Банктер клиент емес, тиімді технология үшін күресіп жатыр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
14697

Қаржылық технологияның соңғы мүмкіндігіне қол жеткізген банкті клиент өзі іздеп табады.

Банктер клиент емес, тиімді технология үшін күресіп жатыр

Әлемдік қаржы технологиясының инновациялық тұрғыдан жаңғыруы ғарыштық жылдамдықпен жүріп жатыр. Бүгінгі таңда барлық банктер цифрлық жүйеге көшіп үлгерген. Олар тұтынушыларына дәстүрлі қызмет көрсетумен қатар онлайн-қызмет ұсынуда. Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық жиында Қазақстан интернет-бизнес қауымдастығының басшысы Константин Горажанкин айтты.

Спикердің сөзінше, Қазақстан банктерінің электронды сауда нарығындағы мүмкіндігі жоғары. Себебі үкімет нарықтың дәл осы сегментін дамытуға мүдделі болып отыр.

Қауымдастық басшысы "e-commerce" нарығында "Kaspi  bank" тыңға түрен салып отырғанын тілге тиек етіп: "2017 жылдың соңында "Кибержұма" күнін ұйымдастырған банк "Kaspi Red" жобасы арқылы құны 20 млрд теңгені құрайтын 250 мың дана тауарды пайызсыз несиеге берді. Бұл басқа банктердің "е-commerce" нарығымен интеграциялануына түрткі болды. Көштен қалмас үшін "Қазком" "Homeshop" электронды сауда желісін іске қосты", – деді

Cөз арасында ол бүгінгі таңда банктер арасындағы күрес клиент емес, тиімді технология үшін жүріп жатқанын айтты. Бұл пікірді ресейлік  "Intervale Russia" қаржылық технология компаниясының  өкілі Виталий Щидковский қостады.  

"Рас, банктер технологиялық көшбасшылыққа ұмтылуда. Себебі қаржылық технологияның соңғы мүмкіндігіне қол жеткізген банкті клиент өзі іздеп табады" – деді ол.

Виталий Щидковский  2013 жылдан бері электронды коммерция нарығы 2 есе өскеніне назар аударып, трансшекаралық  электронды сауда 37%-ға ұлғайғанын жеткізді. Оның ойынша, бұған банктер мен қаржылық технология саласындағы  компаниялардың ауызбіршілігі себеп болған.

"Джек Ма апта аяғында Ресейдегі электронды  коммерция нарығы кішкентай екенін айтып, оны қорғансыз балаға теңеді. Бірақ ол "қорғансыз баланы" Ресейдің барлық банктері қанатының астына алу үшін кезекке тұрғанын естен шығарып алды. Бүгінде Ресейде 200 ден астам банк бар. Олардың бөлімшелері Орталық Азия елдерінің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұр. Біз Қырғызстанда электронды сауда нарығы нөлдік деңгейде екенін әріптестерімізден білдік. Керек десеңіз, Алматы мен Бішкек арасында мобильді байланыс та нашар екен. Осыған байланысты біз Қырғызстанның электронды сауда сегментін жаулау жайлы ойлана бастадық", – деді Ресей азаматы.

Басқосу барысында "Альфабанк" өкілдері Астана мен Алматы нарығынан "OpenAPI" мен "Маркетплейс"жобасын  ашуға ниеттеніп отырғандарын баяндады.

"Біз Ұлттық банк пен қаржы институттары арасындағы кездесуді күтіп отырмыз. Қаржы реттеушісі жоғарыдағы технологияларға қатысты ойын ережесін заңдастыру мәселесін кешіктірмейтін шығар деп үміттенеміз", – деді "Альфабанк"  өкілі Светлана Хочиева.  

Қазақстанда  интернет-дүкендердің дамуына логистика мәселесі, жердің шалғайлығы қол­бай­­лау болады екен. Осыған қатысты Конс­тан­тин Горожанкин: "Жыл сайын интернет арқылы ұйымдастырылатын "Кибержұма" күнінде са­тып алушылардың 55%-ын алматылықтар құрайды. Астаналықтар -17, қа­­­­­рағандылықтар -11, шымкенттіктер - 7, 9%-дан аспайды. Бұл көрсеткішті бірнеше есе өсіруге болады", – деді Константин  Горожанкин.

Ол АҚШ-тың Ресейге салып отырған санкциясы Қазақстанға да салқынын  тигізіп  отырғанын айтты.

"Электронды сауда нарығына санкциялардың әсері бар. Сондықтан дипломаттар мен саясаткерлер мәмілеге келсе екен деп тілейміз. Ресей рублі мен теңге бағамындағы  өзгерісті қазақстандықтар "мини девальвация" деп бағалап жатыр. Соңғы күндері тұтынушылардың  белсенділігі төмендеп кетті. Біз әліптің артын бағып отырмыз", – деп қорытты сөзін Конс­тан­тин Горожанкин.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу