Жоғалған малды Samsung іздейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
13906

Тың жоба қазақ шаруаларының жұмысын жеңілдетіп, ұрылардың түбіне жетпек.

Жоғалған малды Samsung іздейді

Бақпасаң, мал кетеді, дейді халқымыз. Сондықтан ғой ата-бабаларымыз төрт түлікті көзден таса қылмаған. Бірақ, қазір алдындағы малын шашау шығармай бағатын жандар аз. Сол себепті мал ұрлығы, жылқы мен сиырдың жоғалуы өзекті мәселеге айналды. Осы орайда, Samsung компаниясы қазақ шаруаларының жұмысын жеңілдетіп, ұрылардың түбіне жетпек ниетте. Нақтырақ айтсақ, Samsung компаниясы кореялық Lives’talk командасымен бірлесіп, жоғалған малдың қай жерде жүргенін бірнеше секундта анықтайтын құрылғыны қазақ шаруаларына ұсынбақ.

Жалпы, мұндай құрылғыны Lives’talk командасының көшбасшысы Юн Янгчен жасап шыққан. Ол осыдан екі жыл бұрын Қазақстандағы фермерлердің тіршілігін қиындатып отырған мәселенің барына көз жеткізеді. Шынымен де, мал ұрлығы, төрт түліктің жоғалуы шаруалар үшін өзекті мәселе екені анық.         

"Олар көзден таса болған малды іздеп, тау-тасты кезеді. Іздеу шараларына жоқ дегенде 5-6 сағат кетеді. Технология дамыған заманда мұның бәрі ақылға сыймайды", – дейді Юн Янгчен.        

Осылайша, кореялық маман қазақ фермерлеріне көмектесуді көздейді. Мәселенің шешімін де табады. Ол үшін заманауи технологияларды пайдаланады. Атап айтқанда, хабар таратқыш, ақпарат қабылдағыш және смартфонды қолданады. Сөйтіп, хабар таратқыш жануарға бекітіледі. Аталған қондырғы арқылы түліктің қай жерде жүргендігі туралы ақпарат қабылдағышқа келіп түседі. Bluetooth-дың көмегімен ақпараттар мобильді құрылғыға беріледі. Ал фермер осының бәрін бақылап қана отырады.   

"Біз өз жобамызды 1865 стартапшылар командасы қатысқан Samsung Tomorrow Solution атты байқауда таныстырдық. Бұл – әлеуметтік бастамалар байқауы. 2013 жылдан бері аталған байқауда 7 мыңнан астам команда мен 30 мыңнан астам қатысушы бақ сынаған. Бүгінде Samsung Electronics компаниясы 40 жеңімпазға жалпы 900 000 доллар көлемінде қаржы береді. Сондай-ақ идеяларды одан әрі жүзеге асыру үшін барынша қолдау көрсетді", – дейді Юн Янгчен. 

Юн Янгчен аталған байқауда бірінші орынды иеленді. Демек, Samsung-тың штаб-пәтері екі мыңға жуық жобаның ішінен қазақ шаруаларының мәселесін шешуге арналған бастаманы маңызды деп тапқаны. Компания жобаны жүзеге асыру үшін қаржылық көмек көрсетеді. Биыл Юн Янгчен жобасына 300 000 АҚШ доллары бөлінді. Ал келер жылы 500 000 доллар беріледі. Lives’talk командасына Samsung C-Lab компаниясының мамандары бір жыл бойы техникалық тұрғыдан көмек көрсетеді.

Әзірше құрылғының 10 бас малға арналған жиынтығы 700 долларға бағаланып отыр. Стартапшылар бұл соманы 300 долларға дейін азайтуды көздеп отыр. Сонымен қатар олар жобаны Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі тарапынан субсидиялауға қол жеткізу жолдарын қарастыруда.

Юн Янгченнің сөзінше, жануарға бекітілетін хабар таратқыш үш күн бойы жұмыс істеуге жеткілікті. Ол әрбір 10 секунд сайын ақпарат таратып отырады. Хабар таратқыш 5-6 шақырым радиусты қамтиды. Ал ақпарат қабылдағыш бір сәтте 1600 хабар таратқыштан сигнал ұстай алады. Бірақ мұның бәрі алдын-ала мәлім болған сипаттамалар.   

"Біз құрылғыны сынақтан өткізіп жатырмыз. Әлі де кейбір функцияларды жетілдіру керек. Мәселен, хабар таратқыштың жұмыс істеу мерзімін екі-үш аптаға дейін ұзарту қажет. Біз өнімнің соңғы нұсқасын келер жылдың көктемінде назарға ұсынуды жоспарлап отырмыз", – дейді Юн Янгчен.

Оның айтуынша, жаңа құрылғы келер жылы еліміздің оңтүстік өңірінде, дәлірек айтсақ Мыңжылқы мен Қызылордадағы 50 ферманың аумағында сынақтан өткізілмек. Одан кейінгі кезеңде тағы бірнеше аудан қамтылады деген жоспар бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу