Расын айтқанда шегірткенің қаптауы үйреншікті жағдайға ұқсап барады. Егінді зиянкестер отап, шығынға ұшыратқаны аздай, қарапайым ауыл тұрғынының да тынышын алатынды шығарды.
Биыл бұл жағдай қай өңірлерде қайталануы мүмкін, шегірткені жоюға бюджеттен бөлінетін қаржы неге көмегін тигізе алмай жатыр?
Миллиардтар неге нәтиже бермеуде?
Бір қарағанда елеусіз көрінетін бұл мәселе Үкіметке де, халыққа да ауырлық салып, бюджеттің де шетін шығаруда. Мысалы, 2024 жылы Қазақстан үкіметі шегірткемен күреске жалпы сомасы 8,1 млрд теңге бөлген. Алғашында республикалық бюджеттен 1,27 млн гектар алаңды тазартуға 4,2 млрд теңге қарастырылған. Алайда шегірткелер тым көп таралып, тазартуға тиіс аумақ та ұлғайды. Амалсыз Үкімет резервінен тағы да 3,9 млрд теңге қаралып, 1,3 млн гектар жерге химиялық қоспалар себілді.
Негізі жыл сайын зинякестердің таралу аймағы артып жатқанын айта кеткен жөн. Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мәліметтері бойынша, шегірткелердің таралу циклі 2023-2024 жылдары 11 жылдық шарықтау шегіне жетіпті. 2024 жылы 3 млн гектар алқапқа шегіртке таралыпты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық көп.
Ең көп зардап шеккен өңірлер қатарында Ақтөбе, Қостанай, Түркістан, Жамбыл және Атырау облысы бар. Мысалы, Түркістан облысында шегірткелерге қарсы күрес барысында 340 мың гектардан астам жер өңделді, бұл бастапқы болжанған 271,5 мың гектардан едәуір көп. Атырау облысында зиянкестердің ошақтары үш есеге көбейіп, 86 210 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілді.
Міне, осы жағдайларды ескерсек, шегірткелермен күрес шараларын әр өңір тағы да күшейту керегі байқалып тұр. Бірақ мәселе қаржыға келіп тірелетіні даусыз. Шамасы Үкімет биыл кезекті рет шегірткелерге миллиардтарды шығындауы мүмкін. Онсыз да әзірге 7 млрд теңге бөліп отыр, алдағы уақытта шығын көбеймесіне ешкім кепілдік бермейді.
Биыл қай өңірлерге қауіп бар?
Шегірткемен күресті қазірден-ақ бастап жатқан облыстардың бірі – Түркістан. Былтыр мұнда кейінгі 5 жылда болмаған шегіртке қаптады. Талай егістік зиянкестерге жем болғанын былай қойғанда, жұрт көшеге шыға алмай қалған. Балалар мектепке бет-аузын тұмшалап барса, үлкендер үйден шыға алмай, күнделікті тіршіліктің берекесі кетті. Шегіртке егіндік пен жайылым жерден бөлек үй ауласындағы бауды да қаптап, ағаш жапырақтарын жеп, аулаға еккен гүлге дейін отаған. Ақырында төрт түлікке шөп табылмай, бағасы шарықтапты.
Жыл сайын бөлінген қаржы, жерге себілген химиялық қоспалар нәтиже бермеуде. Талай шаруашылықтың еңбегі күйіп, диқандар сан соқты. Енді биыл өңір зиянкестермен күресті ертерек бастап жатыр. Яғни, шегірткелер жетілмей тұрып, тұқымынан құрту шараларының дайындығы басталған. Облыс аумағында 372 мың гектар жерге ерте көктемнен дәрі себіліп, зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл жұмыстардың 192 мың гектары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылса, қалған бөлігі жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылады. Жұмысқа 2 мыңнан астам адам тартылып, әр жұмысшы топқа 5 техникадан берілмек.
Мамандар онсыз да шегірткелер биыл сәуірдің алғашқы онкүндігінде шығатынын болжап отыр. Шенділердің жұмысшы топ құрып, шыр-пыр болып жатқаны осы себепті. Тіпті, әкімдік 4 жедел штаб құрғанын жариялапты. Жұмыстары нәтижелі бола ма – алдағы уақытта көре жатармыз.
Былтырдан бері бұл проблемаға бас қатырып жатқан өңірлер қатарында Павлодар облысы да бар. Өткен жылы саяқ шегірткеге қарсы 99,8 мың гектар жерге химиялық препарат шашқан, 138,7 млн теңге бөлінген. Шегірткелер жиі мазалайтын аймақ қатарына Баянауыл, Аққулы, Шарбақты аудандары қосылып отыр.
Әрине, шегірткелер аталған екі облыспен шектелмесі анық. Алдағы уақытта тағы да басқа өңірлерден ақпарат тарай бастайтыны сөзсіз. Бұл тұста "шегірткелер неге осынша көбейді?" деген сауал туындайды. Осыған дейін биология ғылымының докторы, профессор Қанат Ахметов шегірткенің шектен тыс көбеюіне "жаздың аса құрғақ болып жатқаны әсер етіп отыр" деп айтқан.
– "Көрші елдер уламайды, содан келіп жатқан залал" деушілер бар. Айтылған пікірмен сәл де болса келісуге болатын шығар. Алайда шегірткенің шамадан тыс көбеюіне су тасқынының қатысы болмайды. Себебі көктемде ылғал көп болса, шегірткенің дернәсілдері азаяды. Ғылыми негізде түсіндірсем, шегірткелер көбіне өз жұмыртқаларын жазық алқаптарда, тереңге салып кетеді. Жұмыртқалар сақталатын арнайы қалташалар болады. Егер күз бен көктем жаңбырлы болса, әлгі қалташалардағы жұмыртқаларға су тиіп, басым бөлігі шіріп кетеді. Ал күз бен көктемде ылғал аз түссе, ол жұмыртқалар жақсы сақталады. Бір қалташада болатын жұмыртқа саны әртүрлі, 20-30, тіпті одан да көп болуы мүмкін. Көктемнің жылы күндері жетісімен бұл жұмыртқалардан дернәсілдер жетіледі. Бұлардың тұрқы, пішіні кәдімгі үйірлі шегірткелерден аумайды. Бірақ олардың қанаты жоқ. Оларды саяқ немесе жаяу шегірткелер деп атаймыз. Бұлар топтанып алып, белгілі бір бағытқа шығады да, толассыз жүре береді. Жолында кездескен өсімдік біткенді тып-типыл етуге құмар. Сондықтан шегірткенің осы бір саяқ кезеңін өткізіп алмау керек. Ол қанаттанып үлгергенше күресіп, көзін жойған дұрыс. Саяқ шегіртке жетілу барысында бірнеше рет түлейді, дамиды. Соңғы сатыда қанаты өсіп шығады. Бұл жағдайда оны тоқтату өте қиын, – дейді сарапшы.
Бұл пікірге қарап, кей өңірлердің шегірткемен күресті ерте бастап жатқаны құптарлық қадам екенін көреміз.