Парақорды әшкерелегендерге 10 млн теңге төленуі мүмкін

Қазақстандықтар 2019 жылы 1424 нөміріне 4584 шағым түсірген.

Парақорды әшкерелегендерге 10 млн теңге төленуі мүмкін

Елімізде жемқорлық туралы ақпарат берушілердің саны артып келеді. Осы тенденцияны әрі қарай ынталандыру үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері хабар берушілердің сыйақысын арттыруды ұсынып отыр. Құзырлы орган ұсынған жоба бойынша ондай сыйақы көлемі 10,5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің стратегиялар және жедел әрекет ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Ринат Қабиев айтты.

"Біз қазір жемқорлықты әшкерелеген азаматтарды көтермелеу тәртібін қайта қарап жатырмыз. Агенттіктің бастамасымен көтермелеудің дифференциалды тәсілін енгізу көзделген. Біз пара мен келтірілген шығынның көлемі 1000 АЕК-тен аспаса, қазіргі тәртіппен көтермелеуді ұсынып отырмыз. Ал  шығын мен пара көлемі 1000 АЕК-тен асатын болса,  аталмыш соманың 10%-ы көлемінде бюджет есебінен сыйақы төлеу тәжірибесін енгізбекшіміз. Бірақ көтермелеу ақысы 4000 АЕК-тен аспауы керек. Бұл ақшаға шаққанда 10,5 млн теңгенің айналасы. Жоба мемлекеттік органдардың мақұлдауына жіберілді", – деді ол БАҚ өкілдерімен өткен брифингте.

2019 жылы 1424 Call-орталығына ел азаматтарынан 4584 шағым түскен екен. Бірақ соның төрттен бірі ғана дәлелденген. Ал  қылмыстық іс қозғалған шағымдардың саны одан да аз. 
Агенттіктің серіктестік департаментінің бас сарапшысы Сымбат Исрафилованың сөзіне қарағанда Call-орталыққа түскен шағымдар бойынша бар-жоғы 66 қылмыстық іс қозғалып, 18-і сотқа жеткен. 

"Расталған фактілер бойынша 66 қылмыстық іс тіркеліп,  бүгінде 18 іс сотқа жіберілді. 2018 жылы 353 қоңырау ғана түскен болатын. Оның 32-сі ғана тіркелген. Бұл біздің Call-орталыққа деген сенімнің артқанын көрсетеді. Орталықта арнайы офицерлер тәулік бойы қоңырауларды қабылдайды. Әрбір қоңырау дереу аумақтық департамент басшыларына жолданады. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 1424 нөміріне келіп түскен өтініш бойынша "Охотзоопром" өңірлік басқармасының  филиал басшысына 1 млн теңге айыппұл салынды. Ол өзінің бағыныштысын жұмыстан шығармағаны үшін 50 мың теңге пара алған", – дейді агенттік өкілі.

Агенттік өкілдерінің айтуынша, 1424 нөмірі арқылы ең үлкен жемқорлық фактісі Шымкент қаласының әкімдігінде тіркеліпті. 

"Шымкент қаласында жұмысқа орналастыру үшін 450 мың теңге пара алған Статистика департаментінің персоналды басқару қызметінің маманы  1,8 млн теңге айыппұл арқалады", - дейді Сымбат Исрафилова.

Өңірлер арасында шағым түсіру көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. 
"Түркістан облысынан – 148, Алматы  облысынан – 137, Алматы қаласынан – 112 қоңырау түскен. Ал Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында 20-дан аз қоңырау шалынған", – дейді агенттік сарапшысы.
Түскен шағымдардың мазмұны әртүрлі көрінеді. Дегенмен, ішкі істер саласы қызметкерлерінің әрекктеріне шағымданушылар тым көп.

"Шағымдардың көбі ішкі істер өкілдерінің үстінен түскен. 329 адам осы сала қызметкерлерінің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты қоңырау шалған. Оның көбі лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдалану дерегіне қатысты", – дейді Сымбат Исрафилова.
Екінші орында білім беру саласы тұр. Агенттік өкілінің сөзіне қарағанда мектептерде ата-аналардан ақша жинау әлі тыйылмай тұр.

"Білім саласы қызметкерлерінің әрекетіне наразылық ретінде 136 қоңырау шалынған. Оның көбі жұмысқа орналастырғаны үшін пара сұрау және ата-аналардан "мектепке қажет" деген сылтаумен алым-салық жинауға қатысты", – дейді агенттік маманы.

Парақор органдар үштігінде әлеуеметтік қорғау саласы тұр. Мұнда 135 қоңырау тіркелген. Оның көбі атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаумен байланысты. Яғни, көмек тағайындағаны үшін заңсыз сыйақы сұрату деректері бойынша көптеген шағым түскен. 

Кеден саласы төртінші орында. Мұнда 97 қоңырау  тіркелген. Арызданушылар кедендік рәсімдеуден өту кезінде заңсыз сыйақы  талап етуге наразылық білдірген. Бесінші орында жергілікті әкімдіктер тұр. Олардың үстінен 112 қоңырау түскен. Мемлекеттік сатып алу кезіндегі заңсыздықтарға, балабақшаға орналастыру бойынша заңсыз сыйақы сұрау оқиғаларына қатысты шағымдар түскен.

Шалған қоңырауы босқа кетпей, қылмыстың бетін ашқан азаматтарға жыл көлемінде 1,5 млн теңге сыйақы төленіпті. 

"Call-орталыққа түскен қоңыраулар бойынша сот шешімі шыққан, қылмыстық істер бойынша  9 азамат жалпы сомасы 1,5 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы алған. Оның мөлшері 126 250 теңгеден 176 750 теңге көлемінде"", – дейді сарапшы.

Аталмыш  Call-орталық арқылы агенттіктің өз қызметкерлерінің үстінен де шағымдар түскен көрінеді. Алайда оның ешбірі бойынша қылмыстық іс қозғалмаған.

"Агенттік қызметкерлерінің үстінен Call-орталыққа 22 қоңырау түсті. Ол шағымдар ішкі қауіпсіздік департаментіне жолданып, тексеріледі. Негізінен адвокаттар тергеу кезінде уақтылы кіргізбегені үшін шағымданған. Бірақ олардың ешбірі дәлелденбеді. Яғни, Call-орталық арқылы түскен шағымдар бойынша агенттік қызметкерлердің үстінен бір де бір қылмысты іс қозғалған жоқ", – деді Ринат Қабиев.  

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу