Жарты миллионнан астам азамат салық рақымшылығын пайдаланды

16913

Олардың 2,8 млрд теңге өсімпұлы мен айыппұлы есептен шығарылды.  

Жарты миллионнан астам азамат салық рақымшылығын пайдаланды

ҚР қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов шағын және орта бизнес (ШОБ) пен жеке тұлғаларға жасалған салық рақымшылығының нәтижесін мәлімдеді.

"Қаржы министрлігі заңнамаға түзетулер егізіп, тиісті ішкі нормтивтік құқықтық актілер әзірлегеннен кейін, салық рақымшылығы жүзеге асты. Рақымшылық науқанына іліккен салық төлеушілердің өсімпұлдары мен айыппұлдары есептен шығарылды. Республика бойынша 41 183 салық төлеуші ШОБ өкіліне салық рақымшылығы жасалып, 8,3 млрд теңге өтелді. Ал кешірілген өсімпұлдар мен айыппұлдар – 2 ,9 млрд теңгені құрады", – деді Берік Шолпанқұлов.

Вице-министрдің айтуынша, салық есептілігін тапсыруда кеткен кемшілігін уақытылы жойған және қосымша салық есептігін ұсынған шағын және орта бизнес өкілдері де айыппұл мен өсімпұлдан босатылған. Рақымшылық алған кәсіпкерлердің басым көпшілігі көтерме және бөлшек сауда нарығында жұмыс істейді.

"Салықтық тексерулердің нәтижесіне шағымданып, берешегі анықталмаған салық төлеушілер, сондай-ақ өткен жылдың тамыз айынан бергі уақытта салық заңнамасын бұзған, алайда қателіктерін өз бетінше жойған және 2018 жылдың 1 қазанына дейін төлеу мерзімі өтіп кеткен кезеңге қосымша салық есептігін ұсынған салық төлеушілерге рақымшылық жасалды. Осындай салық рақымшылығын 3214 салық төлеуші пайдаланды. Олар 10,1 млрд теңге берешегін төлеп, 3,6 млрд теңге айыппұлы мен өсімақысы есептен шығарылды. Олардың 75%-ы көтерме және бөлшек саудамен айналысушылар", – деді ол.

Қаржы министрлігі өкілі шағын және орта бизнестің қанша салықтық қарызы кешірілгенін айтып берді.

"Осылайша, 44 397 салық төлеуші салықтық рақымшылықты пайдаланды. Олар жалпы 18,4 млрд теңге берешегін төледі. Ал амнистия арқасында есептен шығарылған айыппұл мен өсімақы – 6,5 млрд теңгені құрады", – деді Берік Шолпанқұлов.

Былтырғы жылдың тамыз айында жеке тұлғаларға да салық рақымшылығы жарияланған еді. Осы науқан аясында еліміздің азаматтары өткен жылдардың тек негізгі берешегін ғана төлеуге мүмкіндік алған болатын.

Берік Шолпанқұловтың мәліметінше, өткен жылдың аяғында 1,4 млн адамның салық үшін өтеуі тиіс борышы болған. Олардың негізгі қарызы – 13,9 млрд теңге, ал өсімақысы 6,3 млрд теңгені құраған.

"Жеке тұлғалардың берешегі негізінен көлік құралдарына салынатын салыққа жиналған. Жалпы сомасы – 10,1 млрд теңге, пайызға шаққанда жалпы соманың 73%-ы. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 672 530 жеке тұлға 14,6 млрд теңге қарыз төленіп, олардың 2,8 млрд теңге өсімпұлы есептен шығарылды. Ең көп қарызы болған Алматы қаласында 100 769 салық төлеушінің 1,1 млрд теңге борышы кешірілді. Осылайша негізгі қарызды ғана жапқан азаматтар табыстарын сақтап қалды", – деді вице-министр.

Берік Шолпанқұлов сөзінің соңында салықтық рақымшылықты кәсіпкерлер мен ел азаматтары жақсы қабылдап, негізгі берешегін өтеуге ынтасы артқанын айтты. Борышын өтеген кәсіпкерлердің бұғатталған есеп-шоттары ашылып, шектеуде болған мүліктері қайтарылып, жұмысын жандандыруға мүмкіндік алған.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу