Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық мемлекеттің бақылауында. Бірақ оған әсер етудің тиімді тетігі қолданылмай отыр. Қалың индекстер мен индикаторлардан құралған рейтингті жалпақ пайымға салса, осындай қорытынды шығады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы жемқорлық деңгейіне берген бағасы туралы ақпарат айтылған болатын. Агенттік мамандары қаптаған қалың ұйымның ішінде ең беделді саналатын Дүниежүзілік банк пен Transparency International ұйымының зерттеулерін басшылыққа алып, сырт көздің Қазақстан туралы пікірін пайымдапты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зияткер орталық басшысының орынбасары Ержан Жаров кейінгі екі жылда елдегі "сыбайлас жемқорлықты қабылдау" индексі өзгермегенін айтады.
"Transparency International ұйымының зерттеулері "Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі" деп аталады. Аталмыш индекс кәсіпкерлер мен сарапшылардың сауалнамада берген жауабына негізделген. Индекс 0-ден 100 балға дейін өлшенеді. Яғни 0 балл алған елде жемқорлық өте жоғары,100 балл алған елде сыбайлас жемқорлық атымен жоқ деген сөз. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 31 балл жинаған болатын. Осылайша бір жыл бұрынғы ұпайларын сақтап қалды", – деген агенттік өкілі БАҚ өкілдерінің аталмыш рейтингте нешінші орында тұрғанымыз туралы сауалына сырғыта жауап берді.
"Ең бастысы, 31 балды сақтап қалдық. Ал рейтингте біраз төмендедік. Бұл жерде рейтингтегі орын аса маңызды емес. Өйткені зерттеу елдердің орнын емес, индексін анықтайды. Мұнда тұрған орыннан гөрі жинаған балл маңызды. Одан кейін бұл индекске қатысатын елдердің саны әр жылы әрқалай болады. Сондықтан Қазақстанның орналасу реті нақты жағдайды көрсетпеуі мүмкін", –деді ол.
Бұл мәліметті агенттік өкілдері нақтылап айтпағанымен, интернеттегі ашық ақпарат көздерінде сайрап тұр. "Transparency International ұйымының ресми сайтында әлемдегі 180 елдің жинаған индексі де, соған сай рейтингтегі орны да аттың қасқасындай анық жазылған. Қазақстан мұнда Джибут, Габон, Мальдив аралдары және Непал мемлекеттерімен бірге 124-орында тұр.
Ал Дүниежүзілік банктің рейтингінде Қазақстанға қосымша ұпай сыйлаған көрсеткіш "Сыбайлас жемқорлықты бақылау индикаторының пайыздық рангы" деп аталады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан бір жылдың ішінде 19,9%-дан 36,6%-ға секіріп, Ресей мен Украинаны артқа тастаған көрінеді.
"Дүниежүзілік банк жыл сайын әлемдегі 214 елдің сыбайлас жемқорлықты басқару индикаторын бағалайды. Бұл шама мемлекеттік басқарудың "сыбайлас жемқорлықты бақылау", "Үкіметтің тиімділігі", "заңның үстемдігі", "реттеуші ортаның сапасы", "саяси тұрақтылық", "мемлекеттің есеп беруі" атты алты индикаторы бойынша есептеледі. Сонымен бірге 13 іргелі дереккөзден мәлімет жинайды. Сондықтан оның рейтинг түзу нәтижесі "Transparency International ұйымының зерттеулерінен өзгеше болып жатады. Мысалы, Қазақстан Дүниежүзілік банктің сыбайлас жемқорлықты басқару индексі бойынша өз көрсеткіштерін біршама жақсартса, "Transparency International ұйымының сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша бір жыл бұрынғы көрсеткішін жақсарта алмаған. Transparency International түзген рейтинг бойынша Қазақстаннан жоғары тұрған Украина, Египет және Филиппин сияқты елдер Дүниежүзілік банктің рейтингінде бізден бірнеше саты төмен қалған", – деді Ержан Жаров.
Есімжан Нақтыбайұлы