Жалақының көлемімен қоса "сапасы" артып келеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2098

Денсаулық пен білім саласында жалақы аз болғанымен, өсім қарқыны жақсы.

Жалақының көлемімен қоса "сапасы" артып келеді

 

2019 жылдың I тоқсанында республика бойынша орташа айлық жалақы 168,5 мың теңгені құрады. Инфляцияны алып тастағанда халықтың сатып алу қабілеті 5,2% ұлғайды.  Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, бұл соңғы бірнеше жылдағы рекордтық көрсеткіш.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың алғашқы тоқсанында жалақы өсімі 8,7% болғанымен, сатып алу қабілетінің өсімі бар болғаны 2%-ды құраған еді.

Ең қызығы, 2016 және 2017 жылдары жалақы өсім 11,9% және 5,6% өскенімен, сатып алу қабілеті керісінше 2,7% және 2% түсіп кеткен еді. Яғни, аталған екі жылда жалақы өскенімен, қымбатшылық одан да артық болып кеткен еді.

Өңірлер бойынша орташа жалақының ең жоғарғы мәні биылғы бірінші тоқсанда Атырау облысында байқалды. Мұнайлы өңірдегі орташа жалақы 15,2% өсіп 322,7 мың теңгеге жетіпті. Екінші орындағы Маңғыстау облысындағы жалақы бар болғаны 2,1% өсіп 287,9 мың теңгені құрап отыр. Айта кетерлігі, бұл облыс былтырғы алғашқы үш айда жалақы өсімі ең жоғары өңір болған еді.

Елорда халқының орташа жалақы көлемі республика бойынша өңірлер арасында үшінші орында. Қала халқының орташа жалақысы былтырғы алғашқы үш айдағыдан  4,4% ұлғайып 233,5 мың теңгеге жетіп отыр екен.

Ал ең төменгі орташа жалақы Түркістан облысында көрінеді. Оңтүстіктегі халықтың ораташа еңбекақысы айына 109 мың теңге. Одан кейін Жамбыл мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы орташа еңбекақы көлемі тиісінше 112,3 және 113,3 мың теңге.

Салалар бойынша ең "бай" қызметкерлер қаржыгерлер мен сақтандырушыллар. Бұлардың ай сайынғы еңбекақысы былтырғыдан 8,1 пайызға өсіп 323 мың теңгеге жетіп отыр.

Екінші орында кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет мамандары. Бұл сала өкілдері жалақысы 16,2% өсіп айына 296,3 мың теңгеге жетті.

Үшінші орындағы ақпарат және байланыс өкілдері жалақысы былтырғы үш айдағыдан 16,1% ұлғайып 253 мың теңгені құрады.

Өсім қарқыны 16,4%-ды  құраған ауыл, орман және балық шаруашылығындағы жалақы ең қарқынды ұлғайды демесеңіз, олардың көлемі әлі де республика бойынша ең төменгі орында, айына 93,2 мың-ақ теңге.

Жалақысы аз салалар қатарында Ұлттық экономика министрлігі мәліметінше денсаулық және әлеуметтік қызмет, білім салалары бар. Дегенмен аталған екі саладағы жалақы өсімі төмен емес, былтырғымен салыстырғанда тиісінше 13,8% және 15,1% ұлғайып отыр.

Ал қонақтану және тамақтану саласындағы жалақы былтырғы бірінші тоқсандағымен салыстырғанда керісінше 0,2% азайып кетіп 145,9 мың теңгені құрады.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу