Қазақстанда Google салығы енгізілетін болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
9699

Facebook, Google, Apple, Amazon Қазақстанда тіркелуге міндеттелуі мүмкін.

Қазақстанда Google салығы енгізілетін болды

Айта кету керек, "Google салығы" жай бастама емес, ол нақты заң жобасына айналуда және ұлттық экономика министрлігі әзірлеген "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне салық салу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасына еніп отыр.

Заң жобасының тұжырымдамасында бұл қосылған құн салығын салуды жетілдіру үшін қажет екені көрсетілген.

"Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерге салық салу тетігі жоқ. Осыған байланысты, Қазақстан аумағында жеке тұлғаларға электрондық түрде қызмет көрсететін шетелдік интернет-компанияларды міндетті түрде тіркеу және қосылған құн салығын төлеттіру көзделеді", – деген түсініктеме берілген тұжырымдамада.

Бұдан басқа, заң арқылы "электрондық нысандағы қызметтер" ұғымын енгізу ұсынылады.

Ұлттық экономика министрлігі мұның "одақтастың" тәжірибесінен алынып отырғанын растады.

"Google салығы жайында. Ресей федерациясында электрондық сауда қызметтеріне 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық салу енгізілді. Бұл елде 2017 жылдың қорытындысы бойынша 147 шетелдік компания тіркелді және олар бюджетке 9,4 миллиард рубль төлеген. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Ресей тәжірибесіне Беларусь та қосылды", – деп мәлім етті министрлік.

Расында, солтүстік көрші 2016 жылғы 3 шілдедегі №244-ФЗ федералдық заңымен осыдан екі жыл бұрын Ресейдегі электрондық қызметті сатып алушыларға қызмет көрсететін шетелдік компанияларды ҚҚС төлеуге міндеттеді.

Бұл ретте ресейлік қосылған құн салығын төлеуге тиіс электронды қызметтер тізімінің үлкен бөлігін интернеттегі іздеу жүйелері иеленгендіктен, бұл заң бейресми "Google салығы" деген атау алды.

Алайда салық тек іздеу жүйелеріне ғана емес, сондай-ақ компьютерлік бағдарламалардың саудасына, ойындар, электронды кітаптар, деректер базалары, фотосурет және кескіндер, музыка сатылымдарына, домендерді тіркеуге және басқа да электронды қызмет түрлеріне таралады.

Нәтижесінде Ресей аумағында жергілікті тұрғындарға электронды формада қызмет көрсететін барлық шетелдік ұйымдар міндетті түрде ресейлік салық органдарында тіркеуге тұруға мәжбүр болды. Тіркелмегендерге бұл ел халқына және нарығына жол жабылды. 

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Мәскеу тек жеке тұлғалар ғана емес, компаниялар мен жеке кәсіпкерлерге, яғни бизнеске де электронды қызмет көрсететін компанияларды (B2B) салықтық есепке тұруға міндетті етті. Алып нарықтан айырылып қалудан қорыққан батыстық интернет компаниялар 2018 жылдың желтоқсанынан бастап, өтініш жазып, кезекке тұра бастапты.

Қазіргі кезде Ресейде "Гугл салығын" төлеушілер қатары кеңейтілді. Енді оған "ЭВМ-ге арналған бағдарламаларды және олардың жаңаруларын пайдалану құқығын ұсынатындар", "интернетте жарнамалық қызметтер көрсететіндер және жарнамалық алаңын ұсынатындар", "тауарлар мен қызметтер сату туралы ұсыныстарды орналастыру қызметін көрсететіндер", "сатушылар мен сатып алушылар арасында байланыс орнатып, мәміле бекіту үшін техникалық, ұйымдастырушылық, ақпараттық және басқа да мүмкіндіктерді ұсыну бойынша қызметтерді интернет арқылы көрсететіндер", "хостинг қызметін ұсынатын" және басқалары жатқызылды.

Қазақстан солтүстік көршісінің үлгісін көшіруге кіріскендіктен, осының көбі елімізге келмек.

Бірақ бұл салықтан мысалға, интернет-дүкендер босатылған. Өйткені заң бойынша тапсырысты ғаламтор арқылы қабылдағанымен, егер тауар не қызметті жеткізу жаһандық желіні пайдаланусыз жүзеге асырылса, онда олар "Гугл салығын" төлемейді. Одан электронды пошта көмегімен кеңес-консультациялық қызмет көрсететіндер, интернетке қолжетімділікті ұсыну қызметін көрсететіндер (провайдерлер) де босатылған.   

Федералдық салық қызметінің ресми мәліметі бойынша 2018 жылы электронды контентті сатушы шетелдіктер Ресейге 12 миллиард рубль "Гугл салығын" төлеген. Бүгінде ресейлік салық органдарында электронды түрде қызмет ұсынатын 280 шетелдік компания тіркеуге тұрып үлгеріпті.

Олардың арасында Facebook, Google, Apple, Netflix, Amazon, Sony, Bloomberg және басқалары бар.

Сарапшылардың айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесі артса да, ақырғы тұтынушылар үшін контент бағасы жаппай өспеген. Тек Амазон өзінің Amazon Web Services бұлтты тұғырнамасын пайдаланушыларға 18% ҚҚС-ты төлеуді жүктеген. Apple да осы салықты төлем туралы түбіртектерге қосқан.

Қазақстанда әзірге бұл жаңа салықтың мөлшерлемесі бекітілген жоқ. Ал Ресейде жергілікті халыққа электронды қызмет жасаудан тапқан барлық табыс сомасынан шетелдік компаниялар бастапқыда ҚҚС түрінде 15,25% салық төлейтін. Кейін олар шетелдіктерді әрбір онлайн-операциядан 18% мөлшерлемесі бойынша ҚҚС төлеуге міндеттеді.

РФ федералдық салық қызметі "НДС-офис интернет-компании" сервисін іске қосқан, сол арқылы шетелдік ІТ-компаниялар Ресейге "Google салығын" аударуда. Демек қазақстандық салық органына да тиісті сервисті қарастыруға тура келетінге ұқсайды.

Ұлттық экономика министрлігі тағы бір одақтасымыздың тәжірибесіне сілтеме жасады. Беларусь билігі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, цифрлық дистрибуцияның шетелдік платформаларында орналасқан бағдарламалық өнімдерден қосылған құн салығын жинауда. Бұл ел парламентінің қос палатасы да салық кодексіне түзетулерді мақұлдады, ол бойынша Беларусьте электронды қызметтерін сататын шетелдік компаниялардың қаржы айналымынан ҚҚС алынады. Оларда электронды кітаптар саудасы, музыка тыңдау, кинофильмдерді онлайн көрсету, ақылы ақпараттар, IP-телефония, компьютерлік ойындар және басқа да интернетті пайдаланушылар тұтынатын барлық қызметтер, тіпті қалтафондағы мобильді қосымшалар да салыққа ілікті.

Дәл осы жолмен тағы бір одақтасымыз – Қырғызстан да жүруі мүмкін. Қырғыз елі парламентінің депутаты Руслан Қазақбаев Facebook, Instagram, Twitter, Google секілді ірі интернет-ресурстарға салық салу бастамасын көтерген.

"Жатжұрттық бұл алпауыттар біздің коммерциялық ұйымдарымыздан жарнамасы үшін ғана мыңдаған доллар жинап әкетеді. Сарапшылардың айтуынша, интернет-ресурстар салық төлемеуі кесірінен 500 миллионнан 1 миллиард долларға дейін қаражат жоғалтудамыз. Барлық коммерциялық компаниялар олардың қызметіне жүгініп, жарнамасы үшін ақы төлейді. Ал олар тек өз елдеріне ғана салық аударады", – дейді Руслан Қазақбаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу