деп санаған. Сондықтан жаһандық соғыс заманынан соң неміс танктерінің қайтадан Украина топырағын басуына барынша қарсыласып бақты.

Spiegel бағалауынша, салдарынан Олаф Шольцты сарапшылар танктер жеткізілімін тежеп тұрған тұлға, сондай-ақ континентаралық байланыстарға нұқсан келтіруші лидер ретінде қабылдай бастады. Германияның "Еркін демократиялық партиясы" мұны апатқа теңеді. Британ тарихшысы Тимоти Гартон Эш „Шольцен“ атты термин ойлап тауып, әлеуметтік желіні күлкіге қарық қылды: оның айтуынша, бұл термин ізгі ниеті туралы жұртқа жариялап, артынша оны жасамау үшін мың сан сылтау табатын адамды білдіретін болады.

Германиялық саяси шолушы Сюзанна Бейер (Susanne Beyer) канцлер канцеляриясының мамандары танк жолдаудың ақыры неге соқтыратынын тұспалдап, РФ басшысы В.Путиннің сол үшін Германиядан кек алуы сценарийлерін талқылап жатқанын айтады. Бұған германиялық барлау қызметінің деректері пайдаланылады екен. Сценарийлерде ГФР стратегиялық маңызды нысандарына, әлеуметтік, экономикалық, әскери, әкімшілік инфрақұрылымына қуатты кибершабуылдардың, Германия мен Норвегия арасында газ айдайтын жаңа құбырларға диверсиялардың, терактілердің жасалу мүмкіндігі болжанады. Шольц бұған аса салмақты қарап, уайымдайтын көрінеді.

Spiegel басылымымен астыртын тілдескен канцлердің сенімді өкілдері осы себепті де Берлин Киевке соғыс танктерін тек Пентагонмен бір мезгілде ғана бергісі келгенін білдірген. Мәскеу мұхиттың ар жағындағы Вашингтонға ауыр залал келтіре алмасы түсінікті. Алайда АҚШ Қорғаныс министрлігі НАТО елдерінің армияларын қаруландырған "Леопардтар" Еуропадағы соғысқа барынша қолайлы деп табандауын жалғастырған.

Біріншіден, америкалық "Абрамстарды" жөндеу, қызмет көрсету әлдеқайда күрделі. Ал неміс танктеріне қызмет көрсету желісі бүкіл Еуропада дамыған. Екіншіден, АҚШ танктері отынның да ерекше түрін, яғни авиациялық отынды қажет етеді, тым кірпияз. Себебі, оларда ұшақтарға қойылатын аса қуатты турбиналар орнатылған. Әрі Американың ауыр техникасы Таяу Шығыс секілді құмды мекендерде ұрыс салуға маманданған. Іргедегі Еуропаға қарағанда, Атлант мұхитының ар жағындағы АҚШ-тан танк тасу, логистикасын құру да аса қиын.

ГФР канцлерінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Йенс Плетнер бүгінде АҚШ Президентінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанмен телефон арқылы күн сайын дерлік келіссөз өткізетін көрінеді. Spiegel дұшпанды елден түре қуу үшін Украинаға танктер керектігін екеуі де мойындайтынына, бірақ қайшылықтар сақталғанына назар аудартады.

Шольц бұл тұрғыда Ресеймен жалғыз алысқандай болмауы үшін АҚШ-тың өзіне серік болғанын қалайды. Сеңді бұзу үшін Берлин тосын бетбұрыс жасады: ол қаңтар айының басында Marder бронетранспортерларын Украинаға алғашқы болып аттандыратынын мәлімдеді. АҚШ бұл қадамды қолдады: Киевке Bradley БМП-ларын жолдайтынын жариялады.

Батыс Екінші Дүниежүзілік соғыстан бері танктерді "болат жұдырық" деп атап кеткен. Бұл жерде әлемдік алпауыттар – АҚШ пен Германия Мәскеуге қарсы болат жұдырығымен алғашқы болып соққы беруге жүректері дауаламай, ұзақ қипақтады.

Ақыры 17 қаңтарда батыстық басылымдар "Шольц пен Байденнің күш біріктіріп, Путинге бірлесе соққы беруге уағдаласқанын" хабарлай бастады. Инсайдерлердің дерегінше, ГФР канцлері "Украина жақтастары біртұтас шеп құруға тиіс" деген АҚШ Президентінің төл сөзін алға тартыпты. Содан Джо Байденнің өзі диллемаға, жолайырыққа тап болды: бір жағынан, НАТО-ны тәрк ете жаздаған Д.Трамптан айырмашылығы сол, Байден Солтүстікатлантикалық Альянспен ынтымақтастықты нығайтуға ден қойды, Украинаға бірге көмектесуге міндеттеме алды. Екінші жағынан, Пентагон сарапшылары оған "Абрамс" танктерін жеткізудің орынсыздығын, техникалық мүмкіндіктер шектеулі екенін, әрі жойғыш ұшақтар аспаннан қолдау көрсетпесе, америкалық бұл алып танктер ресейлік басқарылатын ауыр зымырандарына оңай олжа болатынын түсіндірген.

Сонымен бірге Шольцтың үзеңгілес серігі Вольфганг Смит те Пентагон басшысы Ллойд Остинге Германияның тек "бірлескен танк пакетіне" ғана келісетінін жеткізеді. Бұл туралы Süddeutsche Zeitung газеті хабарлады.

Әрине, екі ел де Украинаға танк жеткізуге қарсы еместерін білдіргендерімен, шабуылға арналған бұл қаһарлы сауытты техникаларын Украинаға қашан жеткізетіні белгісіз қалып тұр.

Бірақ Шольц бұл бағытта да тарихи миссиясын орындады: Германияның өзі төл армиясының қолындағы танктерін беруді созуы мүмкін, бірақ канцлер рұқсат еткен соң, Польша, Норвегия, Испания, Португалия сияқты елдер НАТО аясында Германиядан жалға алған "Леопардтарын" Украинаға жеделдетіп жеткізуге ниетті. Бірақ мұның өзі бірнеше аптаға ұзауы ықтимал.

Әскери сарапшылардың пікірінше, батыстық озық танктер көптеп жетсе, онда Украинадағы соғыста жаңа бетбұрыс басталады. Өйткені майдан даласында "Леопардтар" кеңестік-ресейлік бірнеше танкті қатарынан жойып жіберуге қауқарлы.

Ал Ресей болса, батыстық танктерді жойған өз жауынгерлеріне ерекше марапат ұсынылатынын жариялады: ресейлік басылымдардың мәліметінше, бірінші жойылған "M1 Abrams" немесе "Leopard 2" үшін 5 млн рубльден төленеді. Бұл қаржы солдаттың қолына тимейтін көрінеді: ол РФ қорғаныс министрлігінің есепшотына түседі, сол қаржыға ведомство жауынгерлеріне қажетті жабдықтарды сатып алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу