Жер қойнауы туралы жаңа кодекс күшіне енгеннен кейін, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" акционерлік компаниясы 50% акциясына ие болып отырған уран өндіруші бірлескен кәсіпорындар (БК) үлесі қайта бөлінбейді. Бұл туралы "МАЙНЕКС Орталық Азия – 2018" IX тау-кен өндірісі форумы аясында жер қойнауын реттеудің жаңа заңнамасына қатысты дөңгелек үстелге қатысушының бірі abctv.kz-ке мәлім етті.
Бірлескен уран кәсіпорындарындағы үлестің 50 %-дан астамына иелік етіп отырған "Қазатомөнеркәсіптің" Жер қойнауы туралы кодексте бекітілген осынау ерекше құқығын жұмыс істеп тұрған бірлескен кәсіпорындар иелене ала ма деген abctv.kz-тің сауалына ол "жоқ, иелене алмайды" деп жауап берді.
Ал кодексті әзірлеп жатқан жұмыс тобына қатысушы "Қазатомөнеркәсіптің" 50%-дан астам басым үлеске иелік етуі Қазақстанда уран өндіретін болашақ компаниялар үшін міндетті болатынын түсіндірді.
Еске салар болсақ, ресейлік Uranium One "Ақдала" және "Оңтүстік Іңкәй" уран кен орындарына ие "Оңтүстік тау-химия компания" БК-ның 70% үлесін бақылайды. Ал Қаратау және Ақбастау кен орындарын игеріп жатқан онымен аттас бірлескен кәсіпорындары әрқайсысының 50%-ы ресейлік уран компаниясына тиесілі. Сонымен қатар Uranium One "Қорасан" кен орнында уран шикізатын өндірумен айналысатын "Қорасан-У" БК-да 40%-дық үлесі бар жапондық серіктестермен қатар 30% үлеске ие.
Басымдықтар алда
Форум барысында инвестиция және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану департаменті директоры Руслан Баймішев маусым айының соңында күшіне енетін жер қойнауы туралы кодексте қатты пайдалы қазбалар саласында жер қойнауын пайдалануға беруде мемлекеттің басым құқы белгіленбейтінін айтып өтті.
"Инвесторларды үркітетін негізгі кедергілерді алып тастадық. Ол жер қойнауын пайдалану құқын берудегі мемлекеттің басым құқығына қатысты болған еді. Бұдан былай қатты пайдалы қазбаларға қатысты мұндай құқық жоқ. Біз барлық жерде қолданылып келе жатқан келісімді бұғаттау, шектеу мүмкіндігін енгізу секілд әлемдік тәжірибені енгіздік", – деді ол форум барысында.
Сонымен қатар форум барысында Руслан Баймішев индустриялдық-инновациялық қызмет субъектілері кодекс күшіне енгеннен кейін бес жыл ішінде тікелей келіссөз негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын иелене алатынын айтты. Тау-кен өндірісі саласындағы ұлттық компанияларда кодекс күшіне енген соң екі жыл салып осындай айрықша құқыққа ие болады. Осылайша "бірінші келген, бірінші алады" деген қағида толығымен қолданылмайтын болады. Оларды инвесторлардың талқылауына шығару қазір ИДМ әзірлеп жатқан жер қойнауын басқару мемлекеттік бағдарламасына сәйкес іске асады деп жоспарланып отыр. Алайда ведомство әзірге аукциондар жүйесін уақыттың еншісіне қалдыруды жөн көріп отыр.
"Бұл құжат (жер қойнауын бағдарламасы.– ред) инвесторға мемлекеттің қандай бағытта жұмыс жасап жатқанын, жақын арада "бірінші келген- бірінші алады" қағидасы бойынша құқық беруге арналған қандай аумақтар ашылатынын, аукциондарды ұйымдастыру үшін уран, көмірсутек бойынша барланатын қандай аумақтар сатуға қойылғанын көрсетеді. Сонымен бірге геологиялық іздеу жүргізуге арналған бюджет қаражаттың қайда жіберілетіні жайлы ақпаратты көрсету де қарастырылды. Жер қойнауын пайдалану құқығы алғаш берілетін аумақтар осы бағдарламада көрсетілетін болады", – деп түсіндірді жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры форум барысындағы таныстырылымда.
Сондай-ақ кодексте қарастырылған басқа да артықшылықтардың ішінде қатты пайдалы қазбаларды өңдеу (ҚПҚ) туралы жеңілдетілген келісім мүмкіндігі бар. Жеңілдіктер егер 50 млн доллардан астам ақша салынатын болса ғана беріледі. Өкілетті органмен келіссөз жүргізуде өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқына ие болу міндетті шарт болып саналады. Инвесторларға корпоративтік салық бойынша 10 жылға дейін, жер салығы бойынша 10 жылға дейін, мүлік салығына қатысты сегіз жылға дейін, кедендік бажды төлеу мен шетелдік жұмыскерлерді тартуға жеңілдік берілуі мүмкін.
Бірлескен жұмыс
Учаскені барлауға арналған лицензия кодекс күшіне енгеннен кейін, егер жер мемлекеттік жер қойнауы қорының басқару бағдарламасына қосылған болса ғана беріледі. Лицензия иелеріне қатысты барлық ақпарат ашық жария болады. Бұл ретте лицензия тек ҚПҚ-ны барлау мен өндіруге ғана беріледі. Ал уран мен көмірсутектер үшін мемлекет пен инвесторлардың өзара қарым-қатынасын реттеудің нақты режимі сақталады.
"Жеке тұлға өзін қызықтырып отырған іргелес блоктарға өтініш беретін болса, онда оларда ортақ шекара болуы керек. Бұл жүйе қағаз түрінде және онлайн режимде де жұмыс істейді деп жоспарланған. Бүгінгі күні жұмыс жүргізіліп жатыр, бірақ та 29 маусымнан бастап жүйе онлайн режимде жұмыс істеп кетеді деп айта алмаймын. Тек сынақтық нұсқасы ғана жұмыс істейді. Әзірге өтінішті қағаз жүзінде ғана қабылдайтын жүйе жұмыс істейді. Онлайн режимдегі жүйе заңнамалық тәртіпте бекітілген аттестациядан өткеннен кейін ғана іске қосылады", – деді Руслан Баймішев.
Сонымен қатар ол өтініштер қағаз және электронды түрде бірдей берілетін аустриялық тәжірибені атап кетті. Оның айтуынша, мәлімделген аумақты түзету керек болған жағдайда өкілетті орган бұл туралы иневсторға хабарлама береді. Сондай-ақ өкілетті орган лицензия беруден бас тартуы мүмкін, алайда құзыретті мемлекеттік органның мұндай әрекетін сотқа арыз беру арқылы шешуге болады. Жерді беру рәсімі шамамен 10-15 күнге жалғасатын болады деп болжанып отыр.
"Лицензияның негізгі шарты – бұл қол қойылған бонус. Оны инвестор төлеуге тиіс. Бонус құны 100 АЕК деп көрсетілген, биылғы жылы ең төмен есептік көрсеткіш 2405 теңге. Жер телімінің бір блогын пайдалану ақысы – бұл бұған дейін әкімдікпен келісілген әлеуметтік төлемдер болып табылады. Қазір олар салық кодексінде көрсетілген, сондықтан бұл төлемдер жергілікті бюджетке түседі. Пайдалануға алынатын жердің аумағы қаншалықты үлкен болса, оны пайдаланған үшін төленетін төлемде үлкен болатыны түсінікті. Бірақ бұл жалға алу төлемі екенін және барлауға қатысты операцияға арналған ең төмен шығыс екенін жақсы білеміз. Егер сіз тек бір блокты ғана алып, оған барлау жүргізетін болсаңыз, онда алғашқы үш жылдағы шығыстар 1200 АЕК-тен төмен, яғни шамамен 8,5 мың доллар кем болмауға тиіс", – деді Руслан Баймішев.
Инвесторлардың белсенділігін ынталандыру үшін геологиялық барлаудың ең төменгі шығысына қатысты талап әр үш жыл сайын өсетін болады. Жалпы барлауға арналған лицензияның мерзімі алты жылға жарамды. Лицензияны тағы бес жылға ұзартуға болады, бірақ ол үшін пайдалануға берілген жердің 40%- ы қайтарылу керек. Лицензияны ұзарту үшін жер қойнауын пайдаланушы алтыншы жылы қосымша өтініш беру керек. Ол өтінішті құзыретті мемлекеттік орган 15 күн ішінде қарайды да, лицензияны ұзартуға рұқсат беру немесе бас тарту туралы шешім шығарады.
"Барлауға арналған лицензияның иесі жер қойнауының телімін ҚПҚ-ны барлау бойынша операциялар жүргізу, кен орындарын іздеу, кейін өндіру үшін олардың ресурстарын бағалау мақсатында пайдалануға айрықша құқығы бар екенін естен шығармау керек. Бұл жердегі ерекшелік, егер бұрынғы заң бойынша тек бір немесе белгілі геологиялық жер бөлігінің бірнеше компонентін барлауға ғана құқығымыз болған болса, қазір берілетін блок барлық ҚПҚ түріне беріледі. Екі шаршы метрге берілетін лицензия – бұл болжамды шама ғана. Бұл сан 200 блокқа дейін өзгеруі мүмкін. Жобалық құжат – бұл барлау жоспары. Бұл құжатты жер қойнауын пайдаланушының өзі әзірлеп, бекітеді. Лицензияның санына шектеу қойылмайды. Жобалық құжатты экологтармен мақұлдау міндетті талап болып саналады", – деп ИДМ-ның жер қойнауын пайдалану департаменті директоры лицензияға қатысты мәселені егжей-тегжей түсіндірді.
Руслан Баймішев жобалық құжаттар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес сараптамадан өтетініне де тоқталып кетті.
Жер қойнауын пайдалануға көшкенде ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер туындаған жағдайда өкілетті органның мақұлдауынсыз-ақ лицензия кері қайтарылуы мүмкін. Алайда проблеманы бір жыл ішінде реттеуге болады. Сондай-ақ міндетті төлем – жазылыс бонусты төлемеген жағдайда да лицензияны кері қайтарып алу қаупі туындайды. Егер жер қойнауын пайдаланушы үш ай ішінде төлем жасамайтын болса, онда лицензия кері қайтарылады.
Бұрынғы талаптар
Бүгінгі күні келісімшартқа ие жұмыс істеп жатқан жер қойнауын пайдаланушылар лицензия тәртібіне көше алады. Алайда мұндай транзит лицензияға көшудің шартын анықтайтын мүдделі мемлекеттік органдардың арнайы комиссиясымен бекітілуге тиіс.
Сонымен бірге 2010 жылғы жер қойнауы туралы заңның жекелеген нормалары келісімшарт жасау үшін өзінің күшін сақтап қалады. Өйткені қазір жұмыс істеп отырған жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысы онсыз қиындап кетеді. Бұл ретте ескі келісімшарттар бойынша тарату қорының талабы, сонымен бірге ілеспелі қазбаларды өндіру, тарихи шығынды қайтару, геологиялық ақпаратты төлеу қалады. Алайда жер қойнауы туралы кодекске сәйкес, жаңа лицензия бойынша инвесторларға Кеңес Одағы мен Қазақстанның кен орындарын әзірлеу бойынша шығындарын өтеу қажет болмайды. Жаңа кодекс күшіне енгеннен кейін жер қойнауын пайдаланушыларға техногендік-минералды білім алу мүмкіндігі туады.
Жер асты суларына арналған жекелеген келісімшартты енді АШМ-ның су ресурстары комитеті реттейтін болады деп түсіндірді Руслан Баймішев.
Барлаушылардың міндеттері
Жер қойнауы туралы кодекстің маңызды жаңалығы – жаңа лицензия аясында барлауды жергілікті қамту талаптары мен тауар, жұмыс және қызметтерді сатып алуды реттеуден босату. Ал өндіру лицензиясы бойынша тауарлар, жұмыс пен қызмет көрсетуді сатып алу міндеттері 50% деңгейінде қала береді. Қазіргі келісімшарт бойынша сатып алуға қатысты талаптар тәртібі бұрынғыша болып қала береді.
Сонымен бірге мемлекет барлау салдарын жоюға қатысты талаптарды күшейтеді. Жер қойнауын пайдаланушы барлау жұмыстары біткеннен кейән алты ай ішінде зерттелген жердің топырақ құнарлығын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге тиіс. Үзіліс орын алған жағдайда қалыпқа келтіру жұмысын тағы алты айға созуға болады.
Егер зерттеу жердің беткі қабатына тиіспей, мысалы, аэрогеофизиканы пайдалану арқылы қашықтықтан жасалған болса, онда геологиялық барулау жұмысының аяқталғанын нақтылайтын тек арнайы акті ғана жасалады. Бұрғылау мен тау-кен массасын қазып алу қажет болғанда жою актісі құзыретті органдармен, әкімдікпен және жер телімінің иесі болса сонымен куәландырылады.
Жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысын жою және сатып алу бойынша мемлекеттік операторларды құру туралы мәселелер кодекстің заңға тәуелді актілерімен реттеледі деп түсіндірді инвестиция және даму вице министрі Тимур Тоқтабаев abctv.kz –ке "МАЙНЕКС" форумының сыртында болған әңгімеде.
Жаңа кодекс тәжірибелі өндіру үшін аршу жұмыстарын жүргізуге рұқсатты тек ҚПҚ-ның минералдануы белгілі болған жағдайда ғана береді. Егер аршу көлемі мың текше метрден асып кететін болса, онда өкілетті органның рұқсаты қажет болады. Оны алу үшін жер қойнауын пайдаланушы өтініш беруге тиіс, өтініш 10 күн ішінде қаралады. Егер өтініш мақұлданатын болса, инвестор тиісті көлемді қаматамасыз етуі керек. Жер қойнауын пайдаланушы өтініш бекітілгеннен кейін ғана тау-кен массасын өндіруге кірісе алады. Инвестор тарату жұмысынан басқа да гидрологиялық зерттеу орындауға тиіс.
Лицензиялар бойынша есептілікте жер қойнауын пайдаланушы лицензиялық міндетін орындау, сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер, жергілікті қамту, геологиялық ақпарат және жер қойнауын тікелей немесе жанама бақылайтын ұйымдардың жеке құрамы туралы мәлімет ұсынатын болады. Лицензиялық-келісімшарт талаптарын орындау туралы есептер инвестордың қаржылық есебіне тексеріс жүргізген аудиторлармен расталады.
Лицензиялық барлау жүргізу қорытындысы бойынша МҚК немесе халықаралық есептік стандарты бойынша қорлар бекітілетін болса, онда жер қойнауын пайдаланушы өндіруге арналған лицензияның айрықша құқын алады. Мұндай жағдайда жер қойнауын пайдалану туралы кодекс инвестор лицензиямен қамтылатын жер қойнауы кеңістігін және қамтылған блоктың шегінде орналасқан кеңінен тараған пайдалы қазбаларды пайдалана алады, деп түсіндірді Руслан Баймішев өз баяндамасында.
Гүлназ Ермағанбетова, Данияр Серіков