Елімізде жеңіл өнеркәсіпке қатысты шикізаттың көптігі іргеміздегі Қытай елін қатты қызықтырып отыр. Соның айқын айғағы Қытайдың 30 ірі компаниясы Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін игеруге ықылас танытты.
"Қазақинвест" ұлттық компаниясының қолдауымен өткен кездесуде Қытай Халық Республикасы тоқыма өнеркәсібі одағының жетекшісі Сунь Жуйчже: "Қазақстан мен Қытайдың экономикалық байланысы тереңде жатыр. Сондықтан Қазақстанның жеңіл өнеркәсібіне инвестиция салу біз үшін маңызды. Сіздерде шикізат көп. Біз сіздермен бірлесіп, өнім өндіргіміз келеді", – деді. Ал "Қазақинвест" ұлттық компаниясының басқарма басшысы Сапарбек Тұяқбаев дәл осы бағыттағы ынтымақтастықтың бізге берер пайдасы мол екенін алға тартты.
"Қазақстанда жыл сайын 250 мың тонна мақта жиналады. Мақтаның басым бөлігі шикізат күйінде сатылып жатыр. Біз мақтаны Өзбекстанға ғана өткізіп отырмыз. Орта Азия бойынша мақта өсіруге ең қолайлы климат Қазақстанда. Сондықтан мақта өсіруді дамытып, оны өңдеу үдерісін тереңдетсек, сол арқылы пайданы көбейтсек деп отырмыз", – деді Сапарбек Тұяқбаев.
Статистикалық дерекке жүгінсек, елімізде 2017 жылы 250 мың тонна мақта өндірілген. Ал 2008 жылы бұл көрсеткіш 400 мың тоннаға дейін жеткен. Бұған қатысты деректі төменде арнайы диаграммамен көрсеттік.
Өкініштісі, біз шикізатты ұқсата алмай отырмыз.
"Тау болып өндірілген өнім кейде шіріп кетеді. Бұған қоса бізде мақта экспортының шеңбері шектеулі және ол арзан бағаға сатылады. Бұған дейін аудан, ауыл көлемінде шағын кластер құрып, шикізат өңдеуге кіріскенде жеңіл өнеркәсіптің жүгін жеңілдетуге болар еді. Шағын кластерді заң жүзінде ұйымдастыру қиын емес. Оларды қауымдастық, өндірістік корпоратив немесе ЖШС түрінде тіркеп, "ҚазАгро" арқылы қаржыландыруға болушы еді. Бізде тек экспортқа шығару ғана ұйымдастырылған", – дейді экономист-ғалым Тоғжан Әйтімова.
Оның айтуынша, біздегі шикізат өндіретін фабрикалар мен зауыттардың техникалық әлеуеті төмен.
"Бұл іске қытайлық кәсіпкерлердің кіріскенінен қауіптенудің қажеті жоқ. Олар тұралап тұрған саланы алға жылжытады, ал бұл бізге тиімді" – деді экономист-ғалым.
Статистикалық дерек бойынша, елімізде мақта шикізатын алатын 300-ден астам компания бар. Олар ауыз толтырып айтарлықтай өнім өндіреді. Біз мұны арнайы сызбаға салып көрсетуді жөн көрдік.
Айтпақшы экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов әріптестерінің пікірімен келіспейді. Ол қытайлықтардың Қазақстанның жеңіл өнеркәсібіне "көз сала" бастағанына қырын қарайды.
"Рас, мақта өндірісі маталып тұр. Мұны мойындау керек. Бірақ осы өндірісті жандандыру үшін іргедегі Қытаймен келісімге келудің қажеті қанша?! Онсызда Қытай мен Ресейдің импортына тәуелдіміз. Бір ғана Алматы қаласы Қытайдан жылына 500 мың доллардың киім-кешегін сатып алады. Ішкі нарықта мақта мен мата өндірісін дамытуға Қытай инвестиция салатын болса, бізді біржола Қытай киіндіреді. Білсеңіз, 1986 жылы таза мақтадан тігілген Қазақстанның кілемі Ашхабадта өткен көрмеде бірінші орынды жеңіп алған. Қазір сол кілем Ашхабадтың орталық музейінде тұр. Қазір Иран тек кілем сату арқылы ішкі жалпы өніміне 25% пайда келтіріп отыр. Біздің қолымызда шикізат бар, мақта бар, тері, жүн бар. Бірақ пайда жоқ. Осыны көрген қытайлықтар нарығымызды жаулап алуды көздеп отыр. Мен мұны қолдамаймын. Пайданың басым бөлігі Қытайға кетеді. Мәселені шешу үшін түрлі жеңілдіктерді ұсына отырып, отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажет", – деді Жаңабай Алдабергенов.
Деректерге жүгінсек, біз шынымен мақтадан тігілген киімдерді сырттан сатып алуда озық көрсеткішке жетіппіз. Сөзімізге төмендегі диаграмма дәлел.
Негізінен, жеңіл өнеркәсіпке қатысты импорттың басым бөлігін біз Қытайдан, Қырғызстаннан, Ресейден және Өзбекстаннан аламыз. Арасында Италия, Үндістан елдерінен де жеткізіледі. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту туралы сөз қозғап жүрген Қазақстан киім тігетін жіп те шығармайды екен.
Кәсіпкер Нұрлан Өмірбековтың айтуынша, бізде киім тігуге арналған топс жібі қасқалдақтың қанындай екен. Оны біздің елден табу мүмкін емес көрінеді.
"Шикізатты өңдеу өз алдына бөлек мәселе. Бізде қыл аяғы киім тігетін жіп те жоқ. Тауардың осы түрін Италиядан алдырамыз. Топс дегеніміз – шұға жіп. Ол кілем тоқуға және киім тігуге таптырмайтын дүние. Бұрын елімізде жалғыз жүн шаятын "ПОШ-Тараз" кәсіпорны болды. Оның өндірістік қуаттылығы 2 мың тонна топс өндіруге жететін. Өкінішке қарай, қазір бұл кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұр. Бізде мақта өндірісі ғана тұралаған жоқ, жеңіл өнеркәсіп тұтас тоқырады. Адамдар қойдың жүнін, малдың терісін қайда өткізерлерін білмей, өртеп жатыр. Дамыған елдердің экономикасына жеңіл өнеркәсіптен 12-20% пайда түседі. Бізде бұл көрсеткіш небары 0,5%. Осыдан-ақ бізге бұл салаға алдағы уақытта серпіліс қажет екенін көруге болады. Өз басым бұл салаға инвесторлардың келіп, қаржы құйғанын құптаймын", – деді кәсіпкер.
Қарлығаш Зарыққанқызы