Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болады?

24463

Әр білім ордасы оқу курстары мен элективті курстарды таңдауда дербес.

Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болады? Фото: canva.com

Жаңа оқу жылында педагогтердің жалақысын арттыру мәселесі қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған. Алайда бүгінде педагогтерге сынып жетекшілігі үшін белгіленген қосымша ақының қолданыстағы мөлшерін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2024-2025 оқу жылында қандай өзгеріс болады? Білім беру бағдарламасына өзгерістер ене ме?

"Көркем еңбек" пәнін 2 жеке пәнге "Бейнелеу өнері" мен "Еңбекке баулу" бөліп оқыту жалғасуда. Әр пәнді оқытуға 1 сағаттан бөлінген. 3-сынып оқушылары шет тілін үйренуге кіріседі. Әр мектеп оқу курстары мен элективті курстарды таңдауда дербес", - делінген ведомство жауабында.

Мектептерде оқытылатын "Абайтану", "Алаштану" курстары таңдау курстарына жатады.

"9-11 сыныптарға арналған "Абайтану" курсының бағдарламасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 399 бұйрығымен бекітілген. Бұл курс таңдау курсына жатады. Оны оқыту туралы шешімді әр мектептің өзі дербес қабылдайды. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын гуманитарлық бағыттағы "Абай мектебі" желілік мамандандырылған мектептері 5-11 сыныптарда "Абайтану" пәнін міндетті түрде оқиды. Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 399 бұйрығымен 9-сыныпқа арналған "Алаштану" таңдау курсының үлгілік оқу бағдарламасы бекітілді. Бұл курс – таңдау курсы. Оны оқыту туралы шешімді әр мектептің өзі дербес қабылдайды", - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Биыл су тасқыны болған кей өңірде оқушылар онлайн білім алды. Министрлікке жаңа оқу жылында балалар қашықтан оқытылуы мүмкін бе деген сауал қойдық.

"Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 27 қарашадағы № 349 "Қашықтан оқытуды ұсыну бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша онлайн-оқыту нысанында оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқыту мынадай жағдайларда жүргізіледі: 1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізу, төтенше жағдайлар жариялау; 2) қолайсыз ауа райы метеожағдайлары; 3) білім алушының денсаулық жағдайы туралы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы болған жағдайда; 4) білім алушылардың халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдерге қатысуы; 5) ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің өтініштері негізінде", - делінген ақпаратта.

Жаңа оқу жылында мұғалімдердің айлығы өсе ме?

Оқу-ағарту министрлігінің берген жауабына сәйкес, жаңа оқу жылында педагогтердің жалақысын арттыру қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған.

"Қазіргі уақытта педагогтерге сынып жетекшілігі (топ жетекшілігі) үшін Азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесімен (бұдан әрі – Еңбекақы төлеу жүйесі) белгіленген қосымша ақының қолданыстағы мөлшерін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Өз кезегінде министрлік ұсынылған бастамаға бюджет қаражатының қосымша қажеттілігін айқындап, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға заңнамада белгіленген тәртіпте ұсыныстар енгізуді жоспарлап отыр. Еңбекақы төлеу жүйесінің 4-қосымшасының 9)- тармағына сәйкес білім беру ұйымдарының басқару біліктілік санаты бар басшылары мен олардың орынбасарларына лауазымдық ақыдан 30%-дан 100%-ға дейінгі мөлшерде басқару біліктілік санатына байланысты (басшы-көшбасшы лауазымдық ақыдан 100%, басшы-менеджерге лауазымдық ақыдан 50%, басшы-ұйымдастырушыға лауазымдық ақыдан 30 %) қосымша ақы белгіленген. Сонымен қатар, еңбекақы төлеу жүйесінің 4-қосымшасының 8) тармағына сәйкес біліктілік санаты бар білім беру ұйымдарының педагогтеріне лауазымдық ақыдан 30%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерде педагогикалық шеберлігіне байланысты (қосымша ақы белгіленген", - деп хабарлады ведомство.

Айта кету керек, педагогтердің жалақы мөлшері білім деңгейіне, біліктілік санатына, жұмыс өтіліне, орындалатын жұмыстың көлеміне, сондай-ақ еңбек жағдайлары үшін өтемдік және ынталандырушы қосымша төлемдер мен үстемеақылардың болуына байланысты есептелінеді.

Оқушылардың оқу жүктемесі

"Қазіргі уақытта мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы қолданыстағы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының құрылымдық негіздері сақталады. Оқу мақсаттары, сәйкесінше оқу бағдарламаларының тақырыптық мазмұны оңтайландырылды. Осының есебінен білім алушыға оқу жүктемесі азайтылды, оқу бағдарламаларында пәндер бойынша оқу материалын қайталауға және бекітуге қосымша сағаттар көзделген", - делінген жауапта.

Ғаламторға қолжетімділігі төмен ауылдық жерлерде істейтін мұғалімдер электронды күнделікті толтыруда қиындықтарға тап болып жүр. Былтыр әлеуметтік желіде түрлі бейнежазбаларды көрдік. Бұл мәселе шешімін тапты ма?

"Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп Starlink спутниктік байланысы есебінен ауылдық мектептерді Интернетке қосу жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Қазіргі уақытта 1879 мектептің ішінен StarLink технологиясын пайдалана отырып, 1 730 мектепті (92%) Интернетке қосу бойынша жұмыс жүргізілді", - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу