Мәжіліс депутаты Гауһар Танашеваның айтуынша, қазіргі кезде елімізде 21 387 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
"Бұл сандардың әрқайсысының артында қиындық пен белгісіздікке толы адам өмірі тұр. Бұл жай статистика емес, бұл – біздің балаларымыз, біздің болашағымыз! Сол балалардың болашағы уайым-қайғысыз болуына біз жауаптымыз. Мемлекеттен жылына осы балаларды қолдауға 38,7 миллиард теңге бөлінеді. Ал, бұл қаражаттың тек 7,5 млрд теңгесі ғана отбасыларда тұрып жатқан 17 660 балаға жұмсалады", – деді мәжілісмен. Яғни, жетімханаларға басымдық берушілік сақталғанға ұқсайды.
17 660 баланың арасында қамқорлықтағысы – 15 668, патронаттық тәрбиедегісі – 1 660, асырап алған отбасылардағысы – 175, отбасылық үлгідегі балалар үйлерінде тұрып жатқаны – 157.
Колледж оқытушысы Елена Трифонова жетімханалардан шыққан балалардың мемлекетке ашулы екенін айтады.
"Біздің колледж квота бойынша біраз жетімхана тәрбиеленушісін қабылдады. Барлығы деп айтпаймын, бірақ үлкен бір бөлігінің оқуға құлқы жоқ. Мысалы, "өнеркәсіптік желінің операторы" деген өте маңызды, керекті, жауапкершілігі де зор кәсіп. Өнімдердің сапалы болмағы да бірінші кезекте соларға тәуелді. Осы мамандық иелеріне қойылатын жоғарғы талапты осы студенттерімізге де қоя бастасақ, кейбірі ежірейіп шыға келеді. "Мемлекет маған онсыз да диплом беруге міндетті!" дейді. Басқалармен салыстырғанда, оларды оқудан шығара алмаймыз. Содан оқу үлгерімі нашар болса да, білім-білігін көтеру құлықсыз болса да, амалсыз, алға сүйрелеуге мәжбүрміз", – деп проблеманың бір ұштығын шығарды педагог.
"Білім туралы" Заңның 26-бабына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу кезінде 1% квота көзделген.
Ата-анасынан айрылған балаларға оқуы кезеңінде кепілдендірілген әлеуметтік жәрдемақылар, стипендия төленеді. Бұған қоса, тегін тамақтану және тұру, жеңілдікпен жол жүру, киім-кешек түрінде көмек көрсетіледі.
Ресми мәлімет бойынша бес жыл ішінде 4 632 жетім бала техникалық және кәсіптік, 2 300 бала жоғары білім алды. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша балалар үйінің 81 тәрбиеленушісі Мансап орталықтарына (бұрынғы Жұмыспен қамту орталықтары) жүгінді, оның 56-сы жұмысқа орналастырылды.
Трифонованың айтуынша, тастанды балалар ата-анасына деген ренішін, тіпті өшпенділігін мемлекетке, қоғамға көшірмеуі үшін жетімхана атаулыны жауып, оларды толығымен отбасылық жағдайда тәрбиелеуге түпкілікті көшкен жөн.
Бұрынғы жылдары шенеуніктер мен сарапшылар жетімханалардың жаппай жабылып жатқаны туралы жиі мәлімдеме жасайтын. Кейінгі жылдары мұндай үндер өшті. Керісінше, көбейіп бара жатқандай.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов осы мәселеге қатысты Мәжіліске түсініктеме берді. Оның мәліметінше, бүгінде республикада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған (АҚҚ) балаларға арналған 115 ұйым (!) жұмыс істейді. Оларда 3727 тәрбиеленуші контингенті қалған.
"Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда жетім балалар мен АҚҚ балаларға арналған ұйымдардың желісі 21%-ға (20 бірлікке), ал, тәрбиеленушілер саны 19%-ға (694 бала) азайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылы балалар үйлерін "Балаларды қолдау орталықтарына" трансформациялау аяқталды", – деді Үкімет басшысы.
Үкімет орындадық деп отыр. Бірақ гәп бар. Шенеуніктер 80 ұйымды сол бойы "Балаларды қолдау орталықтарына" (БҚО) айналдыра алмаған. Себеп: трансформациялауға жатпайды.
Форматқа ауыспағандары арасында 20 сәбилер үйі, 18 медициналық-әлеуметтік мекеме, кәмелетке толмағандарды бейімдеудің 10 орталығы, 13 жасөспірімдер үйі, 14 балалар ауылы, 5 жекеменшік балалар үйі бар.
Осылайша, 35 орталық қана құрылған. Оларда 1 202 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленуде.
БҚО-ның жетімханадан ерекшелігі неде? Оларда балаларды моральдық-психологиялық, құқықтық жағынан қолдау жүзеге асырылады. Бұл орталықтағы балалар тіпті кейбір отбасылар қызғана қарайтындай мейірімнің мол шуағына бөленіп тұруы шарт.
Жетімханалар өз тәрбиеленушілерін үлкен өмірге тезірек шығарып салып, қош айтысуға ынтығып тұрады. Ал, БҚО-лар түлектерін интернаттан кейінгі жылдарында да сүйемелдеумен айналысуға тиіс.
Егер тәрбиеленушісін отбасы асырап алса, онымен байланыс орнатып, баланың ол шаңыраққа тастай батып, судай сіңуіне көмектесіп, балаларды кері қайтару фактілерін болғызбауы қажет. Яғни, ол үшін қабылдаушы ата-аналарды сүйемелдеу жұмысы жүргізіледі.
Дамыған елдердің үлгісінен алынған БҚО-ларда балалардың мінез-құлқы да түзеліп шығуға тиіс. Мысалы, 2024 жылы осы орталықтардың көмегімен 394 бала кезінде өзін тастап кеткен анасына, туған отбасыларына қайтыпты. Тағы 454 баланы өзге отбасылар асырап алды. Ондай отбасылармен 318 тренинг өткізілген.
Бала қабылдағысы келетін кандидат 1 022 ата-анаға кеңес-консультация берілді. Бала қабылдаушы отбасыларға орталық мамандары 279 рет барып, экс-тәрбиеленушісінің жағдайымен танысып қайтқан екен.
Жалпы алғанда, қазақстандық азаматтар 3 635 баланы бауырына басты. Бірақ соның ішінде 245 бала немесе 7%-ы жетімханаларға кері қайтарылды.
Олжас Бектеновтің түсіндіруінше, балаларды қайтарудың ең көп тараған себептері келесідей:
- баланың өтпелі жасы, пубертат кезеңінде мінез-құлқының күрт өзгеруі,
- ата-ана мен баланың өзара түсіністік таппауы,
- қамқоршының сырқаттануы немесе қайтыс болуы салдарынан баланың қайта жетім қалуы,
- туған ата-анасын тауып алуы және басқасы.
Үкімет басшысы 13 пен 17 жас аралығындағы балаларды қайтаруды көбінесе – 85%-ында баланың туыстары, соның ішінде атасы, әжесі, тәтесі, ағасы жүзеге асыратынына назар аудартты.
"Балалардың жетім балаларға арналған ұйымдарға қайта әкелінуі фактілеріне жол бермеу мақсатында 2020 жылдан бастап әлеуетті қабылдаушы ата-аналардың психологиялық даярлықтан өтуі бойынша міндетті талап заңнамалық түрде енгізілді. Психологиялық даярлық бағдарламасының тақырыбы, психологиялық даярлық бойынша қызметті ұйымдастыру тәртібі және сертификат нысаны бағдарлама мазмұнына қойылатын талаптарда айқындалды. Психологиялық дайындықты жетім балаларға арналған 52 ұйым және "Ана үйі" қоғамдық қоры тегін жүзеге асырады", – деді ол.
Айта кету керек, бүгінде Мәжілісте "Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері" бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасы қаралуда. Соның аясында Қазақстанда "кәсіби қабылдаушы отбасылар институты" енгізіледі.
Депутаттар мұндай отбасыларға бала алып, бағып-қаққаны үшін молырақ жәрдемақы төлеуді ұсынды. Кәсіби қабылдаушы отбасылар жетімханалардың ғана емес, БҚО-лардың да тәрбиеленушілерінің санын қысқартуға мүмкіндік береді.
Жаңа заң қабылданса, "Балаларды қолдау орталықтарының" миссиясы өзгереді: олардың ендігі қызметі "балаларды тәрбиелеу мен күтіп-бағудан" "қабылдаушы отбасыларды және балаларды сүйемелдеуге, осы отбасыларға берілген балаларға бақылау жасауға" өзгеріп, жұмысы қайта форматталатын болады.
Заң жобасын іске асыру үшін қазірден балаларды және кәсіби қабылдаушы отбасыларды сүйемелдеу стандартын қамтитын кәсіби қабылдаушы отбасылар туралы ереже әзірленді.
Қорыта айтқанда, бұдан былай Үкімет балаларды отбасылық жағдайда тәрбиелеуге, жетімдерді қайтару санын азайтуға, кәсіби қабылдаушы тәрбиешілерді даярлауға, сондай-ақ оларды орталықтардың толық сүйемелдеуін қамтамасыз етуге бағдарланатын болады.