"Жасыл қаржы" "Жасыл жобаға" жұмсалады

3241

Қазақстан әлем қолданып жатқан қаржы құралдарының жаңа түрінен қалыс қалмақ емес. Мақсатқа жету үшін "Астана" халықаралық қаржы орталығына "Жасыл облигация" айналымын жандандыру міндеті жүктелген, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Жасыл қаржы" "Жасыл жобаға" жұмсалады

"Жасыл облигация" немесе "Жасыл қаржы" деген термин осыдан 3 жыл бұрын қолданысқа енді. Бастапқыда оның құны төмен болды. Сәйкесінше бағалы қағаз¬дың дәл осы түріне көпшілік қызығушылық танытпады. Уақыт өте келе "Жасыл облигацияның" жиынтық құны 3 млрд доллардан асты. Сол-ақ екен әлем елдері "Жасыл облигация" шығаруға кірісті.

"Жасыл облигация" басқа облигациялардан сатылымнан түскен табысты экологиялық жобаға жұмсайтындығымен ерекшеленеді. Мысалы, баламалы энергия көздері мен электрокар өндірісін дамытуға "Жасыл облигацияның" қаржысы құйылады. 

Бүгінгі таңда біздің ел 2025 жылға дейін "Жасыл облигация" саласы бойынша Орталық Азия елдерінің көшбасшысы болуға ұмтылып жатыр. 
EXPO-2017 көрмесі аясында "Жасыл технологиялар" саласындағы жобаларға қажетті инфрақұрылым ұсынылып, инвесторлар үшін ыңғайлы жағдай жасалды.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданып, оған "Жасыл қаржы" құралын ілгерілету міндеті жүктелді. Бұған қоса қоршаған ортаны ластап жатқан ірі өндіруші кәсіпорындарға "Жасыл облигация" шығару талабы қойылды. "Астана" халықаралық қаржы орталығы арқылы экологияға зиян келтірмейтін жобаларға инвестор тарту бастамасы қолға алынды. 

"Астана" халықаралық қаржы орталығы "Жасыл қаржы" департаментінің директоры Әсел Нұрахметова журналистерге берген сұхбаттарының бірінде "Жасыл облигация" еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал ететінін айтты. Оның сөзінше, бұл үшін стартап жобаларды жүзеге асыру қажет. 

Жасыл экономикаға көшуді ілгерілету мақсатында мемлекет қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қызметті ынталандыруға көшті. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлчехра Талқамбаеваның айтуынша, "Жасыл облигация" – борыштық бағалы қағаз. Осы арқылы эмитент экологиялық мәселелерді шешуге қатысы бар жобаларға қаржы тартады. 

"Жасыл облигациямен" қаржыландырылатын "Жасыл жобаларды" экология министрлігі әзірлейді. 

Атап көрсетерлігі,кез келген басқа бағалы қағаздар сияқты "Жасыл" облигацияны" коммерциялық ұйымдар шығара алады. Шығарылым "Бағалы қағаздар нарығы туралы" ҚР заңына сай жүзеге асырылады. "Жасыл  облигация" басқа құнды қағаздар секілді айналыс мерзімі бойынша қамтамасыз етілген, қамтамасыз етілмеген, айырбасталатын, айырбасталмайтын болып жіктеледі. 

Гульчехра Талқамбаеваның түсіндіруінше, "Жасыл облигацияларды" орналастырудан алынған ақша қолданыстағы табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге, энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыруға, климаттың өзгеру салдарын жұмсартуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға ғана пайдаланылуы тиіс. 

"Эмитент "Жасыл облигацияны" орналастыру мерзімі ішінде қаржыландырылатын жобаның қоршаған ортаға әсері бойынша жыл сайын есеп жариялауға тиіс", – деді департамент директорының міндетін атқарушы. 

Сөз арасында ол табыстылығы алдын ала белгіленген оқиғалардың басталуына байланысты болатын инвестициялық облигациялар қалай жұмыс істейтінін айтты.  
"Халықаралық тәжірибеге сәйкес, негізгі сыйақыны алумен қатар инвестициялық облигацияны ұстаушының белгілі бір жағдайдың туындауына не туындамауына байланысты қосымша сыйақы алу құқы бар", – деді Гүлчехра Талқамбаева.
Оның мәлімдеуінше, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мемлекеттік тіркеу тәртібін, сондай-ақ инвестициялық және "Жасыл облигация" шығару, оны айналысқа жіберу сонымен қатар өтеу тәртібіне қойылатын талапқа түзету әзірлеп жатыр. Осындай бағалы қағаздар жыл соңына дейін қолданысқа енгізіледі. 

"Жасыл экономикаға" көшіп жатқан елдің дәл осы бастамасы эмитенттер мен инвесторлардың қызығушылығын арттырады деп сенемін", – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу