Жол сапасын жақсартуға арналған жаңа технология сынақтан өтті

11723

Жобаның басты мақсаты – сын көтермейтін жолдардың сапасын арттыру.

Жол сапасын жақсартуға арналған жаңа технология сынақтан өтті

"ӨКМ Операторы" ЖШС  тапсырмасымен "Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" АҚ резеңке-асфальтбетон қоспасын тәжірибе ретінде  жолға төсеу ісін жүзеге асырды, деп хабарлайды "ӨКМ Операторы". Сынақ ретіндегі жол 2017-2018 жылдары Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ  Көкшетау-Омбы тас жолына төселген болатын. Ұзындығы 500 метрді қамтитын учаске әдеттегі жолдарға қарағанда берік болатындығын көрсеткен. Ғылыми институт мамандарының айтуынша, резеңке-асфальтбетон жолда жарық-сызаттар пайда болдырмайды, су өткізбейді, тығыз әрі автокөлік дөңгелектеріне де жайлы. Тежеуіш басқанда жылдамдықты азайту да ыңғайлы болатындығын көрсеткен.  Сонымен қатар резеңке-асфальтбетон жолды төсегеннен кейін, үш жыл көлемінде жолды күтіп ұстауға кететін шығын болмайды.

"Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты" резеңке үгінділерін жол құрылысына шикізат ретінде пайдалануды ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеді. Нәтижесінде, резеңке-асфальт қоспасының нормативтік құжаты жасалды. Соның негізінде жол құрылысына тозған шиналардың үгінділерін пайдалануға кепілдік беріліп отыр. Шұрық-тесік жолдарды жамай беруге қыруар қаражат шығармай осы материалды пайдаға асыру аса тиімді екенін көрсеткен.

Қолға алынған жобаның басты мақсаты – сын көтермейтін жолдардың сапасын арттыру. Жол құрылысында резеңке үгінділерді қосымша композициялық шикізат ретінде қолданудың пайдасы көп екендігі анықталды. Біріншіден, резеңке-асфальтбетон қоспасы түрлі температураларда төзімді. Жолдың үстіңгі қабатының бұзылуына, жарықшақтардың пайда болуына қарсы тұрады. Екіншіден, тозған резеңке-дөңгелектерді кәдеге жаратуға жол ашады. Үшіншіден, қоршаған ортадағы экологиялық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ескі шиналарды қайта өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын жандандырады. Бүгінгі таңда тозған дөңгелектерді қайта кәдеге жарататын кәсіпорындарға субсидия бөлініп келеді. "ӨКМ Операторы" өңделген шинаның 1 келісі үшін 30 теңгеден қаражат аударып отыр. 

Жыл сайын елімізде 80 мың тоннаға жуық автокөлік шиналары жинақталады. Соның не бары 40%-ы  ғана қайта өңдеу көреді. Ал қалғаны әр жерде ауаны ластап шашылып жатыр. Ал сол шиналардың жол құрылысына таптырмайтын материал екендігін халықарарлық тәжірибе және бүгінгі зерттеу қорытындысы көрсетіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу