Жастарға жұмыс жоқ па, әлде жастарда білім жоқ па?

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
5885

Қазір жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%.

Жастарға жұмыс жоқ па, әлде жастарда білім жоқ па?

Дегенмен жұмыспен қамтылғандардың жартысына жуығы жалдамалы жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Демек экономикалық белсенді 2,3 млн жастың тек жартысы ғана тұрақты жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, елдегі экономикалық 2,3 млн жастың 42%-ы жоғары білімі болса, 32%-ы арнаулы кәсіптік білім игерген. Ал қалған 26%-ы мектеп бітіргеннен кейін білім алмаған. Яғни елдегі 18-29 жас аралығындағы жастардың 500 мыңнан астамы мамандық игермеген.

Белгілі бір мамандық игерді деген 1,8 млн-ға жуық жастың 736 мыңы колледж бен арнаулы кәсіптік білім беру мекемелерінің түлектері. Олардың біліктілік деңгейі сыртқы еңбек нарығы тұрмақ, ішкі бәсекелестікке төтеп бере алмайтыны жасырын емес.

Сапасыз мамандардың даярлануына осылайша түрткі болып отырған бірінші фактор ретінде министр әлгі білім беру мекемелерінің жергілікті атқарушы биліктің қарамағында қалуымен түсіндіреді.

"Жұмыс істеп жүрген жастардың тек 10,3%-ы ғана өнеркәсіпте еңбек етеді. Еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие инженерлік-техникалық мамандық игергендері өте аз", – дейді Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, өткен жылы республикада 1097 жұмыс орны болса, жыл соңына дейін жұмыс берушілер өздеріне қажетті маманды таба алмаған. Соның ішінде инженерлік-техникалық мамандар тапшы болған.

Мәселенің шешімі ретінде Тамара Дүйсенова биылдан бастап өңірлердегі жергілікті атқарушы билік мемлекеттік грантқа тапсырыс бергенде бірінші кезекте қажетті мамандықтарға басымдық беруге шақырды.

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін азайту үшін үкімет 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасын қабылдады. Бағдарламада мамандық игермеген жастарға тегін білім беру қарастырылыпты.

"Жаңартылған бағдарламада басты назар жаппай оқыту арқылы нақты дағдыларды қалыптастыруға аударылған. Оқытылғандардың алған дағдылары олардың жұмысқа орналасу немесе жеке ісін ашу мүмкіндігін арттырады. Бұған жұмыспен қамту орталықтары мен бұрынғыдай ауылдарда ғана емес, қалаларда да шағын несиелеу құралдарын қолдану кеңейтілген жаппай кәсіпкерлікті дамыту шаралары ықпал етеді", – деді бүгінгі үкімет отырысында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Бағдарламаны іске асыру үшін ведомство үш негізгі бағытты анықтаған.

Біріншіден, орта арнайы немесе жоғары оқу орындарына түспей қалған, білімі жоқ 100 мыңға жуық жасқа ерекше көңіл бөлінеді. Олар техникалық және кәсіптік білім базасында алғашқы жұмыс кәсібін тегін алу мүмкіндігіне ие болады.

Екіншіден, жастарды жұмыспен қамту шараларында кәсіби бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру да қамтылады. 2017 жылы білім және ғылым министрлігі бірлесіп, барлық жалпы білім беретін мектепте, жоғары оқу орындары мен колледждерде кәсіби бағдар беретін кабинеттер іске қосылады.

Үшіншіден, білім мекемелерін тәмамдаған жастарды жұмысқа орналастыруда туындайтын кедергілердің бірі – еңбек өтілінің болмауына байланысты "алғашқы жұмыс орны" мәселесі. Оны шешу үшін "жастар іс-тәжірибесі" сақталады, бұл жас түлектерге мемлекеттің қолдауы есебінен жұмыс дағдыларын игеріп, алғашқы еңбек өтілін алуға мүмкіндік береді, ал бұл болашақта тұрақты жұмыс орнымен қамтылуына жол ашпақ.

Министрдің сөзіне сүйенсек, биылдан бастап жастардың алғашқы жұмысқа тұруына кедергі келтіретін "жұмыс өтілінің жоқтығы" мәселесі шешілмек.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылдың қорытындысында, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9% болды. Дегенмен Тамара Дүйсенованың пікірінше, жұмыспен қамтылған жастардың жартысына жуығы жалдамалы жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жоғарыда көрсетілген экономикалық белсенді 2,3 млн жастың тек жартысы ғана тұрақты жұмыс істейді.

Жалпы жастардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсететін елде бірнеше бағдарлама жұмыс істеп жатыр екен. Бірақ олардың бар екенін біреу білсе, біреу білмейтін болып шықты. Мәселен әлеуметтік сауалнаманың нәтижесіне қарайтын болсақ, жастардың 40-50%-ы "Қолжетімді баспана", "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Дипломмен ауылға" секілді бағдарламалардың атын естігенімен, оған қатысу тәртібі мен олардың нақты қандай көмек беретінінен хабарсыз болып шықты.

Ал 2012 жылдан бері жұмыс істеп жатқан жастар ресурстық орталықтарына елдегі 4 млн-нан астам жастың тек 6%-ы ғана барған екен. Осы орайда дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев үкіметтің бұл тұрғыда ақпараттандыру жұмыстарының әлсіз екенін алға тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу