Жаңбырлы аймақтарда су шығыны жоғары

825

Жолдауда айтылғандай, еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр.

Жаңбырлы аймақтарда су шығыны жоғары Фото: canva.com

Жамбылдық шаруалар диқандарға бақша өнімдерін қай жерге егу тиімді екені туралы дұрыс кеңес берілмейтінін айтады.

Диқандар су тапшылығының туындауының тағы бір себебін осымен байланыстырады. Шаруалар соңғы жылдарда жаңбырлы аймақтарға да көкөніс көп егілетінін айтуда. Ал бұл аймақтарда топырақтың құнарлығына байланысты су шығыны әрқашан әлдеқайда жоғары болады екен.

"Жаңбырлы аймақтарға пияз немесе қызылша егуге келмейді. Бірақ, қазір бұл дақылдар дәстүрлі суармалы жерлерге емес, дәл сондай алқаптарға егілуде. Жаңбырлы жерлерді суару кезінде барлық су өсімдіктерге пайдасыз тереңдікке сіңіп кетіп, көбірек суару қажет болады", - дейді Байзақ ауданы Мырзатай ауылдық округінің диқаны Әнуар Серікбаев.

Байзақтық шаруалар қырғыз елінен келетін суға деген зәрулікті төмендету үшін егістік алқаптарын тамшылатып суаруға көшуді ұсыну қисынсыз деп есептейді. Себебі алдымен ол үшін су жинау резервуарларын салу керек екен.

Мырзатай ауылдық округінде бұрын 12 артезиан ұңғымасы жұмыс істеп тұрған. Бірақ олар тоқсаныншы жылдардан бері қараусыз қалып, құдықтар бітеліп қалыпты.

"Бірнеше жыл бұрын артезиандарды қалпына келтіру бағдарламасы қабылданады деген. Бірақ бұл сөз күйінде қалды. Ауыл тұрғындарының құдықтарды қайта аршып алуға өз күшімен жүзеге асыруы мүмкін емес. Қарапайым құдықтардың өзінде су 3-4 метрден 8-12 метрге дейін  төмендеп кеткен", - дейді ауыл тұрғыны Ә.Монбаев.  

Диқандар жыл басында "ҚазСушар" РМК бөлімінің мамандары алдағы суару маусымына судың жеткілікті болады деп сендіргенін айтады. Содан кейін шаруалардың басым көпшілігі суды көп қажет ететін дақылдарды егіп, су тұтынудың деңгейі күрт артқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу