Жаңа криптовалюталық тәртіп

5201

Мәскеу мен оның еуропалық және орталықазиялық одақтастары ортақ криптовалюта ережелерін жасақтамақ.

Жаңа криптовалюталық тәртіп

ТАСС агенттігінің мәліметінше, құрамына Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения, Қырғызстан кіретін Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) блокчейн мен криптовалюта саласының қызметін реттейтін жалпыодақтық ереже қалыптастыру ұсынылды.

Еуразиялық экономикалық одақ Еуропа одағының ортақ қаржы нарығы тәрізді модельді 2025 жылға дейін құруды жоспарлап отыр. ЕАЭО-ның  интеграция және макроэкономика министрі Татьяна Валовая мәлімдегендей, "кедергілер мен ескерілмеген жайттарға" кең ауқымды криптовалюталық саясаттан орын берілмеуі керек. Сонымен қатар, оның сөзінше, бұл саясат әлемнің өзге елдерінде сәтті жүзеге асқан реттеу саясатына негізделгені абзал.

Министрдің тағы бір сөзіне қарағанда, криптовалюта мен блокчейн секторы дамып келе жатқандықтан, бұл жайтты Еуразиялық экономикалық одақ өзінің экономикалық саясатын қалыптастыру барысында жоққа шығара алмайды.

Дегенмен, бес елдің криптовалюта мен блокчейнге қатысты саясаттары әркелкі. Мәселен, Беларусь өзін әлемдегі ең либералдық елдердің бірі ретінде көрсету үшін криптовалюталарды заңдастырып, бастапқы монеталық ұсыныстар (initial coin offerings) мен ақылды контрактілерді енгізді. Ресейдің де криптовалютаға көзқарасы өзгеріп келеді: оның үкіметі биыл көктемде "блокчейнмен байланысты 20 есепшот" ұсынып, кейбір салалардағы компанияларға криптовалютамен пилоттық операциялар жүргізуге рұқсат етпек. Бұның алдында Ресей алдағы екі жылдың ішінде сандық қаулы жасауға күш салатынын мәлімдеп, бұл жобаны Еуразиялық экономикалық одақ елдері қолдайды деген үміт білдіргенді.

Армения криптоақшаға әуес елге айналып, осы салаға тіпті халықаралық майнерлерді тартудан үмітті. Ал, Қырғызстан өзінің мемлекеттік криптовалютасын жасауға кірісті. Елдің алтын қорымен қамтамасыз етілетін бұл сандық ақша Ресейдің Нижний Новгород қаласында орналасқан Crypt NN блокчейн стартапының көмегімен дамытылып, болашақта мемлекеттік транзакцияларды жүзеге асыруға қолданылмақ.

"Жаңа Сингапур"
Десек те, Қазақстандағы жағдай өзгешелеу. Былтыр ҚР Ұлттық банкі ескерткендей, елімізде криптовалюта төлем құралы ретінде қабылданбайды. Соған қарамастан, кейбір сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда шын мәнінде криптовалюта мен блокчейн индустриясы өте үлкен. Және де еліміздің финтех паркі мен Астана Халықаралық қаржы орталығына ТМД-ның көптеген елдері қызыға да, қызғана қарап отыр.

"Біз Қазақстан үкіметінің блокчейн технологиясын дамытуға қолайлы жағдай жасауға тырысып жатқанына қуаныштымыз. Осы жұмыстың нәтижесінде Қазақстанға жаңа инвестиция келіп, бұл мемлекет блокчейн секторында жаңа Сингапурға айналады", – дейді Waves блокчейн компаниясының басшысы Саша Иванов.

Былтырғы жылдың басында Алматыда өткен Crypto Event конференциясында Қазақстан блокчейн және криптовалюталар қауымдастығының басшысы Есет Бутин мәлімдегендей, криптовалюталар нарығын реттейтін заңның жоқтығы мен сандық ақшаға тыйым салу –инновациялық жобаларды доғаруға әкеп соғуы мүмкін. Бұған қоса, ол  Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үкіметтері мен орталық банктерін криптовалюталар нарығын реттейтін заңдық нормаларды уақыт оздырмай қабылдауға үндеді. Бутиннің ойынша, блокчейн бүгінде жаңа ғылыми-техникалық революцияның маңызды қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр.

Орталық Азияның бірінші блокчейн-академиясы
ЕАЭО-ға кірмесе де, ТМД-ға мүше Өзбекстанға келсек, оның президенті Шавкат Мирзиёев 2017 жылы криптовалюталар үшін заңдық негіз әзірлеуге тапсырма берді. Ал, биыл қаңтардың 21-де "Өзбекстан-24" телеарнасы хабарлағандай, бұл мемлекетте Орталық Азияның алғашқы блокчейн-академиясы ашылады. Ол туралы келісімге Республикалық Бизнес және басқару жоғары мектебі мен Оңтүстік Кореяның Kobea Group тобы қол қойған.

Екіжақты меморандумға сәйкес, тараптар блокчейн-технологиясы саласында өзара тиімді ынтымақтастық орнатып, IT мамандарын әзірлеу мен олардың біліктілігін арттыру жұмыстарын жүзеге асырады. Жоспарға сәйкес, Өзбекстанда блокчейн-технологиясы бойынша отандық алғашқы мамандар 2021 жылы дайын болуға тиіс. Жаңа академияға жүктелетін негізгі міндет – криптоактивтерге қызыққан барлық адамдарды және банктер мен қаржы ұйымдарының қызметкерлерін оқыту. Оларды әзірлерде ең алдымен криптоактивтер мен ақпараттық жүйелерді қолдану мен сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілмек. 

Сонымен қатар, мұның алдында белгілі болғандай, ресейлік IPChain атты ассоциация Тәшкенттің блокчейн технологияға негізінделген интеллектуалдық меншігінің инфрақұрылымын дамытумен айналыспақ.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу