Facebook өз ақшасын шығара алмауы мүмкін

5068

G-7, G-20 елдері мен Еуропа "Либраны" мемлекет тәуелсіздігі мен әлемнің монетарлық саясатына төнген орасан қауіп деп есептейді.

Facebook өз ақшасын шығара алмауы мүмкін

Еуропаның ірі державалары Facebook компаниясының сандық валютасына тосқауыл қою үшін күш біріктіріп жатыр. Өйткені, бұл ақша аймақ елдерінің егемендігіне қауіп төндіріп тұр. Мұны жұма күні Францияның экономика министрі Брюно Ле Мэр мәлімдеді.

Америкалық технологиялық алыптың электрондық төлем құралына осыған дейін Италия мен Германия да қарсылықтарын білдірді. Сонымен қатар, қазанның 18-де "Үлкен жиырмалық" мәлімдеме таратып, Facebook жасап жатқан Libra валютасы көлеңкелі жолмен ақша аудару, алаяқтық, заңсыз қаржыландыру тұрғысынан әлемге "үлкен қауіп" төндіріп тұрғанын ескертті.

Италия, Германия, Франция таяу апталарда "либраға" қарсы бір шара қолданатындарын хабарлады. Оның қандай шара екені әзірге жарияланбай отыр.

"Еуропа мұндай ақшаны қаламайды. Өйткені, ол тәуелсіздігімізге қауіпті. Біз қандайда бір жекеменшік компанияға егемен мемлекеттердің монетарлық билігін бермейміз. Facebook пен үкіметтердің басты айырмашылығы сол, біз демократияның бақылауындамыз, халықтың бақылауындамыз", – деді Ле Мэр Халықаралық валюта қоры мен Әлемдік банктің Вашингтонда өткен бірлескен отырысында.

Бейсенбі күні "Үлкен жетілік" елдері де stablecoin немесе "тұрақты монета" деген атпен танымал Libra тәрізді кез-келген сандық ақшаның айналымға енбес бұрын сенімді құқықтық негізге ие болуы қажеттігін атап өтті.

Мэр тәрізді Германия қаржы министрі Олаф Шольц те Libra-ға өте күмәнмен қарайтынын мәлімдеп отыр.

"Мен де мұндай ғаламдық валютаға рұқсат бермеуге жақтаспын. Себебі, ақша саясаты – демократиялық мемлекеттің құзырындағы мәселе", – дейді немістің бас қаржыгері.

Дегенмен, ол халықаралық төлемдерді едәуір қарапайым, арзан әрі жылдам ететін банктік реформаның қажеттігін мойындайтынын жоққа шығармады.

"Либрадан" Visa мен Mastercard бас тартты

Бұл валюта жобасымен жұмыс істеуге әу-баста әлемнің 30-ға жуық компаниясы келісім берген еді. Жақында олардың саны 21-ге дейін азайды. Одан бас тартқан фирмалардың ішінде Visa, Mastercard, eBay, Stripe, PayPal және Bookings Holdings онлайн-туристік кәсіпорны бар.

Libra Қауымдастығы болса, өзін оқшаулауды тоқтатуға тырысып, мемлекеттердің алаңдаушылығын ескеруге уәде беріп отыр.

"Қайталап айтқым келеді, біз құқық жайлы сұрақтарға жауап беру үшін реттеуші органдармен жұмыс істеуды басты назарға алып отырмыз. Және де қажет деген барлық кепілдіктерді қамтамасыз ете аламыз", - дейді осы қауымдастықтың басқарушы директоры Бертранд Перес "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Бірақ, франциялық министр Мэрдің айтуынша, Facebook-пен ынтымақтасуға жол берілмейді және де бұл әлеуметтік желі өзінің криптовалютасын әлемнің резервтік валюталарымен байланыстыруды жоспарлап отыр.

"Facebook долларды немесе еуроны көбірек немесе азырақ қолданып, осы әдіспен долларды немесе еуроны негізгі төлем құралы ретінде қолданатын елдердің саудасы мен өнеркәсібіне тікелей ықпал еткісі келеді. Бұндай жағдай монетарлық саясат пен үкіметтің тиімділігіне зиянды. Facebook сияқты жекеменшік компаниялардың қолына ақша саясатын беріп қоя аламыз ба? Менің жауабым айқын: жоқ", – дейді ол.

Бірақ, ол Францияның Еуропа шеңберіне сандық валюта жасауына қарсы емес. Мэрдің ойынша, Facebook тәрізді жекеменшік компаниялардың бақылауындағы криптоақшаны қабылдау дұрыс емес. Айта кетсек, планетада бұл желіні қолданушылар саны қазір 2 миллиардтан асып отыр.

Libra ассоциациясы өткен дүйсенбіде іске қосылды. Бұл валютаның негізін қалаушы 21 компания құрамына Uber, Spotify, Farfetch және блокчейн операциясымен айналысатын Anchorage, Xapo, Coinbase тәрізді фирмалар кірді.

"Үлкендердің" позициясы

Жұма күні әлемнің ең ірі индустриялдық экономикалары кіретін "Үлкен жиырмалық" елдерінің қаржы министрлері "Либра" секілді криптовалюталарды қатаң бақылау туралы келісімге қол жеткізді. Мұның

алдында "Үлкен жетіліктің" жұмыс тобы дәстүрлі ақша мен активтерге негізденлетін сандық валюталар кең қолданысқа енетін болса, әлемнің монетарлық жүйесі мен қаржылық тұрақтылығы қауіпке душар болатынын білдірді.

Жапония банкінің төрағасы Харухико Кюрода айтқандай, G20 бұндай ақшаларды реттеу жөніндегі дебаттарды таяуда бастайды.

"Саясаткерлер "тұрақты монеталардан" төнетін түрлі қауіптерге алаңдап отыр. Ол проблемалар шешілмейінше, криптовалюталар шығарылмауы тиіс", - дейді Кюродо.

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, бұндай ұстанымдар Facebook компаниясының 2020 жылы Libra-ны іске қосу мүмкіндігін азайтады.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу