Жол апатынан ай сайын 175 адам қаза табады – ІІМ

1891

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев елімізде жол апатының дерегі азайып келе жатқанын, мас күйде көлік жүргізетіндер саны азайғанын, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілерге қанша теңге айыппұл салынғанын, жолда бейнебақылау камераларын орнату неге маңызды екенін inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Жол апатынан ай сайын 175 адам қаза табады – ІІМ

– Биыл 7 айда елімізде қанша жол апаты тіркелді, қанша адам қаза тапты? Өткен жылдармен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы азайды ма?

–  2021 жылғы 7 айда Қазақстанда 7 180 жол апаты тіркеліп, 9 533 адам зардап шеккен, 1 017 адам қаза тапқан, оның 90-ы бала. Өткен жылы қаңтар-шілдеде 6 270 жол апаты болды, 8 231 адам түрлі дене жарақатын алды, 865 адам көз жұмды, оның 76 бала. Өткен жылы коронавирус пандемиясына байланысты жолға шығуға шектеу қойылды әрі бейнебақылау камераларының көбеюі мен жүргізушілердің де жол ережесін сақтауы жол апаты дерегін азаюына септігін тигізді деп ойлаймын. 2019-2021 жылғы деректерді салыстырсақ, жол-көлік оқиғасы 10-15%-ға азайған.

– 2019-2021 жылғы статистикалық деректер негізінде Қазақстанда бір айда орта есеппен қанша жол апаты болады, қанша адам өлімі тіркелді?

– 3 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде ай сайын 1200-ден аса жол апаты тіркеліп, салдарынан 175 адам қаза табады, ал 1600-ге жуық адам түрлі дене жарақатын алады.

– Жол апаты жиі болатын өңірлерді атасаңыз, әрі онда қандай жол апаты жиі тіркелетінін айта аласыз ба?

– Биыл 7 айда Алматы қаласында (2019 жол апаты), Алматы (1275) және Жамбыл облыстарында (576) жол апаты көп болды. Сондай-ақ тізімге Түркістан облысын да қосуға болады. Өткен жылы Алматы қаласы, Алматы және Түркістан облыстарында жол апаты жиі тіркелген.

Алматы жол-көлік саны бойынша бірінші орында тұрғанына қарамастан, онда адам өлімі аз. Жол апатынан қаза табу дерегі Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарында жиі тіркеледі. Себебі аталған өңірлердегі жолда көліктің қарама-қарсы бағытқа шығып кетуі, жылдамдықты асыруы және тағы басқа деректер көп.

Апаттың негізгі себебі көлік жылдамдығын асырудан болады. Биыл ондай 2 100 жол апаты тіркелді (барлық жол апатының 30%), маневр ережелерін бұзу – 1 462 (20%), реттелмеймін жаяу жүргіншілер өткелінде жол ережесін бұзу – 622 (9%), ал мас күйде көлік жүргізу салдарынан 254 жол апаты (4%) болған.

– 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мас күйінде көлік жүргізетіндерге жаза қатаңдатылғаны белгілі. Елімізде ішімдік ішіп, көлікке отыратындар азайды ма?

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, адам мас күйде көлік жүргізсе, ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Жүргізуші әкімшілік жаза аяқталғаннан кейін бір жылда қайта заң бұзса, ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2021 жылғы 7 айда 13 мың мас жүргізуші ұсталды. Өткен жылы мас жүргізушілер тарапынан 21 400 құқықбұзушылық тіркелген. Биыл ішімдік ішіп, көлікке отыратындар азайды.

– Сұхбат барысында жол ережесін жүргізушілермен қатар жаяу жүргіншілер де бұзатынын айтып қалдыңыз. Биыл қанша жаяу жүргінші жол ережесін бұзды, қанша теңге айыппұл салынды?

– 2021 жылғы қаңтар-шілдеде жол ережесін бұзған 155 мың 274 жаяу жүргіншіге айыппұл салынып, олардан 339 млн теңге өндірілді, 555 адамға ескерту жасалды. Өткен жылы жол ережесін бұзған (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабы бойынша) 200 233 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Сіздің ойыңызша, елімізде жол апаты санын азайту үшін тағы қандай жұмыстар жүргізу керек?

– Бүгінде жолдарда 13 мыңнан аса бейнебақылау камерасы орнатылған. Биыл 7 айда бейнебақылау камераларының көмегімен жол ережесін бұзған 2,5 млн-ға жуық адам жауапкершілікке тартылды. Бұл жол апатын азайтуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ ІІМ-нің әр департаментінде жол инспекция бөлімі бар. Олар жол-көлік оқиғасы болған жерге барып, апаттың себебін анықтайды. Осы жылы мамандар 360 мың шақырым жолға тексеру жүргізіп, 40 мыңға жуық жол ақауын анықтаған, кемшіліктерді жою үшін 19 мыңға жуық ұйғарым жіберілді, әрі жолды күтіп-ұстауға жауапты және заңды 2 мыңнан аса тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар жүргізушілер жолда өте сақ болуы керек. Себебі қас-қағым сәттегі қателік орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу