Жамбыл облысында 50 мектепте директор жоқ

8358

Қазақстан бойынша биылғы жаңа оқу жылын 811 мектеп директорсыз қарсы алған.

Жамбыл облысында 50 мектепте директор жоқ Фото: ашық дереккөз

Жамбыл облысының білім саласында бауын тапса, байлауын таппай келе жатқан мәселелер жетерлік. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, әсіресе аймақта бүгінде мектеп директорларының тапшылығы өткір мәселеге айналып тұр. 

Жалпы тек Әулиеата өңірінде ғана емес, республикада бірінші басшысыз қалған мектептер саны аз емес екен. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстан бойынша биылғы жаңа оқу жылын 811 мектеп директорсыз қарсы алған. Ал Жамбыл облысында мектеп директорларының бос тұрған орындарының саны 43 болған. 

Оқу жылы басталғалы да бес айға жуық уақыт өтті. Екі тоқсан артта қалды. Сондықтан көрсеткіш төмендеген болар деп ойлағанбыз. Алайда керісінше өспесе, кемімеген екен. Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Құқықтық қамтамасыз ету және педагог кадрлармен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Қарлығаш Қонысбекованың айтуынша, облыс бойынша бүгінгі күні 50 мектеп директорының орны бос тұр. Мәселенің мәнісін сұрағанымызда бас маман қысқа ғана жауап қайырды. 

"Конкурс жұмыстары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы" №57 бұйрығына сәйкес бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымдарына конкурс жұмыстарын жүргізеді. Конкурсқа қатысуға ниет білдіретін үміткерлерге арналған ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан ұйымдастырылатын біліктілік тесті уақытша тоқтап тұруына байланысты, конкурс жұмыстары қаңтар айының аяғында берілетін болады", - дейді Қарлығаш Қонысбекова.

Мәселен бір ғана Т.Рысқұлов ауданында қазіргі таңда 7 мектептің директоры жоқ көрінеді. Жуырда белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық "Facebook" әлеуметтік желісіндегі парақшасында аталған аудандағы директорлардың мәселесі және білім саласындағы басқа да былықтар жайлы жазба жариялады. Шынымызды айтсақ, жазбаны оқып отырып жағамызды ұстадық. Оқырманға да түсінікті болуы үшін журналист жазбасын сөзбе-сөз беруді жөн көріп отырмыз.

"Алақандай ауданның 7 мектебінде директор жоқ. Өңшең ИО-лар екен. Алды жылдан асқан, арты алты ай. Жаңатұрмыс ауылында - 1 жыл, Зернософхозда - 6 ай, Малдыбайда - істі болған, Б.Момышұлы мектебінде оқушы зорланып, төбелес жиілеп кеткендіктен ауыл болып шулап директорын қуған. Қызығы ол директор Арай массивтегі жаңа мектепте ИО. Ал Жақсылық ауылы мектеп директорының мерзімі бітіп, міндетін атқарушы болып отыр. Әлі конкурс жоқ. Сонымен санамаласақ 7 мектеп жетекшісіз жайылып жүр. 

Ал Құлан мектеп-гимназиясындағы жағдай назар аударатындай екен. Мектеп көрсеткішінің төмендеп кеткенін, 400 орындық ғимаратта 900 оқушының оқып жатқанын майда-шүйде деп былай қойғанның өзінде өзекті мәселелер бар.

Өткен жылдың сәуірінде мұғалім адам өлтіріп сотталып кетеді. Тексеру барысында ол ұстаздың бұрын да қылмыс жасағаны анықталады. 

Араға ай салмай 10 сынып оқушысы адам өлтіріп, тағы сотталып кетеді. 11 сынып оқушысының байға қашып кетіп, жыл ортасында колледжде оқып жатыр деген жалған құжат жасатқан жағдаяттарға тоқталуды жөн көрмедім. 

Мұның барлығы бір мектепте бір жылда болып жатқан оқиғалар. 

Арызданушыны ашындырғаны бұл мәселердің барлығын аудан әкімі, білім бөлімі, прокуроры түгел біледі. Тексеру де өткен, жыл соңында! Осы келеңсіздіктердің бәрін жиып теріп №421 бұйрықпен жәй ғана бір сөгіс берілген. 

Қатаң сөгіс те емес. Бұған қанағаттанбаған қамқоршылар кеңесінің мүшесі Қарашөкеевпен кездесуді күтіп жүр", -  дейді Ж.Әбдіхалық. 

Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшылығы да 7 мектепте директордың міндетін атқарушы отырғанын растап отыр. Себебі білім беру ұйымдарының басшыларына конкурсты жариялау облыс әкімдігі білім басқармасының құзіретінде болғандықтан, аудандық білім бөлімі тарапынан сұраныс берілген. 

Осы орайда біз білім беру саласының үздік мамандарынан, ардагер ұстаздардан директор тапшылығының туындауына не себеп екенін сұрағанымызда, бәрінің ойы бір жерден шығып жатты. Ең негізгі себеп – біріншіден жауапкершілік өте жоғары, қойылған талап қырық атан түйеге жүк болады. Одан кейінгі себеп – мардымсыз жалақы. Айтуларынша, директорлардың жалақысы мұғалімдердің жалақысынан әлдеқайда аз. Еткен еңбегіне, төккен теріне, жұқарған жүйкесіне татымайды.

Айтпақшы, директор демекші, облыс әкімдігі білім басқармасының да бірінші басшысыз қалғанына бірнеше жеті болды. Бір жылға жуық уақыт облыстың білім саласын басқарған Мейірхан Азатұлы өткен жылдың 22 желтоқсанында өз еркімен қызметінен кетті. 

Енді басқарма басшысы қызметіне кім келсе де алдында үлкен міндеттер тұр. Жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет етпесе жағдай мәз емес.

Мәселелері қордаланған үстіне қордаланып жатқан өңірдің білім саласының екі тізгін, бір шылбырын қолға алуға кімнің жүрегі дауалар екен?! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу