Атыраулықтар арзан жұмыс күші қажет болған жағдайда Өзбекстан, Қырғыстан, Тәжікстан азаматтарының еңбегіне жүгінеді. Тұрғындар жалданып жұмыс істейтін адамдарды негізінен үй қызметі мен құрылысқа салады. Бір айта кетерлігі, Қазақстанға нан табу үшін келген шетелдіктердің барлығы бірдей жалдамалы жұмысшы болып табылмайды. Себебі олардың арасында біздің елге арнайы квотамен келген, жоғары білімді мамандар бар. Міне, осы санаттағылар Қазақстандағы ірі компанияларда жұмыс істейді.
Былтыр Атырау облысына шетелдіктердің келіп еңбек етуі үшін 10 272 квота бөлінді. Нәтижесінде өзге елдің 6 мың азаматына қызмет ұсынылды. Бұлардың арасында 250 шетелдік маман мұнай компанияларына қызметке қабылданды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиеваның сөзінше, Атырауда шетелдіктерге бөлінген квотаның басым бөлігі құрылыс, өңдеу және білім беру салаларын қамтыған.
Сырттан келіп жұмыс істейтіндердің көшін қытайлықтар бастап тұр. Олардың саны - 1919 адам. Екінші орындағы түріктердің қарасы -1718 жұмысшыны құрап отыр. Сонымен қатар Атырауда Үндістаннан - 583, Венгриядан - 733,Ұлыбританиядан - 879, Өзбекстаннан - 621,Украинадан - 127, Ресейден - 280 адам келіп, жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, заңның тиісті талаптары сақталған жағдайда шетелдік азаматтар қызметке кедергісіз қабылданады. Дегенмен қай жұмыс орнында болмасын шетелдік және отандық жұмысшылардың пайыздық көрсеткіші сақталады.
2017 жылғы 1 қаңтарға дейін сырттан қызметкер тартқан шетелдік фирмалар жергілікті мамандарды оқытуға міндетті болды. "Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат бергені және ұзартқаны үшін алым мөлшерлемесін белгілеу туралы" ҚР үкіметінің 2016 жылғы тамыздағы №459 қаулысына сәйкес, 2017 жылдан бастап алым мөлшерлемелеріне сәйкес салық алымы алынады. Салық алымының мөлшері шамамен 137- 250 АЕК аралығын құрайды. Бұл шет мемлекеттен жұмысшы тартқан мекеме олар үшін ҚР бюджетіне ақша төлейді деген сөз. Атап көрсетерлігі әр маманның жұмыс нарығына қажеттілігіне сай салық алымының мөлшері өзгеріп отырады. Мысалы, ауыл, орман және балық шаруашылығындағы 1 санатты шетелдік жұмысшылар үшін 310 мың 853 тенге, екінші санаттағы жұмыс күшіне 358 мың 502 мың тенге, құрылыс саласындағы 1 санатты шетелдік мамандар үшін 387 мың 999 тенге, ал екінші санатты жұмысшылар үшін 449 мың 262 теңге төленеді.
"2017 жылы шетелдік жұмыс күшінің есебінен бюджетке 2 млрд-тан астам қаржы құйылды", – деді Балдай Өтеғалиева.
Колумбиядан келген Данэль Неэтон есімді азамат 2 жылдан бері Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істейді. Ол химия пәнінен сабақ береді. "Қазақстан маған қатты ұнайды, бұл елдің халқы өте қонақжай", – дейді ол.
Үкіметтің көші-қон саясаты Қазақстанға келіп жұмыс істейтіндерді 2 топқа бөледі. Елімізге мемлекеттік квотамен келген шетелдіктер жұмыс күші болып саналады, ал өздері жұмыс іздеп келгендер еңбек мигранттары болып есептеледі. Айта кетерлігі, екі санаттағылар да мемлекетке салық төлейді.
"Бізге келетін еңбек мигранттарының көпшілігі құрылыс саласында жұмыс істейді. Себебі қазір Атырауда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Еңбек мигранттары 5 күн ішінде тіркелуі керек. Сонымен қатар олар тек жеке адамның жұмысын істей алады", – деді Атырау облыстық ІІД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Болат Досқалиев.
Шетелден келіп жұмыс істейтіндер өзге елдерде де бар. Мысалы Мәскеуде "Азаматтарға қолдау" атты адам құқығын қорғайтын топ құрылған. Мұндағылар үнемі еңбек мигранттарына жақтасып жүреді. Себебі бұл елде алдау-арбау, жұмыс іздеп келгендердің құжаттарын тартып алу, құлдыққа салу сынды заңға қайшы әрекеттер жиі болады.
"ТМД елдеріндегі миграция мәселелері бойынша сарапшы Рафис Абазов BizMedia сайтына берген сұхбатында: "Өзбекстан мен Қырғызстанның еңбек мигранттары елдеріне қайтуға қорқады, өйткені олар өз жерлерінде жұмыс табылатынына сенбейді. Өзбек азаматтары туған жерлерін жақсы көреді, бірақ тіршілік қамы мен жұмыс көзінің тапшылығы оларды елден жырақта жүруге мәжбүрлейді", – деген пікір білдірген. Қазір Өзбекстан үкіметі халыққа жұмыс тауып беруге барынша әрекеттеніп жатыр. Өзбек билігі халыққа ақша табуға мүмкіндік беру үшін мақта плантацияларында жұмысшы санын көбейту мақсатында техниканы қысқартып, қол еңбегін пайдалануға көшуде. Қазақстан азаматтары да шетелде жүр. Бірақ олардың жағдайы ТМД елдерінен келген келімсектер сияқты емес. Шетелде жүрген Қазақстандық азаматтар білім алып немесе біліктілігі жоғары маман ретінде жұмыс істеуде", – деді бізге экономка ғылымының кандидаты Бақытбек Таубаев.
Ясмин Алматқызы