Жалпы, 2011 жылғы желтоқсандағы және 2022 жылғы қаңтардағы бас көтерулерімен шенеуніктердің жүрегін шайлықтырған жалғыз Маңғыстау өңірімен шектеле бермей, биліктің Жамбыл облысына да баса көңіл бөлгені маңызды.
2020 жылғы ақпанда әлемдік беделді ақпарат құралдарының өзі шошына жазған, ресми дерек бойынша оннан аса адам қаза тауып, екі жүздейі жараланып, жүздеген нысан зардап шеккен Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі бір қақтығыс – Қордай оқиғасының басқа емес, Жамбыл облысында өтуінің де терең сыры бар.
Өкінішке қарай әкімқаралар одан сабақ алмағанға ұқсайды. Өйткені облыста әлеуметтік, экономикалық түйткілдердің түйіні тарқатылмақ түгіл, барған сайын шиеленісе түсуде. Мұны ресми мәліметтер де, жамбылдықтардан жоғарыға жауған арыз-шағымдар да паш етті.
Өлкеде былтыр бірнеше рет төтенше жағдай жарияланды. 2023 жылғы тамызда Жамбыл облысының алты ауданында су тапшылығы және қуаңшылық кесірінен төтенше жағдай режимі енгізілді. Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов пен Талас аудандарында егістік суаруға тамшы су табылмай, егіннің үлкен бөлігі күйіп кетті, диқандар қиналып, ел тарықты. "Қазгидромет" кезекті болжамында қазірден бұл өңірде аптап ыстық басталғанын айтып, дабыл қағуда.
Синоптиктердің жорамалынша, Жамбыл өңірінде қуаңшылық осы маусым айынан басталады деп күтіліп отыр. Ал бұл облыс сумен қамтылуда 80% Қырғызстанға тәуелді.
Үкімет сол жағдай биыл қайталана ма деп қауіп қылады. Оңтүстік өңірлерді суармалы сумен тұрақты қамту шаралары Үкіметтің ерекше бақылауына алынды.
"Оңтүстік үшін сумен қамтамасыз ету мәселесі өмірлік маңызды. Жамбыл облысында былтырғыдай жағдай қайталанбауға тиіс! Су ресурстары және ирригация министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің оңтүстік өңірлерінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын", — деді таяуда Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Негізі, облыстағы шенеуніктердің шаруаға қырсыздық танытып, су ресурсын рәсуа етуі бұрынғы Үкімет басшысының сынына қалды.
Әлихан Смайыловтың мәліметінше, Түркістан, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған – нәтижесінде 40% су босқа ысырап болуда.
Қыс та аққұла осы өңірді қатты қысты. 15 желтоқсанда Жамбыл облысында табиғи сипаттағы ТЖ жарияланды, 5 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Үскірік аяз ұрып, ақтүтек боран соғып, республикалық маңыздағы барлық автожолдар, соның ішінде "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" дәлізі 12 желтоқсаннан бастап бірнеше күнге жабылды.
Жамбыл облысы жаңа апаттардан еш қорғалмаған. Өткен аптада облыстық прокуратураның Үйлестіру кеңесінің отырысында төтенше жағдайлардың алдын алу проблемаларын қарастырған сарапшылар осындай көңілсіз байламға келді.
"Бүгінде өңірде азаматтық қорғаныс жүйесі толық көлемде тұрғындарды қорғауды қамтамасыз етпейді", – деп мәлімдеді Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров.
Ал, бұл жүйеге жергілікті билік жауапты. Прокуратураның тексеруінің қорытындысында азаматтық қорғау күштерін жасақтауда, эвакуациялық пункттердің дайындығында, халықты хабардар ету жүйелерінде бірқатар бұзушылықтар анықталды.
Тексерістер көрсеткендей, жамбылдықтар төтенше жағдай кезінде эвакуациялық пункттермен тиісті қамтылмаған. Сонымен қатар халықты құлақтандыру жүйесі де кінәратқа толы. Облыста тек 119 дабылдатқыш (жалпы қажеттіліктің 21%-ы ғана!) жұмыс істейді. 7 коммуналдық су қоймасында құлақтандыру жүйесі мүлдем жоқ.
Прокурордың айтуынша, төтенше жағдайлардың қауіп-қатері туралы халықты жедел ақпараттандыру мәселелерінде кемшіліктер бар, бұл халықтың негізді сынын туғызып жатыр.
Облыста 10 мыңнан астам адам су тасқыны қаупі бар жерлерде тұрады. Мәселен, прокурорлар 6 тұрғын алабы орналасқан Аса өзенінің бойында пайдалы қазбаларды өндіру жүзеге асырылғанын әшкереледі.
Жаға бұзылып, су шаруашылығы қызметінің режиміне нұқсан келіп, өзеннің елді мекенді шайып кету қаупі туындаған. Талас өзенінің бойында, елді мекендерге жақын жерде ықтимал қауіпті учаскелер анықталды.
Облыстың 5 ауданында ақпарат алмасудың болмауы кесірінен су қоймаларының шектен тыс толып кетуі үшін алғышарттар жасалған.
Биліктің баса мән бермеуі салдарынан, құрғақшылық пен аптап аңызақтан табадай қызған өңір тілсіз жау алдында да дәрменсіз көрінеді.
Прокуратураның тексеруі әшкерелегендей, облыста өрт қаупі бар 500-ден астам ірі нысанның болғанына қарамастан, өңірде өрт сөндіру қызметтерінің бөлімшелері жеткілікті жарақтандырылмаған. 2023 жылы дала және орман алқаптарында 50-ден астам өрт пен өрттің тіркелуіне қарамастан, орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу мәселесі шешілмеген күйінде қалып тұр.
Бетін аулақ қылсын, бірақ табиғи және техногендік апаттар бола қалса, оның бәрі онсыз да тұрмыс ауыртпалығынан титықтаған жұртшылық арасында әлеуметтік кернеуді өршітуі ғажап емес.
Негізі, басшысы білікті болса, Жамбыл облысының кері кететін жөні жоқ. Жері шүйгін, қойнауы қазыналы. Адами ресурстары да мол. Халқының саны жөнінен 20 өңір арасында 7-орында тұр. Биылғы мамырдағы жағдай бойынша 1 миллион 223 мыңнан астам адам тұрып жатыр.
Бірақ сонда да жамбылдықтар – қазақстандықтар ішіндегі ең кедейлерінің қатарында. Салдарынан, олардың әл-ауқатын көтеру мәселесіне орталық билікке бас қатыруға тура келуде. 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдықтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған "Ауыл аманаты" бағдарламасын іске асыру басталды. Тиісінше, оның аясындағы қолдау шаралары да бірінші кезекте кедей өңірлерге бағдарлануда.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, мембағдарлама аясында қаражаттың негізгі бөлігі – 70%-ға жуығы Жамбыл (24,1 млрд теңге), Түркістан (19,8 млрд теңге), Ақтөбе (16 млрд теңге) және Алматы (8,3 млрд теңге) облыстары үшін қарастырылған.
"Өйткені Қазақстандағы табысы тіпті ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен отбасылардың басым бөлігі – дәл осы облыстарда. Сондай-ақ дәл осы облыстарда еңбекке жарамды адамдары көп бола тұра, бірде-бірі жұмыспен қамтылмаған отбасылар жетерлік", – деді вице-министр.
Сорақысы сол, осы өңірлер "өз тұрғындарыңның тұрмысын көтер" деп орталықтан жолданған қаражатты қажетке жарата алмай отырған көрінеді. Ербол Тасжүреков биылғы наурыз соңындағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 82,4 миллиард теңге сомасына 13,2 мың арзан шағын несие берілгенін айтты. Бұл ретте Жамбыл облысы қаражатты игере алмауда: 3 миллиард теңге игерілмеген.
Қазыналы өлке тұрғындарының кедей екенін Ұлттық статистика бюросы да растады. 2024 жылғы I тоқсанда Жамбыл облысында қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 282 100 теңгені ғана құрады.
Салыстырсақ, ҰСБ дерегінше, Қазақстан бойынша орташа жалақы – 382 279 теңге. Яғни, жамбылдықтардың орташа жалақысы республикалық деңгейден жүз мың теңгедей, айтарлықтай аз.
Бірақ жамбылдықтардың көбісінің табысы орташадан да төмен. Ұлттық статбюро 2023 жылғы IV тоқсанда облыс халқының жан басына шаққандағы орташа атаулы табысы бағалау бойынша небары 139 608 теңге болғанын жариялады.
Содан болса керек, облыста демографиялық дағдарыс белгілері байқалады. ҰСБ мәліметінше, Жамбыл облысында халықтың табиғи өсімі 2024 жылғы бірінші тоқсанда 4 213 адамды ғана құрады. Салыстырғанда, 2023 жылдың сәйкес кезеңінде – 4 451 адам болған.
2024 жылғы қаңтар-наурызда жамбылдық аналар 6 058 сәбиді дүниеге әкелді. Көрсеткіш 2023 жылғы қаңтар-наурыздағыдан 2,7% кеміді. Қайтыс болған жамбылдықтар саны 1 845 адамды құрап, 2023 жылғы қаңтар-наурыздағыдан 4,1%-ға көбейді.
Жамбыл облысының экономикасында да деградация басталғанға ұқсайды. 2024 жылғы қаңтар-сәуірде 2023 жылғы сәйкес мерзімге қарағанда, облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы бар-жоғы 99,4% құрап, кері кетті.
"2024 жылғы бірінші тоқсанда облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағамен небары 258 млрд 803,7 млн теңгені құрады, бұл 2023 жылғы қаңтар-сәуірдегімен салыстырғанда 9% кем!", – деді Ұлттық статбюро сарапшылары. Тоғыз пайызға құлдырау дабыл қағуға тұрарлық жайт болса керек.
Алаңдатарлығы сол, Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібі құрдымға құлауға шақ тұрғандай. Биыл оның өндірісі рекордтық 17,5%-ға кеміді.
Байырғы замандардан бері Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан бұл өңір тасымал-транзиттен ауқат жиып келген еді. Бұл секторда да стагнация нышандары аңғарылады, өсімі тым мардымсыз. 2024 жылғы қаңтар-сәуірде көліктің барлық түрлерінің жүк айналымы 13 млрд 966,8 млн тонна-шақырым ғана болды. Өсім 101,8% ғана.
Биылғы қаңтар-сәуірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің және қызметтерінің жалпы шығарылымы 62 млрд 144,4 млн теңгені немесе 2023 жылғы қаңтар-сәуірдегімен салыстырғанда 102,9%-ды құрады. Қарқынды өсім байқалмайды.
Түркістан облысы сияқты, Жамбыл облысы да сыртқы сауда-саттықты, экспортты дамытуды құлдыратып, аутсайдерге айналды. Алдын ала деректер бойынша 2024 жылғы қаңтар-наурызда алыс шетелді айтпағанның өзінде, іргедегі Еуразиялық одақ елдерімен өзара саудасы 39 265,9 млн долларды құрап, 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда бірден 54,7% азайды. Соның ішінде экспорт – 10 686,3 млн доллар ғана болды және 57,5%-ға құлады. Импорт – 28 579,6 млн доллар: 53,6%-ға азайды.
Жамбыл облысынан сайланған сенатор Сәкен Арубаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында өңірдің ауыл шаруашылығында қалыптасқан ауыр жағдайдан хабар берген болатын.
Мысалы, бұрынғы әкім тұсында, 2023 жылы Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бөлінген 30,6 млрд теңге қаржыға 11 мыңнан астам (өңірдегі шаруашылық құрылымдарының 63%-ы) ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсетілді.
"Ал, биылғы жылы облыста белгіленген 9,8 мың гектар алқапқа қант қызылшасы дақылын егу нормативіне сәйкес жоcпарлы өндірілетін 346 мың тонна өнім көлеміне қажетті қаражат 8,6 млрд теңгені құрағанымен, бұл бағытқа 2 млрд теңге ғана жоспарланған. Оған қосымша, 41,5 мың тонна минералды тыңайтқыштарды субсидиялау арқылы егістік алқаптардан алынатын өнім көлемін арттыруға қажетті 3,1 млрд теңгенің қаралмағаны тағы бар. Бұдан бөлек, осы жылға мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 5,3 млрд теңге қаржы бөлінгенімен, 2023 жылдан қалған резервтегі 1182 өтінімнің қарыз сомасы 2,6 млрд теңгені құрап, мал шаруашылығының да мазасы қашуда", – дейді сенатор.
Қарапайым жамбылдықтардың да айтар шағымы жетерлік. Мысалы, тұрғын Дәулет Темірғали облыста ғана емес, Тараз қаласында да жылда дүркін-дүркін автогаз тапшы болып тұратынын айтады. Мысалы, желтоқсанда біраз ЖҚС-тарда автогаз жоғалып кеткен. Барын "заправкілер" талонмен ғана сатқан.
Бүгінде облыста 30 газ желісі ұйымдары 200-ден астам автогаз құю станциялары арқылы сұйытылған мұнай газын сатады. Алайда оның басым көпшілігі – 124-і бір ғана Таразда шоғырланған. Олардың кейбір кезеңде автогазды "лимитпен" немесе талонмен сататынын бұған дейін әкімдік те мойындаған болатын.
Алда, 1 шілдеден бастап бүкіл Қазақстан бойынша автогаз бағасы күрт қымбаттағалы тұр.