Ұялы телефон күн сайын кіріс әкеле бастайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
16520

Ұлттық банк халыққа құнды қағаз сатудан мемлекет 60 млн теңге пайда тапқанын хабарлады.

Ұялы телефон күн сайын кіріс әкеле бастайды

Қазіргі күйзеліс кезінде тек қор нарығынан және компаниялардан ғана емес, қарапайым қазақстандықтардан да қаражатты қарызға алу – ел қазынасының жетіспейтін бөлігін жабудың бір көзіне айналуда.

Өйткені халықтың, соның ішінде дәулетті адамдардың қолында мол қаржы бар деп есептеледі. Бұл байлам ресми деректерге сүйенеді. Атап айтқанда, Ұлттық банктің дерегінше, ақша массасы 18 трл 631 млрд теңгені, соның ішінде айналыста жүрген қолма-қол ақша 1 трл 810,2 млрд теңгені құрайды екен.

Осы көл-көсір қаражаттың бір бөлігін тарту үшін Қазақстанның Ұлттық банкі биылғы наурыз айының соңында ел тарихында тұңғыш рет қарапайым халыққа өз ақшасын еш делдалсыз, тікелей мемлекеттің құнды қағаздарына инвестициялауына мүмкіндік беретін инновациялық өнімді іске қосқан болатын. Осылайша өткен айдан бастап, мемлекет қазақстандықтарға қысқа мерзімді ноталарды сатуға кірісті.

"Нота" деген тек музыкалық дыбыстың графикалық кескіні ғана емес, біршама табыс әкелетін құрал екенін түсінген азаматтар бүгінде қаржылық реттеушінің "Invest online" мобильді қосымшасын жүктеп алуда. Ол адамдарға табан ақы, маңдай термен табылған ақшасына "құнды" деген айқындауышы бар бұл қағаздарды сатып алуына және кейін кері сатуына көмектеседі.

Бірақ бұл қадамға бармас үшін оның не пайдасы барлығын түсінген абзал.

Дәл осы науқанға арнап, 2018 жылғы 27 наурызда мемлекеттік құнды қағаздар – ұлттық банк ноталары шығарылды. Ноталардың жалпы көлемі 50 млрд теңгені құрады.

Бір жылдық мерзіммен шектелген олардың табыстылығы 8,5%-ды құрайды. Осы орайда банктердегі депозиттердің сыйақылары ұлттық валютада 10-12%-ды құрайтынын еске сала кеткен жөн. Олай болса табыстылығы жақсы банктік салымнан айнып, сегіз жарым пайыздық пайда әкелетін нотаға көшуге не себеп болуы мүмкін.

Сарапшылар бұл ретте банктердегі салымдарға 10-12%-дық сыйақы бүкіл жыл бойына есептелетінін еске салады. Басқаша айтқанда, егер жыл он екі ай өтуін күтпей, бір-екі айдан соң, қаржыларыңызды банктен қотарып алсаңыз, қаржылық ұйым небары 1-2% сыйақы ғана төлеуі ықтимал. Ал құнды қағаздың қосымша табыстылығы бар.

"Бүгін әрбір нота 92,19 теңге тұрса, ертең оның бағасы 92,21 теңгеге дейін жоғарылайды. Арғы күні оның құны 92,23 теңгеге барады және солай күн сайын өсе береді. Бір жыл өткен соң, 1 нотаның бағасы 100 теңгеге бағаланады. Біздің яғни ұлттық банктің бұл үдерісті тоқтатуға не бағасын ауыстыруға құқығы жоқ. Схема өте қарапайым және ұтылыссыз. Тәуекелі де жоқ. Тіпті егер сіз нотаны бүгін сатып алсаңыз, алайда дереу қаржы қажет болып қалып, сол күні кері сатсаңыз, бір теңге де жоғалтпайсыз, сол қаржыңызды сол көлемде қайтарып аласыз. Ал егер бір күн аялдасаңыз, ертесіне біршама кіріске ие боласыз. Табысты есептеу және аудару процесін Invest Online жүйесіндегі жеке кабинетіңіз арқылы қадағалай аласыз", – деп түсіндіреді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев. 

Оның айтуынша, ноталарды бір адамның сатып алуына қойылған шектеу жоқ. Жеке тұлға млрд теңгеге мемлекеттік құнды қағаздарды сатып аламын десе де, өз еркінде.

Сарапшылар мұның астарында сыр барлығы жөнінде болжам айтады.

"Мұны заңдастырудың, шетелдегі капиталды кері қайтарудың бір құралы ретінде де қарастыруға болады. Қазір Ұлыбритания шетелге әкеткен активтерін Лондондағы жылжымайтын мүлік, антиквариат және басқа да құндылықтарға салған посткеңестік елдердің олигархтарын нысанаға алып, олардың дәулетінің қаншалықты таза жолмен табылғанын тексеруге кірісті. Егер қожайыны оның тазалығы туралы құжат ұсынып, дәлелдей алмаса, тәркіленіп, тартып алынбақ. Сол сияқты офшорлар да құпияларын ашып, коррупциямен және қылмыспен күресуші ұйымдарға дерек беруде. Ресейге және оның олигархтары мен ірі бизнесмендеріне қарсы америкалық санкциялардың салқыны қазақстандық ауқаттыларға да тиіп кету қаупі бар", – дейді экономист Болат Еркінғазы.

Бірақ ол шығарылған ноталардың көлемінің аздығына (шамамен   151 млн доллардай) назар аудартады. Оның пікірінше, бұл не қаржылық реттеушінің салаға барлау жүргізіп, алғашқы қадамын сақ жасап отырғанын немесе жаңа өнімнің сонша үлкен сұранысқа ие боларына сенімсіз екенін білдірсе керек.    

Қалай болғанда да мамандар бұл құралдың жеңілдігін құптайды. Халық брокерлер мен дилерлер түріндегі делдалдарды іздемей-ақ, ұялы телефоны арқылы мемлекеттің өкілі, әрі эмитент болып табылатын Ұлттық банктен тікелей сатып алады және кейін соның өзіне кері сатады. Бұдан табатын табыстарға ешқандай салық салынбайды, еш комиссия алынбайды. Құнды қағаздардың құны аса арзан. Біреуі 100 теңге шамасында тұратындықтан, ол үшін ең аз жинақтарды да пайдалануға жол ашық.

Бір ғажабы, мемлекет мұнымен шектеліп қалмақ емес. Болашақта қаржылық реттеуші ноталар сатып алған қазақстандықтарға оларды өзгелерге және өзара сатуына рұқсат етудің техникалық мүмкіндіктерін қарастыруда. Яғни тек кәсіби ойыншылар ғана жіберілетін Қазақстандық қор нарығына өзіндік бір балама түзілмек.

Ұлттық банк ұялы қосымшадағы және ноталар сату жүйесіндегі барлық ақша аударымдары, транзакциялар жойылудан сақтандырылғандығына сендіреді. Ал нота алу үшін қажетті Ұлттық банктің электронды ақшаларын оп-оңай қолма-қол ақшаға конвертацияланатын көрінеді. 

Электронды әмиянды "тірі ақшалармен" төлем терминалдарындағы e-kzt.kz бөлімі арқылы немесе банк карточкасы көмегімен толтыруға болады. Ноталарыңызды кері сатсаңыз, ақша карточкаға қайтарылады.

Invest Online ұялы қосымшасын Play Market немесе App Store-ден жүктеп алуға болады. Жүйеде тіркеуден өту үшін электронды цифрлық қолтаңба керек, оны ХҚКО-лардан не БЖЗҚ-дағы жеке кабинетіңіз арқылы ала аласыз.

Сонымен бірге бұл сервисті тек Қазақстан азаматтары ғана пайдалана алады.  

Invest Online жүйесі үш инновациялық шешім негізінде жұмыс жасайды. Біріншіден, алғаш рет мемлекеттік деңгейде "блокчейн" технологиясы қолданылып отыр. Яғни әрбір транзакция бір-бірінен ажырамас блоктар тізбегі түрінде жазылады. Бұл ақпараттың сақталуын және өзгенің қол сұғуы салдарынан өзгермеуін қамтамасыз етеді. Екіншіден, Қазақстанның ұлттық банкі алғаш рет электронды ақша шығарып отыр. Ол әзірге құнды қағаздарға қатысты операциялар бойынша есептесу үшін пайдаланылады. Үшіншіден, ноталарды сату және сатып алу бойынша барлық операцияларға электронды құрылғылар арқылы онлайн режимде қол жеткізуге болады. Яғни түн ортасында оянып, нота сатып алу ойыңызға келсе, мұны сол мезетте жасай аласыз. Рас, түнгі 24:00-де жүйе 20 минут бойы қайта жүктелуден өтеді. Мамандар осынша мерзімнің клиенттерге сонша үлкен қиындық әкелмесіне сенімді.

Келешекте бұл жүйені тек ұлттық банктің ноталарын ғана емес, басқа да құнды қағаздарды орналастыру үшін, IPO өткізу кезінде де қолдану көзделуде.

Осылайша бұл нарықта "шағын революция" жүруде. Бұдан былай мемлекет пен халық арасында мәмілелер делдал құрылымдардың қатысуынсыз, тікелей жасалатын болады. Ал келісімдер еш кідірмей, ертеңге қалдырылмай, онлайн режимде орындалады. Оның үстіне блокчейн енді ауылдарға жол тартты: ғаламторға шыға алатын шалғай елді мекендердің кез келген тұрғыны, шопандар, фермерлер және басқалары аудан-қалаға аттанбай, ноталар бойынша сауданы қашықтықтан жүргізеді.

Блокчейн технологиясы бұл ретте жасалған мәмілелерді есепке алуға және операциялар бойынша ақпараттың бүтіндігін қамтамасыз етуге қызмет етпек.

Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиевтің басшылығымен Алматыда өткен, е-коммерция және блокчейн мәселелері қаралған көшпелі кеңесінде жауапты тұлғалар банктердің, ұялы байланыс операторларының және ІТ қоғамдастығының өкілдерімен бірге, осы жаңа құралдардың нәтижелеріне үңіліп, тиімділігін арттыру жайын ақылдасты.

Талқылау қорытындысында вице-премьер жобаны құптады.

"Блокчейн технологиясы және жасанды зерде негізінде әзірленген бұл шешімдер мен жобалар әмбебап, қолайлы тетіктер болып табылады, оларды бүкіл қазақстандықтар пайдалана алады. Осындай жобаларды іске асыру бизнесті, онлайн-сауданы ынталандырады. Қазақстандықтарға көрсетілетін қызметтердің мол ауқымы қолжетімді болады. Сондықтан үкімет осындай бастамаларды қолдайды", – деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрмановтың айтуынша, "Invest Online" – "блокчейн" технологиясы қолданылған, инвестициялауға арналған жаңа технологиялық өнім саналады.

"Халық үшін Ұлттық банктің қысқамерзімді ноттары шығарылды және жүйе іске қосылған сәттен бастап, олар 60 млн теңге сомаға сатып алынды. Бұл өнімді Қазақстанның кез келген азаматының пайдалануға мүмкіндігі бар, олар ноталарды үйден шықпай-ақ қашықтан иелене алады", – дейді Жанат Құрманов.

Кеңесте қаржылық реттеуші басқа да инновацияларын ел назарына ұсынды. Ол жобалар мобильдік төлемдер жүйесін құруды, жеке тұлғаны қашықтықтан сәйкестендіріп, анықтауды қарастырады.

Мәселен жаңа жобалардың бірі бойынша енді ақша аудару үшін банк картасының нөмірін сұрату қажет болмай қалады.

"Қазақстанда мұндай жүйені құру әртүрлі банктердің клиенттері болып табылатын адамдар арасында төлемдер мен ақша аударымдарын тез арада әрі жеңілдетілген сәйкестендіруші-идентификатор бойынша жүзеге асыруға жол ашады. Жеңілдетілген сәйкестендіруші дегеніміз – клиенттің өз атына бекітілген ұялы телефонның нөмірі", – дейді Ұлттық банктің төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков.

Ұлттық банк қаржы секторында жеке тұлғаны қашықтықтан сәйкестендіру тетігін енгізу мәселесін банктермен, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, пысықтауда. Қашықтықтан сәйкестендіруді іске асыру қаржы нарығын одан әрі цифрландыруға серпін беретін болады деп күтіледі.

Мемлекет осы бағыттағы қосымша шешімдер мен ізденістерін жалғастыратын болды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу