Жаңа онкоорталықтың қанша қаржыға салынатыны белгілі болды

3272

Елордада елбасы тапсырмасымен тұрғызылатын Ұлттық онкологиялық орталық жетпіс миллиард теңгеге түспек.

Жаңа онкоорталықтың қанша қаржыға салынатыны белгілі болды

Бұл орталықтың қандай жаңа технологиялармен жабдықталатыны да мәлім болды.

"2019 жылы мемлекет Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты құруға кіріседі. Ақпарат үшін айтайын, оның құны шамамен 70 миллиард теңге болады деп бағалануда. Соның ішінде 26 миллиардын жеке инвесторлар өз қаражаттары есебінен инвестицияламақ", –  дейді мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанова.

Бұл орталық қатерлі ісік ауруларының сирек түрлеріне душар болған бір жарым мыңнан астам сырқатты қабылдайды.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова елордалық орталықта қатерлі ісік ауруларының сирек түрлері емделетінін растады.

"Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта жұлын миының  ісігі, бас миының көптеген ісіктері секілді дерттерге ұшыраған, 1600-ге дейінгі көлемде сырқаттарды емдеу жоспарлауда. Бұл қазақстандық сырқаттарға шетелге бармай-ақ, өз елімізде емделуге мүмкіндік бермек", – дейді Диляра Қайдарова.

Ол осы орталықта ел үкіметі бұл саладағы озық технологияларды молынан жинауға тырысатынын жеткізді.

"Орталықта қатерлі ісік ауруларын емдеудің барлық бірегей әдістерін шоғырландыру қажет болады. Бірінші кезекте бұлардың қатарында сәулелі терапия, лазерлік терапия, протон орталығы және иммундық жүйені емдеу жатады. Онда онкоаурулардың сирек түрлерін емдеуге жәрдемдесетін ең озық технологияларға құрылған бірегей құрал-жабдықтар пайдаланылмақ. Бұрын Қазақстанда болмаған бірқатар сәулелі терапия әдістері енгізіледі. Оның бірі "киберпышақ" деп аталады. Бұл жұлын ісігін, бас миын дәлдікпен емдеуге мүмкіндік береді", – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы.

Сонымен бірге, сарапшылар бұл ғаламат жобаның "сақалды құрылысқа" айналып кетпеуге тиістігін ескертеді. Өйткені мәселен, ел Үкіметі осыдан бірнеше жыл бұрын, 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысында ядролық медицинаның үлкен орталығын салуға да белсене кіріскен. Содан бері алты жыл ішінде ол жобаға алты миллиард теңгеден астам қаржы шығындалыпты. Бірақ сол бойы іске қосылған жоқ. Бастапқыда оны 2013 жылдың желтоқсанында тапсыру жоспарланған. Алайда бас мердігер "Иртышгэстрой" ЖШС-ның басы сотқа шатылды. Себебі, компания сұйық радиоактивті қалдықтарды тазалау және сақтау жүйесін дұрыс орнатпаған. Салынып болған конструкцияны тексергенде, оның ішінде ауа сорғысы және желдеткіші, бақылау шұңқырлары, сынаманы алу және басқа да қажетті элементтер жоқ болып шықты.

Яғни, жүйенің жобалық-сметалық құжаттамада арнайы көрсетілген талаптарға мүлдем сәйкес келмейтіні анықталған. Егер нысанды осы күйде қолданысқа бергенде, ол халықты радиациямен улайтын, тиісінше, жаңа сырқаттарды көбейтетін "қауіп ошағына" айналып шыға келетін еді. Сондықтан конструкцияны қиратып, жүйені жобаға сай қайта тұрғызу қажет етілген.

Бұл іс бойынша сот бас мердігерді кінәлі деп таныды. Компания басшысы темір тордың ар жағында жазасын өтеуде.

Ал халық пен клиника қызметкерлері болса, орталықтың іске қосылуын зарыға күтіп жүр. Қазірдің өзінде орталықтың медициналық персоналын екі рет оқытуға шетелге жолдап алған. Өйткені ұзақ күткендіктен, олар семейлік орталықта орнатылып қойылған жаңа технологиялармен қалай жұмыс жасау керектігін ұмытып қалуы ықтимал деп тұспалданды. Алайда қайтадан біліктіліктерін ұштап келген "ақ халаттыларға" жаңа білімдерін құрылғылар арқылы ел игілігіне жаратуға мүмкіндік берілер емес.

Осы түйткілді мәселеге назар аударған Мәжіліс депутаттары көп жыл бұрын орнатылған ол техниканы "заманауи ең озық технология" деп атауға болатынына күмәнданады. Бұл ретте ол техникаға берілген кепілдік мерзімі де өтіп кетіпті. Парламентшілердің бір тобы былтырғы жазда радиологиялық орталыққа кезекті тексеріспен сау ете қалғанда, жергілікті шенеуніктер орталықтың 2018 жылғы қазанда тапсырылатынына уәде етіпті. Алайда қазан айы таусылуға таяу, жобаның қолданысқа берілер түрі жоқ. Қазір "2019 жылдың мамыры" деген жаңа мерзім жария етілуде. Осылайша, берілу мерзімі бесінші рет әрі ысырылды.  

Сол себепті сарапшылар Елбасының өзі бастама етіп көтерген, құны қымбат елордалық орталықта мұндай жөнсіздіктерге жол бермеу жайы да ескерілгені абзал дейді.

Мамандар мұндай орталықтардың Қазақстанға аса қажеттігіне назар аудартады. Елде жыл сайын қатерлі ісікке шалдыққан шамамен 35 мың жаңа сырқат анықталады, жылына шамамен 15 мың адам осы дерттен қайтыс болады. Бүгінде, ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 179 мыңнан астам адам онкологиялық есепте тұр. Олардың ең көп саны Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды облыстарында және Алматы қаласында тіркелген.

Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-інің дерегінше, жыл сайын онкосырқаттарды емдеу үшін 36 миллиард теңгедей қаржы бағытталады. Тағы төрт миллиард теңгедей қаражат қазақстандықтар арасында тегін онкологиялық скрининг тексерулерін жүргізуге бөлінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу