Тұрғындар жалпыға ортақ мүліктің жағдайына әлі де немқұрайлы қарайды

21031

Энергия үнемдеуші технологияларды енгізу арқылы ескі тұрғын үй қорын "жасыл" жаңғыртудың пилоттық жобасы меншік иелерінің түсінбеушілігіне тап болды.

Тұрғындар жалпыға ортақ мүліктің жағдайына әлі де немқұрайлы қарайды

Бүгінде еліміздің тұрғын үй қоры жаңғыртуды қажет етеді. Есепте тұрған 78 мың көпқабатты үйдің 20 мыңының жағдайы нашар. Үйлердің тозуы жылу және энергия шығындарын, сәйкесінше жылуды жалпы тұтынуды екі есе көбейтіп, бұдан елораданың ЖЭО-сы артық отын шығындауға әкеледі. Жергілікті билік қиындықтың бар екенін мойындап отыр. Әкімдік БҰҰ-ның дамыту бағдарламасымен бірігіп, "жасыл" шешімдерді қолданып, тұрғын үй орамын жаңғырту бойынша пилоттық жобаны іске асыруда. Алайда бұл жоба меншік иелерін қызықтырмады. Пәтер иелерінің бір бөлігі өзіне келетін пайда жоқ екенін түсінгенен кейін, немқұрайлық танытып отыр. Бас қаладағы пилоттық жобаның қалай іске асып жатқаны жайлы abctv.kz-ке БҰҰ-ның дамыту бағдарламасы – Жаһандық экология қоры жобаларының координаторы Александр Белый әңгімелеп берді.

Ауаға кеткен жылу
Астанадағы типтік тұрғын үй орамын және қала маңы аумағын кешенді төмен көміртекті модернизациялаудың пилоттық жобасын әкімдіктермен бірлесіп Қазақстандағы БҰҰДБ іске асырып жатыр. Бұл бастама 2018-2020 жылдарға арналған Астана қаласының қоршаған ортасын сауықтыру жөніндегі шаралардың кешенді жоспарына енген. Аталған жоба тұрғын үйлердің энергия тұтынуын төмендетуімен қатар, кешенді жаңғыртудың оңтайлы моделін және кейін қала аумағын басқару, сондай-ақ қаржыландырудың тетігін өңдеу үшін іске қосылып жатыр.

Жобаға қатысу үшін 50 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан бес типтік үй таңдап алынды. Бұл үйлердің ескіргендігі сонша – ғимараттардың жылу шығыны өте жоғары. Осындай нысандар елімізде көптеп кездеседі, егер пилоттық жоба өзінің тиімді екенін көрсетсе, онда бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірінде қолдануға болады.

"Бұл жерде әңгіме қолайлық жайында болып отыр. Бұл үйлерге жөндеу жұмыстары қажет-ақ. Бұл үйлерге жылу көп көлемде келетіндіктен ғана жылы болып отыр. Ал Астанада қазірдің өзінде ауаның ластану өзекті мәселеге айналған. Қаладағы ЖЭО-ның қалдықтарын азайту керек, сондықтан үйлерге жылу энергиясы аз кету үшін оларды қаптау қажет. Астана қаласы әкімдігі мұны жақсы түсініп, жасыл жаңғыртуға жол ашып отыр", – деп Александр Белый тұрғын үй секторын жаңғыртудың маңыздылығын атап кетті.

Жоба тұрғын үй орамының инженерлік желісін (кәріз, су құбырлары, электр желісі) ауыстыруды, орамның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуды (балалар алаңын қайта қалыпқа келтіру, орам тұрғындарының демалатын орнын, автотұрақ), LED-жарықтандыруды, велосипед тұрағын орнату, қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинауды, энергетикалық жаңғыртуды қарастырады.

Осының барлығы пәтер иелерінің жылу, электр энергиясы, ыстық суды пайдалануға төлейтін шығындарын қысқартады деп болжануда.

"Шығыстардың кейбір позициялары бойынша екі есе қысқару бар. Мысалы, жылу мен жарық. Жылу және электр энергиясын нақты үнемдеу шамамен 40 пайыз болады. Осыдан барып, аталған тұрғын үй орамы жалпы СО2 эмиссиясын төмендетуге көмектеседі. Бұл шамамен парникті газдарға шығатын 1000 тонна көмір қышқыл газының жанама қалдықтары. Жобаның жалпы өміршеңдігін алып қарайтын болсақ, халықаралық әдістеме бойынша бұл 15 жылдан 20 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Аталған уақыт ішінде тап осы жаңғыртудан өткен орам эммисияның шамамен 20 мың тонна көмір қышқыл газына төмендеуіне септігін тигізеді", – деді Александр Белый.

Жоба 2018 жылы басталған. Бүгінгі күні тұрғын үй орамын жаңғыртудың шеберлік-жоспары дайындалып, жылуды жаңғырту, кіреберісті жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қымбат, дегенмен өзін ақтайды
Қаланың орамын қайта қалыпқа келтіру аралас қаржыландыру моделі арқылы орындалатын болады. Алдын ала есептеу бойынша, үй маңы аумағын ескермегендегі бес ғимаратты жаңғыртуға 300 млн теңге жұмасалады. Мұның 237 млн теңгесі БҰҰ-ның дамыту бағдарламасының гранты есебінен жабылады. Ал қалған бөлігін меншік иелері төлеуге тиіс. Сонымен қатар Астана қаласының бюджетінен қосымша қаражат тартылатын болады.

"Басты мақсат тек техникалық жақтарын ғана көрсету емес, сондай-ақ осы үдерістің қаржылық жақтарын іске асыру. Өйткені жаңғырту жұмысы үнемі қымбат болатыны белгілі. Егер қаржыландырудың тек бір ғана көзін қолданып, барлығын халықтың мойнына артып қоятын болсақ, онда қымбат болатыны анық. Ал тек бір бюджетке сенетін болсақ, ол да қиын болады", – деп атап кетті БҰҰДБ-ЖЭҚ жобаларының үйлестірушісі.

БҰҰДБ гранттары орнын толтыру қиын болатын энергия үнемдеуші шаралар – ғимараттың алдыңғы қабатын қаптау, балкондарды қаптап-жақсарту жұмыстарына жұмсау жоспарланып отыр.

Меншік иелерінің жарнасы есебінен ТКШ-ның жаңғырту бағдарламасы арқылы шатырды гидрооқшаулау және жылыту, сондай-ақ энергия үнемдеуші шараларға кірмейтін – үй астындағы жайдағы таратушы кәріз құбыр желілерін, төбенің су ағатын жүйесін, ғимараттың төсеніштерін айырбастау жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.

"Орташа статистикалық отбасы көтере алатындай етіп оңтайлы есептедік. Адамдарға жүктеме айтарлықтай болатынын жақсы түсініп отырмыз, алайда тұрғындар коммуналдық қызметке де көп ақша төлегенін қаламаймыз. Үнемделген жылу энергиясы есебінен төлемдердің шамамен 50 пайызы жойылатын болады. Түпкілікті есептеулер ЖСҚ есептелгеннен кейін тұрғындармен заңға сай келісіледі. Ал жоба тұрғындармен мақұлданады. Осыдан кейін, заңға сәйкес мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей инвестицияларды қайтару келісімшарты жасалады. Адамдар қаражаттың бір бөлігін біз, бір бөлігін олар, бір бөлігін әкімдік төлейтінін түсіну керек", – деді БҰҰДБ координаторы.

Жергілікті бюджет орам ішіндегі кәріз, су құбырларын және электр желілерін, желілік кәріз жабдықтарын айырбастау, газгольдерлерді қайта қалыпқа келтіру, қоқыс жинауға арналған алаң, сонымен қатар орамды көгалдандыру, асфальт жабынын жаңарту, балалар алаңын қайта қалыпқа келтірумен айналысады.

Меншік иелері немқұрайлы
Жоба правайдерлері үшін пәтер иелерінің кері реакциясы мен немқұрайлық танытуы басты қиындық болды. Орамды жаңартуға тұрғындардың барлығы бірдей келісіп отырған жоқ. Жоспарланып отырған жаңғыртуға бес үйдің тек тек үшеуі ғана келісіп отыр.

"Бұған көптеген себеп бар. Оның ішінде ортақ мүлікке деген немқұрайлылық басым. Жақында делегациямен Эстонияда болдық. Ол жақтағы адамдар үйлерінің сыртының қалай болса- солай тұрғанын қаламайтынын көрдік. Өкінішке қарай, біздегі адамдардың көбісіне бәрібір, тек пәтері жақсы болса болды. Оларға үйлерінің сырты қандай екені тіпті қызықтырмайды", – деп түсіндірді Александр Белый.

Процесті тұрғын үй қатынасы саласындағы шешім қабылдау тетігінің қиын болуы да күрделендіріп жіберді. Жаңғырту жүргізу үшін әр тұрғыннан келісім алу керек, сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама бойынша келісімшарт жасау керек деп отыр БҰҰДБ өкілдері.

"Жобалық шешімдерді мақұлдау тетігі де өзгертуді қажет етеді. Жобалауға кірісу үшін бізге әкімдіктің бұйрығы қажет болды. Ал әкімдік бұйрық шығару үшін меншік иелерінің келісімін алу керек. Меншік иелеріне барсақ, олар бұның барлығына қанша төлеу керек болатынын сұрайды. Біз ЖСҚ жасамай тұрып мұны айта алмаймыз. Сөйтіп шыр айналып жүргенің. Ақыр-соңында пәтер иелері келісім беруден бас тартады", – деп Александр Белый қандай қиындықтар болғанын тізіп шықты.

Бұл жобадағы қаржыландырудың құрамдалған кестесі де пәтер иелерін шошытып отыр.

"Адамдар әкімдік істеп бергенге немесе өздері ақша жинағанға үйреніп қалған. Аралас қаржыландыруда кедергі болып отыр. Қалай болғанда да мәселе бар. Сондай-ақ үйде жатып тон пішетіндер де мәселені ушықтырып жіберді. Олар пәтер иелері үйді жаңғыртуға келісетін болса, онда олардың мойнына кредитті іліп қояды дегенді айтқан. Әрине, адамдар бізден гөрі көршісіне сенеді", – деп қорытындылады Александр Белый.

Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу