Жаңа облыстар кәсіпорындарға, қаржыға, жерге жарымай жатыр

2961

Ұзақ уақыт өтпей-ақ үш өңірдің әкімдері ауысуы мүмкін.

Жаңа облыстар кәсіпорындарға, қаржыға, жерге жарымай жатыр

Осы аптадағы бір маңызды оқиға сарапшылардың да, былайғы жұртшылықтың да назарынан тыс қалды. Ел Президенті 3 әкімнен алғашқы "емтихан" қабылдады.

Бір қызығы, Мемлекет басшысының қабылдауына Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қана шақырылыпты. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын қабылдамады.

Дереккөздеріміздің айтуынша, Президент оған онсыз да сенеді. Оның үстіне, Берік Әбдіғалиұлы жаңа облысты қалай өркендететінін, қандай тың бастамалар мен жаңа жобаларды жүзеге асыратынын Қ.Тоқаевқа өткенде, Ұлытауда Ұлттық құрылтай өткенде таныстырған.

Ал басқа үш әкімнің позицияларын әзірге мықты деп айту қиын көрінеді. Егер олар жыл соңына дейін өздерін мықты менеджер, креативті басшы, жігерлі реформатор ретінде көрсете алмаса, келесі жылы үш облыста жаңа әкім пайда болуы мүмкін. Бұл ретте конституциялық реформа аясында заңнамаға жыл соңына дейін енгізілетін өзгерістер қолданылмақ. Облыс әкімі лауазымына Президент бірнеше кандидатураны қатар ұсынуға тиіс болады. Соның ішінен біреуін облыс мәслихатының депутаттары таңдайды.

Айта кету керек, референдум 5 маусымда өтті, 7 маусымда толыққанды қорытындысы шығарылды. Яғни Ата заңға өзгерістер қабылданды. Ал үш жаңа облыстың әкімдерін тағайындау туралы Президенттің жарлықтары 2022 жылғы 11 маусымда шықты. Соған қарамастан, жаңа облыстар басшыларын тағайындау рәсімі ескі тәртіппен өткен. Депутаттарға балама кандидаттар ұсынылмады. Өйткені конституциялық түзетулерді заңнамалық тұғырмен қамтамасыз ететін конституциялық заңдар, НҚА-лар әлі қабылданбаған. Демек алдағы жылы әділеттілік қалпына келіп, біраз облыс әкімі баламалы негізде тағайындалуы ғажап емес.

Әділін айтқанда, жаңа әкімдерге әп дегеннен жақсы жағынан көзге түсу күрделі болмақ. Себебі өзге әкімдермен қатар ағымдағы қаптаған проблемаларды шешу, қуқы тірлікпен айналысу сыртында, оларға жаңа әкімшілік бірліктерді, аумақтық жаңа органдар мен мекемелерді құрып, жұмысын жолға қоюдың қырық есекке жүк болар қиыншылықтарын еңсеруге тура келмек.  

Мысалы, жергілікті белсенділердің байламынша, өңірлер бөлінгенде, қазақстандық саясаттың серкесі, ақсақалы – ШҚО әкімі Даниял Ахметов өзіне ірі кәсіпорындар түрінде ең майшелпек активтерді, мол жайылым, шабындық, егістіктерді алып қалған деседі.

Осы орайда мына бір жайт назар аудартады: Қ.Тоқаев "Нұрлан Ұранхаевты Абай облысының әкімі лауазымына тағайындау туралы" №920 жарлығына 11 маусымда қол қойған. Ал Абай облысын Шығыс Қазақстан облысынан бөлудің мәселелері соған дейін шешіліпті. Яғни Нұрлан Телманұлына өз қолына ұстатқанға қанағат қылуға тура келгенге ұқсайды.

Бұл ретте 28 сәуірде ШҚО-ға елордадан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр аттандырылды. Ол облыс әкімі Д.Ахметовпен бас қосып, облыстарды бөлу жөнінде кеңес өткізген. Бұл ақпаратты Үкімет растады. Жиында сол кездің өзінде қос облыстың әкімшілік-аумақтық шекаралары бөлініп, анықталып қойылғаны жарияланды.

Оны аз десеңіз, Үкімет делегациясы Даниял Кенжетайұлымен ақылдаса келе, болашақ Абай облысының ресурстары мен бюджеті бойынша жоспарды да толық дайын еткен. Басқаша айтқанда, Абай облысының бюджетін, жоспарын, шекарасын, ресурстарын Шығыс Қазақстан облысы шақтап, пішіп берген. Жаңа облысқа не беретінін де ШҚО басшысы жария етті.

"Басқармалар мен ведомстволарды орналастыруға келсек, сұрақтар туындамайды. Семей қаласының коммуналдық меншігінде 13 мың шаршы метрден астам жер болады. Тағы 37 мың шаршы метрді бизнес-құрылымдар ұсынуға дайын. Сондай-ақ Семей қаласын дамытудың таяудағы 5 жылға арналған кешенді жоспары талқыланды, оны іске асыруға 260 миллиард теңге бөлінді. 107-сі – маңызды инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмысқа жұмсалады. Тағы 125 миллиардқа қосымша жобалар ұсындық", – деді Даниял Ахметов.

Сарапшылар негізі, бұл сөздерді Нұрлан Ұранхаев айтуға тиіс еді деп қалды.

Сонымен Абай облысының еншісіне 2 ірі кәсіпорын тиді. Бұлар – Ақтоғай және Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны.

Сонда ШҚО-да не қалды? Өңшең алыптар: Өскемен титан-магний комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты, "Қазмырыш", "ВОСТОКЦВЕТМЕТ"-тің үш байыту фабрикасы, "Жезкент тау-кен байыту комбинаты", "Қазақцемент", Ұлттық банктің "Қазақстандық монет сарайы", "Өскемен конденсатор зауыты", "КЭМОНТ", арматура зауыты және басқа да зауыт-кәсіпорындар.

Д.Ахметовтың байламынша, жаңа Абай облысына кірген Үржар ауданында агросектордың әлеуеті жақсы. Тиісті бизнес-идеялар іске асырылуда – "осының барлығы болашақ аймақ бюджеті үшін тамаша негіз болады".

Ақорда 22 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты қабылдауына бірнеше сөйлем ғана арнады. Облыс әкімі Президентке жылумен жабдықтау, жаңа жылу электр орталығын салу, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру, мектептер мен ауруханалар және тағы басқа әлеуметтік нысандар тұрғызу сияқты өзекті мәселелер бар екенін жеткізді. Н.Ұранхаев аймақтың ішкі инфрақұрылымын қалпына келтіру – басым міндеттердің бірі деген.

Жалпы барлық ірі, әрі улы өндірістердің ШҚО-да қалуы Абай өңірінің ауыртпалығына емес, артықшылығына айналуы мүмкін. Жаңа Абай облысының құрамына Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандары, Семей және Курчатов қалалары еніп отыр. Әкімшілік орталығы – Семей қаласы.

Жаңа өлкеге табиғаты тамылжыған, туристік әлеуеті зор, халық арасында ұлылар мекені деп аталатын тарихы бай, төсі шежіреге толы, киелі де қасиетті мекендер кірді. Осының өзі – ұқсата білсе, мол актив. Ең бастысы, қордаланып, жыл сайын артып бара жатқан Семей полигоны аумағының проблемаларын шешуге тура келеді.

Жаңа Жетісу облысының мәселесі де басынан асады. Бұл өңірдегі негізгі өндірістік аймақтар Алматы облысының құрамында қалған көрінеді. Тарата айтқанда, Жетісу облысына тек Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары, Талдықорған және Текелі қалалары берілді. Әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында. Ірі 9 аудан Қапшағай қаласымен бірге Алматы облысына бағынды.

Жаңа облыста Ақсу, Көксу қант зауыттары сияқты өндірістер бар.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың хабарлауынша, жаңа өңір ауыл шаруашылығы мен өңдеу секторын дамытуға баса мән береді, соған маманданады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі, минералды шикізатты өндіру және өңдеу салаларында құны 730,3 миллиард теңге болатын 24 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оларда 3 440 жұмыс орны ғана ашылады.

Абай облысы сияқты, Жетісуға да өңір экономикасын дамыту үшін туризммен айналысуға тура келмек. Бүгінде Алакөл көлінің жағалауындағы инфрақұрылымдарды дамытуға, Балқаш көлі бағытындағы жол құрылысына қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бейбіт Исабаевқа сеніп тапсырылған аймақта біраз аудан тек ауыл шаруашылығымен айналысады. Тиісінше, ауыл кәсіркерлері де, қарапайым тұрғындар да жер, шабындық және жайылым тапшылығын тартып отыр. Осыған байланысты Президент әкімге өңірдегі суармалы алқаптарды ұлғайту үшін ирригация жүйелерін жаңартуды жүктепті.

Жаңа облыстарда қолжетімді баспана құрылысының көлемін арттыру, жолдарды жөндеу, елді мекендерді газбен қамту, өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті дамыту, педагогтар мен дәрігерлердің тапшылығын жою сияқты көкейкесті мәселені шешу талап етіледі.

Үш жаңа облысқа қатысты үкіметтегілер оптимистік көзқарас танытып отыр. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жыл соңына қарай олардың бәрі де өсім жолына шығатынын жеткізді.

"Әкімшілік-аумақтық қайта құрулар жалпы саны 5 миллионға жуық азаматтардың өміріне әсер етуде. Оның ішінде Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында 1,5 млн адам тұрады. Облыс орталығы мәртебесінің қайтарылуы арқасында Семей, Жезқазған және Қонаев қалаларының дамуына жаңа серпін беріледі. Әзірге бұл қалаларда инфрақұрылым тозған, жолдардың сапасы нашарлау, сондай-ақ көлік жүйесінің жай-күйіне байланысты проблемалар жетерлік. Жаңа мәртебе инвестициялар ағынын ұлғайтып, жергілікті проблемаларды неғұрлым тиімді шешілуіне мүмкіндік береді", – дейді министр. 

Жаңа облыстардың құрылғанына екі айға жуық уақыт өтсе де, оларда аумақтық бірліктер мен басқармаларды құру, штат ашу, тиісті кадрлық тағайындаулар жалғасуда. Жаңа әкімдердің бюджеті де жоқ көрінеді.

"Жергілікті атқарушы органдар құрылғаннан кейін өңірлер арасында бюджет пен коммуналдық меншікті бөлу жұмыстары басталады. Негізі, Жезқазған, Семей, Қонаев қалаларында облыс әкімдігі, меморгандар мен қызметкерлердің жұмыс істеуіне қажетті әкімшілік ғимараттар бар. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар облыс орталықтарындағы әкімшілік ғимараттарды сатып алу, жөндеу, жалға алу үшін қажетті бюджет қаражатының алдын ала көлемін анықтады: жалпы қажеттілік шамамен 12 миллиард теңгені құрайды. Бюджет қаражатын бөлу мәселесі бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен қаралатын болады", – деген болатын бас экономист Ә.Қуантыров.

Оның дерегінше, Абай облысының ЖӨӨ көлемі 2 трлн теңгеге дейін, Ұлытау облысыныкі – 1,3 трлн теңгеге дейін, ал Жетісу облысыныкі – 1,1 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2022 жылы Абай облысында – 3,1 млн теңге, Жетісу облысында – 1,6 млн теңге деңгейінде болжанып отыр. Жаңа облыстар ішінде бұл көрсеткіш бойынша ауқаттысы – Ұлытау облысы: жан басына шаққандағы ЖӨӨ 5,5 миллион теңгені құрайды. Ал Алматы облысы алда донорға айналады деп күтілуде.

Берік Әбдіғалиұлы тізгінін ұстаған Ұлытау облысы шағындау ғана: оның құрамына Жаңаарқа, Ұлытау аудандары, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалалары ғана кірді. Орталығы – Жезқазған.

Қорыта айтқанда, жаңадан отау тігіп отырған 3 облыстың алдағы тағдыры, даму перспективалары белгісіз болып қалуда. Басқа түгіл, бюджетінің көлемі де айқындалмаған. Сондықтан жыл соңында, келер жылдың басында үш әкімнің халық алдындағы есебі, не бітіре алғаны сарапшылар тарапынан қызығушылық тудыратыны сөзсіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу