Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан стратегиялық бастамалар форумында атаулы әлеуметтік көмектің айналасынан жемқорларды аулау науқаны сынға ұшырады. Center for Strategic Initiatives ұйымының мамандары ұсынған "Жаңа экономикалық саясат" моделіне пікір білдірген Марғұлан Сейсембаев мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту сөз жүзінде ғана жүріп жатқанын атады.
"Бюрократия дегеніміз не? Ол – жауапкершіліктен жалтарудың арнайы механизмі. Бір-біріне хат сілтеу арқылы кез келген мәселеге барлығын жауапты етіп қою үшін ойлап табылған. Осы жерден экономиканың тежелуі басталады. Бюджеттік процестердің қүрделенуі де, мемлекеттің экономикаға тиімсіз әсер етуі де осыдан ушығады. Мемлекет экономикаға неғұрлым араласса, бюрократизм соғұрлым көп болады. Мемлекет экономикаға киліккен сайын жемқорлық көбейеді. Сыбайлас жемқорлықты атаулы әлеуметтік көмектің қалқасынан іздемеңіздер. Негізгі жемқорлық субсидиялар мен мемлекеттік несиелер тарату саласында, нысандардың құрылысында жатыр. Жемқорлықтың астауы осы салаларда. Сондықтан экономика еркін даму үшін мемлекет не істемеуі керек деген мәселеге бас қатыруымыз керек. Мемлекеттің экономикадағы үлесін мейлінше азайта беруіміз керек. Жаңа экономикалық саясат керек болса, осы ұстанымға мойын ұсынуымыз қажет", – деді ол.