Facebook 2020 жылы сандық ақшасын іске қоспақ

5069

Әлемнің ең үлкен әлеуметтік желісі былтыр өзінің криптовалютасын жасау үшін құпия жұмыс жүргізген.

Facebook 2020 жылы сандық ақшасын іске қоспақ

Instagram мен WhatsApp-тың иесі, әлеуметтік желілер алыбы өзінің электрондық ақшасын жасамақ деген қауесет былтыр тарады. Америкада орын тепкен Facebook компаниясы осыдан 10 жыл бұрын да осындай валюта шығарамын деп сәтсіздікке ұшыраған. Бірақ, ол кезде оның қолданушыларының саны қазіргідей 2 миллиардтан асқан жоқ еді.

Бірер күн бұрын Financial Times газеті хабарлағандай, Facebook-тің жоғары лауазымды менеджерлері осы желінің криптовалюта жасаушылар командасымен кездесіп, сандық төлем жүйесін жариялау мәселесін талқылаған. Компания GlobalCoin деп аталатын виртуалдық ақшаны әлемнің он елінде 2020 жылдың басында іске қосады деген болжам бар. Ал, BBC-дің мәліметінше, Facebook бұл ақшаны осы жылдың соңында сынақтан өткізе бастайды.

Financial Times басылымының өзге бір дерегінде, Facebook-тің құпия тобы GlobalCoin валютасын жасау үшін былтыр жасырын жұмыс істеген. Болжамдарға қарағанда, оның сандық ақшасы қолданушыларға компания платформасы арқылы зат сатып алуға немесе ақша жіберуге ғана емес, сол платформадан тыс жерде де төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.

Facebook-тің өзіндік сандық валютасын іске қосу амбициясы өткен жылы желтоқсан айында мәлім болды. Ал, биыл сәуірде бұл әлеуметтік медиа Швейцарияда Libra деген компанияны тіркеген. Ол фирмаға жүктелген негізгі міндеттер – төлемдер мен мәліметтерді сараптайтын бағдарламаны, инфрақұрылымды дамытып, блокчейн технологиясы бойынша жұмыс жүргізу.  

Сонымен қатар, өткен айда Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг мәлімдегендей, оның компаниясы төлемдердерді мейлінше жеңілдетуге үмітті.

"Біреуге ақша жіберу фото жібергендей оңай болатынына сенемін", – дейді Цукерберг.

Келіссөздер

Осы бағытта Facebook қазір реттеуші органдармен, қаржылық институттармен, онлайн саудагерлерімен, сауда фирмаларымен, сандық ақшаны өзге виртуалдық ақшаға немесе доллар сияқты валюталарға айналдыратын  криптовалюта айырбастаушылармен келіссөздер жүргізіп жатыр. 

BBC таратқан тағы бір ақпаратқа жүгінсек, Марк Цукерберг Англия банкінің басшысы Марк Карнеймен сөйлесіп, АҚШ-тың қаржы министрлігінің өкілдерімен сандық валюта қызметін реттеу жолдарын талқылаған. Сонымен қатар,  Facebook ақша аудару проблемасы бойынша Western Union фирмасымен, саудаға қатысты Чикагодағы Jump, DRW компанияларымен келіссөз жүргізген.

Facebook жетекшісі тіпті Gemini криптовалюталық биржасымен де жоғарыда аталған түйткілдерді талқылады деген мәлімет бар. Айта кетсек, бұл компанияны құрған Кэмерон және Тайлер Винклевосстар бір кездері Цукербергті өзінің әлеуметтік желісі үшін идея ұрлады деп айыптаған еді.

Дегенмен, Facebook те, аталған компаниялар да келіссөздерге қатысты әзірге түсініктеме бермей отыр.

Екінші әрекет немесе Wechat-тың ізімен
Осыдан он жылдай бұрын Facebook желісі Facebook Credits атты қаржы жүйесін ойластырып, өзінің виртуалдық валютасын іске қоспақ болды. Алайда, ол жоба сәтсіздікке ұшырап, екі жылдан кейін мүлде жабылып қалған.

Егер екінші әрекеті сәтті болса, Facebook-тің монеталарымен осы әлеуметтік желі ішінде төлемдер мен транзакцияларды жүзеге асырып қана қоймай, сол тыйындарды сандық әмиянда сақтап, дүкенде жұмсауға немесе дәстүрлі ақшаға айырбастауға болады. 

Дегенмен, Facebook-ті Қытайдың WeChat әлеуметтік платформасының ізімен жүрмек деп сынап отырғандар бар. Өйткені, WeChat-та да қолданушылар ақша жібереді, зат сатып алады, таксиге тапсырыс береді және тағы басқа да қаржылық операцияларды орындай алады.

Wall Street Journal газетінің ақпаратына сенсек, Facebook транзакцияларына қызығушылықты арттыру үшін өз платформасындағы жарнамаларды көрген қолданушыны валютамен марапаттап отыруы мүмкін. Соның нәтижесінде бұл желіде ақшасы мен уақытын көп жұмсайтын адамдар көбейеді деген үміт бар.

Facebook-тің криптовалютасы
Жалпы алғанда, криптовалютаны шынайы өмірде зат сатып алуға, қонақүйдің, тіпті үйдің құнын төлеуге қолдануға болады. Оны онлайн әмиянда сақтап, қажет болған жағдайда анонимді түрде бір қолданушыдан екіншісіне жібереді. Мұндай ақша блокчейн технологиясымен жұмыс істейді.

Блокчейн – компьютерлер желісінде сақталған транзакциялар мен келісімдер туралы ақпараттық блоктар регистрі. Билік пен банктердің ықпалы жүрмейтін бұл ақпаратты тек қолданушылар қауымы ғана көре алады. Ал, Facebook осындай сандық ақша жүйесін енгізе отырып, оны банкте аккаунты жоқ адамдардың да қолдануына жол ашып, қаржылық барьерлерге төтеп беруден, банктермен бәсекеге түсуден, тұтынушылық шығындарды қысқартудан үмітті.

Алайда, блокчейн сарапшысы Дэвид Герардтың ойынша, криптовалюталар құнының құбылмалылығы Facebook империясының GlobalCoin сандық ақшасының жетістікке жету жолына бөгет болуы мүмкін.

"Есі дұрыс адамның үнемі өсіп, құлдырап тұратын ақшамен ісі болмайды", – деді ол таяуда BBC телерадиокорпорациясына берген сұқбатында.

Facebook-ке сенуге бола ма? Бұл да даулы мәселе. Соңғы жылдары Facebook миллиондаған адамның жеке мәліметтерін рұқсатсыз таратқаны үшін үлкен сынға ұшырады. Осыны ескере отырып, мамырдың басында АҚШ сенаты мен банк істері комитеті Цукербергке хат жолдап, одан жаңа валютаның қалай жұмыс істейтіні, оны қолданған тұтынушылар мен сол адамдар туралы деректердің қалай сақталып, қорғалатыны жайлы сұрақтарға жауап беруді сұрады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу