"Жалпыұлттық шағым кітабын" енгізу ұсынылды

3305

Бірақ бұл идеяға Үкімет қарсы шығып отыр.

"Жалпыұлттық шағым кітабын" енгізу ұсынылды

Министрлер кабинеті "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобаларын әзірлеу үшін сарапшылар тартқан. Жұмыс тобы аясында сала мамандары "тұтынушылар мәселелерін шешудің либералды әрі тың тәсілін" ұсыныпты.

Мәселе "жалпыұлттық шағым кітабы" туралы болып отыр.

Мысалы, аурухана, емхана, клиника, сауда орындары және басқа мекемелерде наразы тұтынушылар "Шағымдар мен ұсыныстар кітабын" талап етіп, онда талап-тілектерін жазып қалдыра алады. Алғысын да соған түсіретіні мәлім. Осындай шағым кітабының болуын бизнес субъектілерінен заң талап етеді.

Кейін бақылау-қадағалау органдарынан тексерушілер келсе, олар бірінші кезекте осы кітапқа үңілуі мүмкін.

Сарапшылар жаңа заң аясында Қазақстанда "Тұтынушылардың шағымдары, пікірлері мен ұсыныстарының Бірыңғай электрондық кітабын" енгізу бастамасын көтерді. Әйтпесе, қазіргі кезде қазақстандықтар арыз-шағымын "Электронды Үкімет" порталында, әр мекеменің сайттарында, 2ГИС-те, әлеуметтік желілердегі топтарда қалдырып жүр. Сондай-ақ жеке сектордың "жалобы.kz" секілді шағымдар мен пікірлердің ортақ кітабын жасау талабынан көп нәтиже шықпады.

Сол себепті мамандар мұндай бастама мемлекет тарапынан қолға алынуы керек деген байламға келген.

Оның үстіне "қаралы қаңтар" оқиғалары халықтың талап-пікірін, мұң-мұқтажын білуге арналған түрлі диалог алаңдары тиімді жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. 

"Шағым кітабы секілді дауларды сотқа дейін реттеуге ықпал ететін мұндай тетік посткеңестік кеңістікке бұрыннан бар, патшалық Ресейде революцияға дейінгі кезеңде қолданыла бастаған. Дегенмен тұтынушылық талаптарды реттеудің пәрменді құралы ретінде ол кеңес заманында танымал болды. Қазір бұл құралды қайта форматтау және қазақстандықтар қалдырған жазбалар мен мәліметтер сақталуы үшін цифрландыру қажет", – делінген сарапшылар талдауында.

Құжатта бұл үшін жеке портал ашу керек болмайтыны айтылған. Шағымдардың электронды кітабы E-tutynushy порталының құрамдас бөлігіне, бір функционалына айнала алады. Қазіргі кезде бұл портал құрылған. Бірақ пайдалану тым күрделі болғандықтан, ол сол бойы халық арасында үлкен сұранысқа ие бола алмады.

Бастамашылардың байламынша, осы порталға түскен шағымдарды қараудың қорытындысы қандай да бір кәсіпкерлік субъектісін жосықсыз кәсіпкер деп тану мәселесін қарауға негіз болуға тиіс.

Сонда бұл тетік тегеурінді болады, бизнесмендер дәл осы "шағым кітабына" еніп кетуден сескенеді, оған жібермеу үшін көңілі толмай, өзіне арыз-претензиямен жүгінген клиентін райынан қайтарып, көңілін табуға ұмтылатын болады. 

Билік не дейді?

Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ондай идеяны құптамай отыр. Ведомствоның пікірінше, мұндай тетіктер бизнесмендердің беделін түсіруге, аты мен брендін қаралауға пайдаланылуы ықтимал. Бұл онсыз да буыны бекімеген шағын және орта бизнестің біраз нысанының жабылуына соқтыруы ғажап емес.

"Егер мұны заңдастырсақ, тұтынушылардың құқығын сақтау саласындағы кішкене ғана қателік кәсіпкердің қызметіне тыйым салуға соқтырады. Сайып келгенде, мұндай санкциялар ішкі нарықтағы кәсіпкерлік субъектілерінің өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне, тұтастай алғанда елдегі инновациялық белсенділік пен экономиканың дамуына, тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына, сондай-ақ халықаралық сауда мен халықаралық инвестициялық ағындарға теріс әсер етеді", – деп түсіндірді СИМ комитеті.

Оның үстіне артынан ойласа келе, ақыры клиентінің талабын қанағаттандырған кәсіпкердің атын "Бірыңғай шағым кітабынан" алып тастау қиын болады және ұдайы модерация жүргізу, түрлі есептер қабылдап, толтыру қажет болады. Ол болмаған соң кәсіпкерлерде шағым кітабындағы талапты орындауға ешқандай ынта-стимул қалмайды.

Сонымен бірге бастамада шағымдар жала емес, адал болуы үшін "Тұтынушылардың шағымдары, пікірлері мен ұсыныстарының Бірыңғай электрондық кітабына" тек онда тіркелген адамдарға ғана өтініш жазуға мүмкіндік беру ұсынылыпты.

Комитеттің пайымынша, мұндай адамдардың қарасы тым аз, шектеулі болады. Қазақстандықтардың көбі шағымды аноним жазады. Алаяқтар қаптаған заманда деректерін әр жерде қалдырып, тіркеле беруден қаймығады.

Қазақстанның ересек халқын, яғни саналы тұтынушыларды осы порталда тегіс қамту үшін нақты ынталандыру шараларын қарастыру қажет болады, ал бұл қосымша шығын деген сөз.

Оның орнына комитет "Адал кәсіпкерлердің тізілім-реестрін" жүргізуді қарастыруда.

Бұл тетік "Халал" өнімдер тізіліміне ұқсас. Егер жүйеде белгіленген талаптарды сақтамаса, бұл қатардан шығып қалады, тиісті таңба-белгісінен айырылады. Мұндай тетік кәсіпкерлерді адал болуға көбірек ынталандырса керек.

Сондай-ақ тұтынушылар "Адал кәсіпкерлердің тізіліміндегі" бизнес өкілдеріне сенім артуға болатынын біледі.

Бірақ бұл тетік те пысықтай түсуді қажет етеді. Мысалы, қандай меморган немесе қоғамдық ұйым кәсіпкерлерді адал-арамза деп бөлу құзыретіне ие болмақ? Қандай өлшемшарт-критерийлер қолданылмақ? Оған жосықсыз кәсіпкерлер жемқорлық жолымен еніп кетпеуі үшін қандай тосқауыл-кедергілер қарастырған жөн?

Осыған орай жоғарыда аталған заң жобалары аясында жаңа бастамаларды талқылау одан әрі жалғасуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу