Жаңа экология министрінің алғашқы шешімі: қорық аумағы азайтылады

2949

Еліміздің бас экологы бұл тосын қадамға не үшін барып отырғанын түсіндірді. 

Жаңа экология министрінің алғашқы шешімі: қорық аумағы азайтылады

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бүгін тосын бір құжатты қоғамдық талқылауға шығарды. "Республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік табиғи қорық аймағының аумағын азайту туралы" деп аталатын Үкіметі қаулысының жобасы аты айтып тұрғандай, осы қорықтың шекарасын ішке қарай жылжытпақ.

Босаған жерлерге өндірушілер баса-көктеп еніп, қазба байлықтарды өндіруге кірісетін көрінеді.

Жусандала мемлекеттік қорық аймағы Алматы облысының Балқаш, Іле, Жамбыл аудандарын, сондай-ақ Жамбыл облысының Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарын қамтиды. "Қызыл кітап" өкілдері жайлаған көркем жер.

Бүгінде ол 2 757 008,68 гектарды алып жатыр.

Енді Экология министрлігі оның осы ауданын 2 756 832,53 гектарға дейін кемітіп тастауды ұсынып отыр.

Яғни, құнды қорық тағы 176,15 гектарға шағындана түседі.

Бұл қадамның мәнісі неде?

Қоршаған ортаны жан сала қорғауға тиісті министрліктің керісінше, қорықтан үлкен телімді кесіп беруге тырысып жатқанын қалай түсінуге болады?

Премьер-Министр Асқар Маминге түсіндірме жазбасында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мұның республикалық алып магистральді салу үшін қажет екенін айтады: қорық жерінен сол жол салуға қажетті құрылыс материалдары өндірілмек.

"Үкімет қаулысы жобасының мақсаты – тиісті экологиялық шаралар кешенін әзірлей отырып, қолданыстағы "Алматы–Нұр-Сұлтан" трассасын қайта жаңартуды қамтамасыз ету. Автожолды реконструкциялау үшін кең таралған пайдалы қазбаларды – топырақ, қиыршық тас және басқасын өндіру қажет. Ол материалдарды трассаның жанынан, 100–400 метр қашықтықтағы карьерлерден алып, тасу болжанып отыр", – деді бас эколог.

Экология министрі қорық жері бекер таңдалмағанын жеткізді: ол халықаралық маңызы бар автожолдың реконструкцияланатын телімдеріне мейлінше жақын орналасқан, әрі трасса төсемі үшін қажетті материалдар мен ресурстарға бай.

Серікқали Брекешев ол жерлердің үлкен бөлігі кеңес кезінде игеріліп, карьер ретінде пайдаланылғанына назар аудартты.

"Олар табиғи экожүйелері адамның іс-әрекеті салдарынан айтарлықтай, елеулі түрде өзгертілген жерлерде орналасқан. Мұны табиғи зерттеулер растады. Карьерлер белсенді жұмыс істейтін трассаның бойында жатқандықтан, қорықтағы негізгі күзет объектілерінің шоғырлану орындары олардан біршама қашықта орналасқан", – деп дәйектеді бас эколог.

Бірақ қатардағы экологтар бұған таңданысын жасырмады.

"Билік Жусандаланы біраздан бері кішірейтуде"

"Қоршаған ортаны қорғауға жауапты министрдің жол төсейтін алпауыт компаниялардың мүддесін ілгерілетіп, неге олардың талауына қорық аймағын беріп қойғалы отырғаны түсініксіздеу. Тұтқасын ұстатса, есігін бұзып кіреді деген бар. Таяуда ғана Экология министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың іргелес жатқан қорық аймағына заңсыз еніп кетіп, сонда қазба байлықтарын өндіретініне алаңдап, дабыл қаққан еді. Енді қос мегаполис арасындағы жолдың құрылысын жеделдету үшін жол құрылысы алпауыттарының қорық жерінің астаң-кестеңін шығарып, қопаруына рұқсат етпек", – дейді эколог-зерттеуші Сәбит Нұрғожаев.

Ол министрліктің "жолға жақын болғандықтан ескі карьерлер жанында қорықтың негізгі күзет объектілері, яғни флора мен фауна жоқ" деген дәйегін орынсыз дейді.

"Енді қорық ішіндегі қазба байлық өндіріле бастаса, қорық шаң мен гүрсілге бөленсе, жануарлар тіптен ары қашады. Сонда тағы да "жақын жерде негізгі күзет нысандары қалмады" деп, ары қарай дендей ене бермек пе?", – деп сауал тастады сарапшы.

Экология ведомствосының басшысы олай болмайтынына сендіреді.

"Жол құрылысы аяқталғаннан кейін карьерлерді пайдалану тоқтатылады. Олар қалпына келтіріледі және жобаға сәйкес қорық аймағының құрамына қайтарылады", – деді С.Брекешев.

Эколог С.Нұрғожаевтың мәліметінше, бұл – биліктің осы қорықты бірінші рет азайтуы емес, бұған дейін де соған барған. Мысалы, 2019 жылғы 14 мамырда А.Мамин "Республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік табиғи қорығы аймағының аумағын кішірейту туралы" №282 Үкімет қаулысын қабылдапты.

Сонда Жусандала мемлекеттік табиғи қорығының аумағы бірден 491,32 гектарға кемітілген. Бұл "Нұрлы жол" мембағдарламасы аясында "Мерке–Бурылбайтал" және "Күрті–Бурылбайтал" жол учаскелерін реконструкциялау үшін жасалыпты. Қорықтан тартып алынған 500 гектардай сол жерде осы жолдардың құрылысына қажетті кең таралған пайдалы қазбалар өндірілген.

Сарапшылар да, көлігі бар былайғы жұртшылық та "Алматы–Нұр-Сұлтан" автотрассасын реконструкциялау жұмыстары созылып кеткенін айтып жүр.

Ал ақпарат құралдары біраз бұрын "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясына сілтеме жасап, Алматы мен астана арасындағы жолдың бір телімін қытайлық мердігерлер жөндеуге кіріскенін хабарлағаны есте. Бұл іспен ҚХР-дың Sinohydro Corporation Limited компаниясы айналысып жатқан көрінеді.

Магистральді жөндеу жұмыстары үш жылдан бері жүргізілуде. Әзірге тек шамамен жартылай ғана аяқталған. "Орталық – Оңтүстік" деп аталатын, ұзындығы мың шақырымдай бұл жобаны 2023 жылға қарай аяқтау жоспарланған. "Хабар24" арнасының дерегінше, осы жолды реконструкциялауға шамамен 250 миллиард теңге бөлініпті.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу