Бұл туралы биліктің бір тарапының өкілдері не дейді? Жаңарған жүйеден не күтуге болады? Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымовамен осы тақырып төңірегінде сұхбаттасқан едік.
– Гүлдара Алданышқызы, елдегі реформалар туралы не айтасыз?
– Өзгерістер жаңа Үкімет басшысын тағайындаудан басталды деп жүр ғой біраз жұрт. Меніңше, бетбұрыс халықтың талап-тілегіне бірден құлақ асып, шұғыл шешім қабылдаудан басталған секілді.
Бірқатар жаңа тұлғалар министрлік лауазымға тағайындалды, дегенмен Үкімет құрамы аса жаңара қойған жоқ. Қоғамда осыған қатысты да сұрақтар туындап отыр. Ендігі мәселе қазір барлық атқарушы билік өкілдерінің Президент қойып отырған мақсаттарды түсініп, тиімді жұмыс жасауына байланысты. Бастысы – осы, олай болмаған күнде халықтың сенімін жоғалтады. Олар жаңа, тың ойларымен мемлекетке жаңа серпіліс алып келуі керек. Осы оқиғалардың қайталанбауы үшін Үкімет әрқашан халықпен байланыста болып, дер кезінде әрекет ете білу қажет. Халықтың наразылығын тудыратын басқа да мәселелер шешілуі тиіс. Сонымен бірге негізсіз өсетін баға бойынша мемлекеттік сатып алудың жолын кесуі керек. Сонда қаржыны қажет болып тұрған басқа салаларға жұмсай аламыз.
Мемлекет басшысы Үкіметтің халық алдындағы міндеттерін қарапайым әрі нақты айқындап берді. Бюрократияны жою керек екендігін атап өтті. Білімді-білікті жастардың потенциалын қолдану мақсатында Президенттік кадрлық резерв жобасы жалғасын табатын болады. Меритократиялық жолмен, яғни ешқандай таныс-тамырсыз қабілетті кадрлардың өсіп-өркендеуіне мүмкіндік артады. Ал басқа нақты реформалардың нәтижесін уақыт көрсете жатар.
– Қазір басбұзарлардың лаңкестік іс-әрекетіне байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр? Жазықсыздарға жала жабылмасын, жапа шекпесін деп шырылдап жүр көпшілік. Бұл істе біржақты шешім қабылдана ма деген уайым да жоқ емес халықта. Билік пен бұқара – қос тараптың ендігі арақатынасы қалай қалыптасады?
– Халықтың бейбіт түрде талап-тілегін билікке жеткізем деген ниетін пейілі бұзық біреулер пайдаланып кетті. Негізі көп жағдайда біз қоғамдағы туындаған проблеманың себебінен гөрі салдарымен күресеміз, бұл жағдай да соның бір көрінісі. Былтыр жыл соңында депутаттық корпус Үкіметке газ бағасының қымбаттауына қатысты екі депутаттық сауал жолдаған болатын. Егер тиісті министрлік газдың бағасын негізсіз осыншалықты көтермегенде, халықтың талабына дер кезінде құлақ асқанда қайғылы жағдай болмас па еді?
Ешқандай жазығы жоқ қаншама азаматтарымыз, ел қорғаны болып жүрген құқық қорғау қызметкерлері қаза тапты. Жақынынан айырылып, қайғы жұтқан отбасыларға қайғырып көңіл айтамын. Сабыр тілеймін.
Қазір маған Жамбылдан көптеген азаматтар қоңырау шалып, өтініштерін айтып, алаңдаушылықтарын білдіруде. Көпшілігі бейбіт митингке шыққан жазықсыз адамдар қамауға алынғанын айтып, бұрмалаушылыққа жол берілмесе деген тілегін жеткізуде. Шындығында, дәл сол уақытта ешқандай ақпараттан хабары жоқ адамдар жай ғана жұмыстан үйіне қайтып немесе әлде бір қажеттілікпен сол маңнан өтіп бара жатқандар болды ғой. Әрине, мен тергеу немесе құқық қорғау органының жұмысына араласып отырған жоқпын, бірақ қамауға алынғандардың ішінде бейбіт азаматтарымыз бар. Сондықтан осы тұлғалардың тағдырын ойлап, мүмкіндігінше жылдам әділ шешім қабылданса деген тілегім бар.
Қасіретті Қаңтар оқиғасының салдары кім-кімге де оңай соққан жоқ. Рас, көптеген салаларға түбегейлі өзгеріс қажет екені, әсіресе, соңғы уақытта айқын байқалып жатқан еді. Халықтың билікке өз талап-тілектерін жеткізуге түрткі болған жағдайдың түпкі себебі де осы болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайдың салдарын ғана емес, себебін дәл аңғарды. Соған қарай шешім қабылдады.
Бірақ көптің көкейінде болған оқиғаларға қатысты сан түрлі жауабын таппаған сұрақтар қалды. Жағдай осылайша ушығып кеткенге дейін қалайша алдын алу шаралары жасалмады? Күштік құрылымдар неге аймақтардағы жағдайды өз бақылауында ұстай алмады? Алдағы уақыттарда құзіретті құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарының нәтижелерімен бөліскенде осы сұрақтарға жауап табамыз деп ойлаймын. Тарих бұл оқиғаның да бағасын береді, ол үшін уақыт керек.
Ал билік пен бұқараның ендігі арақатынасына келсек, құқықтық мемлекет ретінде билік пен халық арасындағы арақатынасқа ешқандай сызат түспейтініне, әлдеқайда реттелетіндігіне сенемін. Қазірдің өзінде Президент осы мақсатта тиісті шешімдер қабылдап отыр. Қысқа мерзімде үлкен әрі жауапты қадамдарға барып отыр. Алдағы уақыттарда ел осы істердің нәтижесін көреді деген сенімдемін. Парламент депутаттары Президенттің бастамаларын жедел түрде заң жобаларымен бекітіп, табысты жүзеге асуы үшін қызмет атқаратын болады.
– Қазір әлеуметтік теңсіздік, жұмыссыздық мәселесі туралы көп айтыла бастады. Әлеуметтік салаларды қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Қазір Президент тапсырма берген соң, жұмыссыздықтың нақты деңгейі анықталып жатыр. Қаңтарда алаңға шыққандардың арасында мемлекетке өкпелі жұмыссыз жастардың да бар екені айтылып жатыр ғой. Мұны кінә арту емес, болған жайдың түпкі себебіне үңілу деген дұрыс шығар. Себебі Қазақстанның батысы мен оңтүстік өңірлерінде туу көрсеткіші артып келеді. Сол себептен осы өңірлерде әсіресе, жастар арасында шағын және орта бизнесті дамытуға аса көңіл бөлінбекші. Халқы тығыз орналасқан өңірлерде білім гранттарының саны да артатын болады. Жұмыссыздықты азайту үшін "Жастар практикасы", "Бірінші жұмыс орны" т.б. түрлі жобалар іске асады. Ол жобалар бойынша еңбекпен қамтылғандардың жалақысы да артады.
Президент "Қазақстан халқына" қорын құруды тапсырды. Қор денсаулық сақтау, білім, арнайы мұқтаж жандарға, талантты жастарға қолдау көрсету бағытында жұмыс атқарады. Мәселен, елімізде 13,5 мыңнан астам балалар орфандық аурулармен ауырады. Олардың емі үшін қажетті дәрі-дәрмекке 120 миллиард теңге шамасында қаржы қажет. Әлемде мұндай ауруға шалдыққан адамдардың емін ешбір мемлекет толық қаржыландырмайды. Себебі ол аса қомақты қаражатты керек етеді. Міне, сондықтан, қор қаржысы шетелдерде ем алуға мұқтаж жандарға, есту және көру мүшесінде ақауы бар жаңа туылған сәбилерді емдеуге, реабилитациядан өтуге де бөлінетін болады. Ең алдымен дәрігер ретінде мен азаматтарымызға осындай қолдау көрсетуге мүмкіндік туғаны үшін қуандым. Айта кету керек, бұл қор ешқандай мемлекеттік органдарға тиесілі болмайды және ондағы әрбір қаражаттың қайда жұмсалғанын халық бақылай алады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Ардақ Үсейінова