Жаз айларында үй бағасы қалай өзгереді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
7419

Былтыр ұдайы арзандаған үй бағасы, биыл жыл басынан бері республика бойынша тұрақтылықты сақтап отыр.

Жаз айларында үй бағасы қалай өзгереді

Республика бойынша болмашы қымбаттаушылық байқалады

Дегенмен, кей өңірлерде болмашы өзгерістер байқалады. Мәселен, krisha.kz порталының деректерінше, Астана қаласында сәуір айы қорытындысы бойынша баға 0,7% төмендеп, шаршы метрі 327,5 мың теңгеге дейін түсті. Ал Алматы қаласы бойынша шаршы метр құны 0,4% азайып, 339 мың теңгені құрады. Дегенмен, Алматыдағы бағаның керісінше қымбаттап бара жатқанын алға тартушы сарапшылар да бар.

Республика бойынша ең қатты арзандаған өңірлер Ақтөбе мен Семей қалалары, тиісінше 0,9 және 1%. Бұл қалалардағы орташа баға 152 мың және 165 мың теңге.

Арзандаған қалалардың қатарында тағы Ақтау мен Қарағанды бар. Бұл екі облыс орталығында үй бағасы бар болғаны 0,1% төмендеп, тиісінше шаршы метріне 216,4 және 201,7 мың теңгеге теңесті. Осылайша, республика бойынша 6 қалада арзандау үрдісі байқалса, 8 қалада баға көтерілуде.

Көкшетау, Қызылжар мен Қостанайда баға 0,2-0,3% аралығында қымбаттаса, Шымкент үйлері 0,7% көтеріліп, шаршы метріне 193,5 мың теңгеге жеткен.

Ал Павлодар мен Өскеменнің үйлері тиісінше 1,5 және 1,7% қымбаттады. Ең қарқынды қымбаттаушылық Тараз (+1,8%) бен Орал қалаларында (+2,1%). Жалпы, республика бойынша орташа есеппен үй бағасы соңғы айда 0,3% көтерілген екен.

Ал үй бағасының қымбаттығы жағынан алғашқы бестікте Алматы, Астана, Ақтау, Қарағанды мен Шымкент қалалары тұр.

Ең арзан үйлер Ақтөбе, Тараз, Павлодар, Семей мен Өскемен қалаларына тиесілі.

"7-20-25" бағдарламасы үй бағасын өзгертпейді

Республика бойынша үй саудасы да былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда бәсеңдеу. Әсіресе Алматы мен Астана қаласында жылжымайтын мүлік саудасы төмендеген. "7-20-25" бағдарламасынан кейін халықтың төлем қабілеті артып, үй саудасы қыза түседі, бұл өз кезегінде бағаның көтерілуіне алып келеді деген алып-қашпа әңгімелер болғанымен, банктердің өздері бұл бағдарламаға сенімсіздікпен қарап отыр. Олардың алға тартатыны бұл бағдарламаға жаңадан қатысушылар келмейді, бұрынғы "Нұрлы жер" секілді бағдарламалардың әлеуетті тұтынушылары осы жаңа ипотекаға ауысып, үй сатып алушылардың санаттары өзгергенімен, саны өзгеріссіз қалмақ.

Жылжымайтын мүлік саласындағы "Этажи" компаниясының директоры Жани Тұрысованың айтуынша, 2017 жылдың соңынан бастап қымбаттай бастаған үй бағасы оң динамикасын сақтап тұр. Дегенмен, бұл жерде мемлекеттік бағдарламаның әсері жоқ. Аталған тенденция – "табиғи өсім". Сарапшының айтуынша, мегаполистерді санамағанда, облыс орталықтарында үй бағасы өсуге тиіс.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда елде берілген ипотеканың 83%-ы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тиесілі. Тағы "Нұрлы жердің" де аздаған үлесі бар. Бұл дегеніңіз республика бойынша жылжымайтын мүлік саудасы мемлекеттік бағдарлама есебінен қамтамасыз етілуде.

ҚР Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайыновтың сөзін kn.kz басылымы былай келтіреді: "2008 жылға дейін халық қандай шартпен болса да үй алып қалуға тырысты. Қазіргі таңда нарықта ұсыныс ұлғайып, жылжымайтын мүлік ажиотажы аяқталды. Қазір жағдай бірқалыпты. Соңғы екі жылда елде рекордтық көрсеткіште үй салынды. Бұл өз кезегінде баспана нарығында оң әлеуметтік нәтиже көрсетеді", – дейді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу