"Жаңа эпицентр", оқшауланған Үндістан, Ресейге күмән және ғаламдық рецессия елесі

4102

Әлемде "үйге қамалғандар" саны 2,6 миллиардқа жетті; АҚШ экономикасын құтқаруға $2 трлн бөлінуі мүмкін; ал өткен ғасырда соғыс кесірінен үш рет доғарылған Олимпиаданы биыл вирус өткізбейтін болды.

"Жаңа эпицентр", оқшауланған Үндістан, Ресейге күмән және ғаламдық рецессия елесі

Құрама Штаттар коронавирус пандемиясының ғаламдық эпицентріне айналуы мүмкін. Мұны сейсенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ескертті. Оның баспасөз хатшысы Маргарет Харрис Женевада мәлімдегендей, АҚШ-та қауіпті инфекцияға шалдыққандар саны тез өсіп келеді.

Өткен аптаның соңғы күні коронавирус жұқтырғандардың 85 пайызы Еуропа мен АҚШ-та тіркелген. Сол науқастардың 40 пайызы – америкалықтар.

"Мұнда жаңа вирусты анықтау оқиғалары жиілеп барады. Сондықтан, Құрама Штаттарда эпидемияның ошағына айналатын потенциал бар", – дейді Харрис.

Елдегі жағдайдың қиындағанын президент Дональд Трамп та мойындап отыр. Оның сөзінше, Америка үкіметіне қазір әлемнің маска және желдеткіштер нарығынан қажетті жабдықтарды алу оңайға соғып отырған жоқ.  

Трамп суицидтің өршу қаупін ескертті

Медицина мамандарының ойынша, эпидемияны баяулатып, егде жастағылар мен денсаулығы нашар адамдардың өмірін сақтау үшін халықты "әлеуметтік оқшаулау" шараларына көндіру керек. Бұл кеңеске дүниежүзінің көптеген мемлекеттерінің басшылары құлақ асып отыр.

Бірақ, Трамп карантин жариялап, жұмысшыларды үйлеріне жіберіп, кәсіпорындарды жауып, орасан экономикалық шығыныға батуға қарсы. Оның ойынша, мұндай режим ұзаққа созылып кететін болса, мемлекет күйреп, талай кісі өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін.

"Көптеген адам менімен келіседі. Еліміз жабылу үшін құрылған жоқ. Оны оқшаулап, жойып алуымыз ғажап емес. Жаппай рецессия мен депрессия суицидті өршітеді. Талай адам өледі. Сондықтан, бұл күйзелістің созылып кетуінен жол бермеуіміз керек", – дейді Трамп Fox News телекомпаниясына берген сұқбатында.

Дегенмен, АҚШ штаттарының көбі вирусты тоқтату үшін карантиннің уақытша қиындықтарына көнуге мәжбүр: бүгінде 130 миллионға жуық америкалық немесе халықтың 40 пайызы оқшауланып өмір сүріп жатыр. 

АҚШ Конгрессі құны 2 триллион доллардың  құтқару пакетін қабылдауға жақын. Қомақты қаражат тұтынушылар мен бизнесті қолдауға жұмсалады.

Осы хабардан кейін әлем нарығы айтарлықтау серпіліп қалды. Нью-Йорк биржасында "Доу-Джонс" индексі бірден 11, 3 пайызға көтерілген. Бұл – 1933 жылғы Ұлы Күйзелістен бергі ең үлкен проценттік шарықтау.

Үндістан изоляцияда

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди сәрсенбіден бастап 21 күнге жалпыұлттық (1,3 млрд адам үшін) карантин жариялады. Осылайша, планетада қозғалысы шектелген тұрғындар саны 2,6 миллиардқа жетіп отыр.

Зерттеушілердің болжамынша, мамырдың ортасына дейін Үндістанда миллионнан астам адам коронавирус жұқтыруы мүмкін. Орасан қауіпке байланысты мұнда барлық әуе рейстері доғарылып, пойыздар жаппай тоқтатылып, мектептер мен кәсіпорындар жабылып жатыр.

Әлемнің ең үлкен демократиясының лидері Модидің ескертуінше, бірде-бір адамға үйден ұзап кетуге рұқсат берілмейді.

"Өзімізді, Үндістанды, әрбір азаматты, жанұямызды, әр көшені, көршілерімізді коронавирустан сақтаудың бір ғана тәсілі – не болса да үйден шықпау", – дейді Үндістан үкіметінің жетекшісі халыққа жолдаған телевизиялық үндеуінде. 

Соңғы мәліметке қарағанда, бұл мемлекетте Covid-19 вирусын 500-ге жуық адам жұқтырып, 9-ы қайтыс болған.

Ресей: италиялық сценарийге әзірлік

Ресей басшылығы коронавирус оқиғаларының аз тіркелуі – жеткіліксіз скринингтің нәтижесі екенін мойындап, елдің өте қиын жағдайға дайындалуы керектігін ескертті.

"Коронавирусқа қатысты бірталай тест сапасыз жүргізілді, жағдайдың шын бейнесі белгісіз", – дейді Мәскеу мэрі Сергей Собянин.

Президент Владимир Путин Мәскеудегі коронавирус пациенттерін емдеп жатқан ауруханаға барып, эпидемияны ауыздықтау жолдарын талқылады. Сол госпиталь директоры Денис Проценко Кремль басшысына айтқандай, РФ қазір "италиялық сценарийге әзірленуі" керек.

Наурыздың 24-не дейін Ресейде коронавирусқа 495 адам шалдығып, одан ешкім қайтыс болмаған. Қытаймен мыңдаған шақырым шектесетін елде Covid-19-ды жұқтырғандар неліктен аз? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

Кейбір бақылаушылар мұны Кремльдің байбаламға жол бермей, алдағы референдумды қайтсе де өткізу жоспарымен байланыстырып отыр. Айта кетсек, ресейліктер сәуірдің 22-де Путинді 2036 жылға дейін билікте қалдыруы мүмкін конституциялық өзгерісті дауысқа салады. Дегенмен, президент халық денсаулығына қауіп төнсе, плебицитті кейінге қалдырылу қажеттігін атап өтті.

13 миллионнан астам тұрғыны бар Мәскеуде де мектептер жабылып, қоғамдық шаралар доғарылып, бір жерге 50-ден артық адамның жиналуына тыйым салынып, жүздеген мың қызметкер үйде жұмыс істеу режиміне көшіп жатыр.

Жергілікті оппозицияға сенсек, Ресей астанасында ақпан айында пневмонияға шалдыққандар саны 37 пайызға артқан. Ал, өткен аптада 100 000 адам онлайн-петицияға қол қойып, РФ үкіметін "ондаған мың адамның коронавирус жұқтырғанын жасырды" деп айыптап, биліктен эпидемияның шын ауқымын ашып көрсетуді талап етті.

Алайда, кейбір сарапшылар мен үкімет өкілдерінің сөзінше, Ресейде коронавирус пациенттерінің аз болуына Қытаймен арадағы шекараның ерте жабылуы және Қытай азаматтарының елге кіргізілмеуі себепші.

Кейбір дәрігерлердің айтуынша, Ресей өзін үлкен эпидемияға дайындауы керек.

"Бізге кемінде ондаған мың адамды қарау қажет болатын тәрізді", –дейді "Клиника Семейная" емханасының директоры Павел Бранд Associated Press агенттігіне берген сұқбатында.

ХОК-тың шегінісі

Олимпиада ұйымдастырушылары мен жапон үкіметі Токио Ойындарын дер кезінде өткізуге қанша сендіргенімен, ғаламдық спорттық шара да жұмбақ вирустың құрбанына айналды.

Биыл шілденің 24-і мен тамыздың 9-ы аралығына жоспарланған Жазғы Олимпиада пандемияға қарсы соғыстағы жеңістің дәлелі ретінде 2021 жылы өтеді. Мұны Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мәлімдеді.  Халықаралық Олимпиада Комитетінің (ХОК) басшысы Томас Бах онымен "100%-ға" келісті.

Олимпиада өзінің 124-жылдық тарихында алғаш рет кейінге қалдырылып отыр. Дегенмен, өткен ғасырдағы дүниежүзілік соғыстар кезінде осы ойындар үш рет мүлде доғарылған екен. 

Токио Олимпиадасын кейінге қалдыруды, әсіресе, АҚШ, Канада, Австралия көбірек талап етті. Оларды Олимпиаданың бұлыңғыр болашағы ғана емес, спортшылардың пандамия кесірінен дайындықтан өте алмауы да алаңдатқан.

"Франс пресс" агенттігінің дерегінше, әлемде бүгінге дейін Covid-19 вирусынан 18 000-нан астам адам қайтыс болып, оны жұқтырғандар 400 000-ға жетіп қалды. Құрбандардың көбі – Еуропада.

Коронавирустың алғашқы ошағы – Қытайдың Хубэй провинциясынан шығамын деушілер үшін шектеулер алынып тасталады. Ал, қаңтардың 23-інде карантинге жабылған Ухань оқшауланудан сәуірдің 8-де босатылады.

Дегенмен, Қытайда инфекция жұқтыру оқиғалары шетелден импортталған коронавирус есебінен екі есеге артқандықтан, қазір Бейжің тәрізді ірі қалаларда скрининг және карантин шаралары күшейтіліп жатыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу