Жалақы көтерілсе, жемқорлықпен қош айтысамыз ба?

2919

Бұл жерде әңгіме "айлығымыз шайлығымызға жетпейді" деп жиі шағымданатын мемлекеттік қызметкерге қатысты болып отыр.

Жалақы көтерілсе, жемқорлықпен қош айтысамыз ба?

Бүгін Астанада "Атамекен" Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып өткізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кәсіпкерлердің республикалық форумының бейресми жағында осындай ой айтылды.

Алқалы құрылтай қалтарысында біз аз-кем тілдескен сарапшылардың пікірінше, шенеуніктердің іс-әрекеті өз алдына реттеліп, тиісті процедуралар сөзбұйдаға салмайтындай оңтайландырылған және заңнама баптары қатаңдатылып, сот жүйесінің тәуелсіздігі артқан Сингапур елінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасында, негізінен, мемлекеттік қызметкерлердің айлығын жеке саладағыдай көтерудің арқасында мардымды нәтижеге қол жеткізілген екен. Мамандардың меңзеуінше, Қазақстанда да мемлекеттік аппаратты 30%-ға дейін қысқартып (!), осының аясында іс жүзіндегі еңбекақы қорын сақтап қалу есебінен айлықты көбейтсе болады.

"Өйткені, төмен жалақының салдары үнемі жағымсыз болып келеді. Бұл, әсіресе, өңірлерге қатысты. Еңбекақысы 65 мың теңге, алайда, біршама қадағалау құзырына ие салық инспекторы, қолындағы билік пен тұрмыстық түйткілдерін тарқату мүмкіндігі арасында екіұдай күй кешіп жүретіні анық", – дейді атын атамауды қалаған мәселеге қанық, бұл іске әбден сыралғы сарапшы.

Форум жұмысына Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров пен "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев, сондай-ақ, ҚР Парламенті депутаттары, мемлекеттік мекемелердің, азаматтық және квазимемлекеттік сала өкілдері, бизнес-қауымдастық және басқа да тараптар қатысты.

Қайрат Қожамжаров көптеген іс атқарылып, заңдар қабылданғанымен, сыбайлас жемқорлықтан толық арылу мүмкін болмай отырғанын мойындады.

"Бүгінгі шара отандық бизнесті жақсартуға өз әсерін тигізеді деген сенімдеміз. Ол үшін өткен жылдары бизнесті жүргізуге қолайлы құқықтық негіз қаланып, рұқсат беру-бақылау қызметтері ықшамдалды. Алайда, әлі де кәсіпкерлікке қысым көрсетіліп жатқанын аңғаруға болады. Әр мемлекеттік қызметкер қоғамға қалтқысыз қызмет етіп, кәсіпкерлік саланы қолдау асыл міндеті екенін естен шығармауы тиіс. Енді агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің басшылары бизнесті шенеуніктердің жөнсіз килігуінен қорғауы тұрғысынан бағаланады. Бизнес те пара беруге, заңды бұзуға бейім болып тұрмауы керек. Бұл мәселеде ұстанымымыз айқын, бағытымыз нық", – дейді ол.

Шара барысында кәсіпкерлердің мемлекеттік мекемелермен өзара қарым-қатынасындағы жемқорлық деректерінің алдын алу жайы талқыға салынып, квазимемлекеттік сектор субъектілері өткізетін сатып алу саласындағы жең ұшынан жалғасқан парақорлыққа қарсы тұрудың құқықтық тетіктері, ұлттық палатаның әкімшілік және қылмыстық кодекстердің кейбір баптарын қайта қарастыру жөніндегі ұсыныстары қарастырылды және лауазым иелерінің кәсіпкерлерге қысым жасау жайлары жарияланды.

Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев та ұлттық палата жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік институттарға көмекке келуге әзір екенін, Қазақстан заңнамасында "корпоративтік сыбайлас жемқорлық" ұғымы әлі де көрініс таппағанын айтты. Мәселен, "Атамекен" КҰП жыл сайынғы "Іскерлік ахуал" зерттеуі аясында "Кәсіпкерлер көзқарасындағы жемқорлық жағдайы" арнайы шолуын дайындаған. Ол бойынша соңғы 5 жылда жемқорлық деректері 11%-ға жиілеген, яғни, әр бизнесменнің екіншісі күнделікті онымен жолығады.

"Мемлекеттік мекемелердің тексеру парақтарында 28 мыңнан астам талап бар. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бағытында қазіргі кезде 63 санитарлық ереже болса, оның 11 мыңнан астамы кәсіпкерлерге қойылатын талаптар болып отыр. Мұның бәрін орындау мүмкін емес, яғни, бұл жайлар парақор шенеуніктерді еркінсітіп, жүгенсіз кетуіне жол ашып отыр", – деп нұсқады КҰП төралқа төрағасы.

Форумға қатысушылардың сөзіне қарағанда, елімізде сатып алу, бюджеттік жоспарлау, қаржы, бухгалтерия, құқықтық қамтамасыз ету, мүлікке иелік ету сияқты неғұрлым жемқорлыққа бейім тәуекелді салалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадан тыс қалған. Бұл салалардағы қызметкерлерге талап күшейіп, сатып алуда заң бұзғандарға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жемқорлық құқықбұзушылықтарға тәртіптік жаза қарастырылуы керек. Сонымен қатар, сарапшылар, орталықтандырылған ішкі аудит қызметінің маңызы мен мәртебесін арттырып, сатып алуды бақылауда дербестік беру қажет деп санайды.

"Қазіргі уақытта сатып алуға қатысты деректер қорлары шашыраңқы орналасқан және толық емес әрі сан түрлі субъектілер басқарады. Оларды кәсіпкерлер квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алуы туралы жан-жақты және шынайы ақпарат алу үшін өзара ықпалдастырған абзал. Біз мұндай жалпыға қолжетімді жүйені Ұлттық палатаның ақпараттық ресурстар аясында жасап шығуды ұсынамыз. Себебі, тиісті біртұтас базаның болуы, жемқорлық құқықбұзушылықтар мен ұйымдардың құзырын шегінен асыра пайдалану қаупі жоғары сатып алу қырларын анықтауға мүмкіндік береді", – дейді "Атамекен" КҰП өкілдері.

ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлерге қысым жасауына байланысты деректерді ортаға салып, Қазақстанның әкімшілік және қылмыстық кодекстеріндегі кейбір баптарды қайта қарастыру тұрғысындағы Ұлттық палатаның ұсыныстарын жеткізді. Ол кәсіпкерлердің құқығын аяқасты еткен лауазымды тұлғалардың, көбінесе, жазасыз қалып жататынын айтты. Статистика көрсеткендей, олар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке өте сирек тартылады. "Назар аударатын жағдай, мұндай қылмыстардың құрамында жазалау жағын айтарлықтай қиындата түсетін сылтау-желеулер баршылық. Біздің ойымызша, бұл баптардың осындай күрделі болуы, кәсіпкерлерге жапа шектірген қызмет иелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға мұрсат бермейді".

Шарада "Атамекен" КҰП Сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Шошанов, Қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев және "Самұрық-Қазына Келісімшарт" АҚ бас директоры Серік Елшібеков ойларын ортаға салып, танымал қоғам белсендісі Сырым Әбдірахманов сынды азаматтар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Сондай-ақ, барша тілек білдіргендерге ұйымдастырушылар жазбаша ой-пікірін қалдыру үшін сауалнама парағын ұсынды.

Форум қорытындысында "Атамекен" КҰП пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірлескен әрекеттердің Жол картасына қол қойды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу