"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қажет

2758

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңесте "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң әзірлеуді тапсырды.  

"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қажет

Ұлттық банктің дерегінше, өткен жылдың соңғы 10 айында қазақстандықтардың 3 трлн 021 354 млн теңге ипотекалық қарызы болды. Жеке тұлғалардың тұтынушылық несиесі 5 трлн 768 562 млн теңгеден асты. Ал мерзімі өткен несие берешегі 640 млрд, оның ішінде 90 күннен асқан қарыз мөлшері 359 млн теңгеге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Төлем қабілетінің төмендеуі ел азаматтарын тығырыққа тіреді. Қарыз қыспағынан құтыла алмаған адамдар шарасыздықтан өзінің де, өзгенің де өмірін қиюдан тайынбайтын жағдайға жетті. Бұған өткен жылы 3 баласы мен өзінің ажалына себепші болған алматылық келіншек пен 5 адамды жайратып тастаған азаматтың оқиғасы дәлел.

Қайтыс болған әйелдің бір басында 3 несиесі болған. Ол осыны тағдыр тауқыметі деп қабылдап, өмірмен қош айтысты. Ал 5 адамды атып өлтірген азаматтың оқиғасы күрделі әрі шым-шытырық. Ол екінші деңгейлі банкке 121 млн теңге қарыз еді. Борышын өтемеуіне байланысты банк одан құны 181 млн теңгені құрайтын тұрғынжайды жер телімімен қоса тартып алды.

Кейін борышкердің мүлкін 94 млн деп бағалап, қалған ақшаны алу мақсатында үйіне көз тікті. Сөйтіп оны кәмелетке толмаған балаларымен бірге жалғыз баспанасынан айыруға оқталды. Қайғылы оқиға сот шешімін жүзеге асыру барысында орын алды.

Мәжіліс депутаты Андрей Линниктің айтуынша, қолданыста "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң болғанда жоғарыдағы қанды оқиғаның алды алынар еді.

"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылдау қажет екенін 2014 жылдан бері айтып келеміз. 2015 жылы заң жобасын әзірлеп, 2016 жылы үкіметке ұсындық. Алайда министрлер кабинеті бізді қолдамады. Мұның салдары қайғылы оқиғаларға себеп болып жатыр. Заң тұрғысынан қарағанда банктің әрекетін түсінуге болады. Алайда борышкердің кепіл мүлкін алып қою кезінде бағалау құнынан ауытқу 10-15%-дан аспауға тиіс деп санаймыз. Себебі кепілге рәсімдеу кезінде мүліктің негізгі бағасы онсыз да төмендетіледі", – деді депутат.

Андрей Линниктің пікірінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктердің борышкердің кепіл мүлкінің құнын төмендету мүмкіндігін шектеуге тиіс. Ал несие жүктемесін жасанды түрде ұлғайтуды тоқтату үшін пайыз мөлшерлемесін азайту қажет. Бұл үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты саясатты қайта қарауы керек.

Коллекторлар халықтың тиынына дейін сыпырып алады

Осыдан 8 жыл бұрын наурыз айында "Оңалту және банкроттық туралы" заң қабылданды. Құжатқа заңды тұлғалардың таратылуы мен банкроттығының құқықтық мəселесін реттеу міндеті жүктелді. Ал "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заңның қабылданбай келе жатқанына жылдардың жүзі болды. Өткен жылдың соңында Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылдау уақыт талабы екенін мәлімдеді. Ол кезінде жалғыз пәтерін кепілдікке қойып, іс бастаған жеке тұлғалардың 90% қарызын қайтара алмай, банкрот болғанын тілге тиек етті.

"Екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдар халыққа несие беріп, "көмек қолын" созады. Қарызды қайтарған кезде туындайтын жағдайға түсіністікпен қарамайды. Өз беделін сақтап, "сүттен ақ, судан таза" күйінде қалады да, халықтан соңғы тиынына дейін сыпырып алуды коллекторларға тапсырады. Ал коллекторлардың әрекеті баршаға мәлім", – деді депутат.

Азамат Әбілдаев "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заңды әзірлеп, тезірек Парламентке енгізуді ұсынды.

"Заң қабылданғанша коллекторлық компанияларды, яғни "заңдастырылған рэкетті" тізгіндеу керек", – деді мәжілісмен.

Ұлттық банктің құзіретіне жатпайды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жеке тұлғалардың банкроттық институтын енгізу қажет деп санайды. Оның ойынша, микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің жауапкершілігін арттыруға басымдық беру керек.

"Қарызын қайтара алмай жүрген азаматтардың ісін жеке сот орындаушыларына тапсыруға асықпаған дұрыс. Жеке тұлғалардың банкроттық институты құрылса, алдымен соған жүгінген жөн. Себебі бұл қадам мәселенің ушықпай, оң шешілуіне ықпал етеді", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылдау қаржы реттеушісінің құзырына жатпайтынын мәлімдеді.

"Мемлекет қолданыстағы заң аясында заңды тұлғалардың банкроттығын мойындайды. Ал жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты құжат жоқ", – деді Ерболат Досаев.

Банк секторының лоббистері...

"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылдауға кедергі келтіреді. Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның сөзінше, банкротқа қарсы санкцияға  қарамастан, банк те тәуекелге барады. Сондықтан қаржы ұйымдары заңның қабылданғанын қаламайды.

"Банкроттық көптеген адамдар үшін қаржы шұңқырынан шығудың жалғыз әрі заңды жолы. Банкроттық борышкерді өзіне тиесілі мүлікке билік ету, шетелге шығу, қарыз алу, несие және қаржы институттарында басшылық қызмет атқару құқығынан айырады. Есесіне жалғыз тұрғын үйі мен қажетті тұрмыстық заттарын сақтап қалу, өзінің қарызын отбасы мүшелеріне жүктетпеу мүмкіндігін береді.

"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң қабылданса, банктерге борышкерден тәркілеген мүліктің құнын төмендетуге тыйым салынады", – деді депутат.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу