Әрине, мұнда қарыздың мөлшері де ескеріліп отыр. Тиісті талап 3 млн 692 мың теңгеден (1000 АЕК) асатын банктік қарыздар мен микронесие алу кезінде қолданылатын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл өзгеріс отбасының жалпы қаражатына теріс әсерді болдырмау мақсатында жасалып отырғанын жеткізді. Оған негіз де жоқ емес. Осыған дейін депутаттар "халық несие қамытын киіп отырғанын" айтып, дабыл қаққан болатын. Бұл мәселеге бір басында бірнеше несиесі бар азаматтарды да қосыңыз.
Қабылданған өзгерістерге сәйкес, енді банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз бермес бұрын несие алуға келген азаматтың некеде болуын тексеруге міндеттеледі. Бұл деректерді олар Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесінен анықтай алады. Егер де азаматтың не азаматшаның некеде тұрғаны анықталса әрі сұратылған қарыз мөлшері 1000 АЕК-тен асатын болса, онда ерлі-зайыптылардың бірінің келісімі қажет.
"Келісім еркін жазбаша нысанда банктің бөлімшелерінде немесе МҚҰ филиалында қағаз тасымалдағышта не электрондық нысанда ресімделеді. Егер қарыз алушының жұбайы (зайыбы) кредитордың клиенті болған жағдайда, келісімді кредитордың мобильдік қосымшасы арқылы, өзге жағдайларда – клиенттің жұбайы (зайыбы) биометриялық идентификаттаудан өткен болса, "электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы ресімдеуге болады", - деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Бұдан бөлек тиісті рұқсатсыз берілген несиелерді банктер есептен шығаруға міндеттеледі.
Экономист Бауыржан Ысқақов қолданыстағы заңнамаға жоғарыда айтылған өзгерістердің енгізілуін қолдап отыр.
"Жалпы мақсатсыз, қандай да бір кәсіпке бағытталмаған, қандай да бір эмоцияның, қызығушылықтың, психологиялық күштің әсерімен алынатын несиелерге қарсы адамның бірімін. Көп адам осымен келіседі деп ойлаймын, бірақ та қазақстандықтардың (арасында) әлі де жөн-жосықсыз несие алып жатқандары өте көп. Қарызын төлей алмай, өзінің несие тарихын бұзып жатқандар да бар. Нақты бір мақсатқа байланысты емес алынатын несиелердің де саны өте көп", - деді ол.
Сөзінше, биліктің несие алу тәртібін қатаңдатып жатқаны дұрыс.
"Ойынқұмарлар, басқа да жағдайға түсіп кеткендер қарызды өз бетімен алып, аяғында оны әйелі білмей, арты ұрыс-керіске айналып жатады. Сол үшін де жанұяда қандай да бір байланыс орнап, несие алу ақылдасып жасалынатын дүниеге айналады деп ойлаймын", - деді экономист.
Алайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділер тиісті өзгеріс адам құқығына қайшы деп есептейді. Кейбір сарапшылар бұл норманы отбасындағы қарым-қатынасқа араласу, әйелді күйеуіне, күйеуін әйеліне тәуелді ету деп түсінеді. Сарапшыдан осы мәселеге қатысты пікірін білдік.
"Бұл күйеуін әйеліне, әйелін күйеуіне тәуелді қылады дегенге қисыны келмейді. Өйткені қазіргі қоғам өте ашық, барлығының да құқығы бір, бәрі де өз пікірін айта алуы керек. Үйдегі ауызбіршіліктің болмауы кәсіп, табыс болмағанда, күйеуі өз бетімен несие алып, оны басқа мақсаттарға жұмсаған кезде шығады", - деп атап өтті Бауыржан Ысқақов.
Экономист адамдардың несиеге батып өмір сүруін қалай тоқтатуға болатынын айтты.
"Оған көптеген фактор әсер етеді. Ең әуелі адамдар не үшін несие алады дегенге келетін болсақ, көбі жағдайдың жоқтығынан. Мысалы, қыркүйек айы жақындап келеді, бір үйде үш-төрт бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар, олар мектепке қажет заттарды алу үшін несиеге кіріп жатады. Сол үшін де халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілуі керек. Тапқан табысы киімге, азық-түлікке, коммуналдық шығындарға және адамның дамуына да жетуі керек. Сондықтан да инфляцияның алдын алып, ақшаның құндылығына назар аударуымыз керек. Яғни, ақша құнсыздаған сайын біздің несиеге тәуелділігіміз арта береді. Инфляцияны төмендетіп, халықты жұмыспен қамтуымыз керек. Екіншіден, көрпеге қарай көсілу де маңызды. Өткен жылы тұтынушылық несиелердің 80 пайызы той-томалаққа, табыс әкелмейтін салаға алынған. Ешқандай есепсіз, есерленіп, ысырапшылдыққа салынып алынатын несиелер көп. Осындай пайдасыз шығындардың алдын алатын болсақ, адамдардың несиеге батуын тоқтатамыз. Әрине, бұған адамдардың өзі де дайын болуы керек. Тапқан табысын жинақтап, тиімді басқара білетін болса ғана нәтиже болады", - деп жалғастырды спикер.
Бұдан бөлек сарапшы ипотека және несие пайызының төмендеуіне де тоқталды.
"56 пайыздан 43 пайызға дейін төмендеді деп айтылып жатыр. Айтарлықтай азайды деп айта алмаймын. Бізде жалпы Орталық Азия бойынша әлемдік статистикада ең жоғарғы ставка. Оған Ұлттық Банктің қайта қаржыландыру ставкасы әсер етеді. Оны да түсіру керек, егер де мемлекет қайта қаржыландыру ставкасын төмендететін болса, онда банктердің беретін ипотекалық және тұтынушылық несиелері төмендейді. Ипотека пайызының төмендеуі адамдарға тиімді болады, себебі ай сайынғы несиелік ауыртпашылық азаяды деп ойлаймын", - деді экономист Бауыржан Ысқақов.
Айта кету керек, осыған дейін елімізде несие пайызы төмендегенін жазған болатынбыз. Енгізілген түзетулерге сәйкес, енді кепілсіз несие және микрокредиттер бойынша жылдық пайыздық сыйақы мөлшерлемесі 56 пайыздан 46 пайызға азаяды.