Жолдар былық батпағынан арыла алмай-ақ қойды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3403

"Жолаушының ақысы жүрсе бітеді, жемқордың ақысы алса бітеді" деген "мәтел" қашан өзектілігін жояды?

Жолдар былық батпағынан арыла алмай-ақ қойды Фото: yvision.kz

Ұлан-байтақ Ұлы даланың өне бойын айқұш-ұйқыш торлаған жолдарға жауапты ұйымдардың басы даудан арылмай-ақ қойды.

Осы аптада есеп комитетінің мемлекеттік аудиторларына 16 млн теңге пара бергені үшін "Казахавтодор" кәсіпорнының бүкіл дерлік басшылығы тұтқындалды: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының жауынгерлері есеп комитетінің аудиторлары Ботагөз Қопабаева мен Алмагүл Жәңгірбаеваның, сондай-ақ "Казахавтодор" бас директоры Серікжан Мұқашевтың, оның орынбасары Ернұр Шәмишевтің, бас бухгалтер Қорғанованың, бөлім басшылары Елемесов пен Әжіғұловтың, сонымен бірге "Казахавтодор" облыстық филиалдары басшыларының қолына кісен салды. Бұлар әшкере болған масқара жайттың – қыруар бюджет қаражатының мақсатсыз шығындалғаны аудиторлық есепте көрсетілуіне пара беріп, тосқауыл қоймақ болған. Өйткені есеп комитетінің жыл сайынғы есебі тікелей ел басшылығына да баяндалатыны мәлім.

Ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, бұл коррупциялық схемаға "Казавтодордың" облыстық филиалдарының барлық басшысы тартылған, олар мемлекеттік "ревизорларға" параны бірлесіп жинап берген. Қазір пара бергендер мен алғандардың барлығы Астанадағы ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Ал "Астана-Павлодар" стратегиялық автожол бағытында басқа жанжал өрбіді. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық мега-жобасының бір бөлігі саналатын бұл жол Қазақстандағы ең бір ірі "сақалды құрылысқа" айналуы ықтимал. Бұл автобандағы құрылыс жұмыстары толығымен тоқтаған болатын: мердігерлер "Астана-Павлодар" жол учаскесін салушы жұмысшыларды таратып жіберген, техникаларын да алып кеткен. Құрылысшылар мен жеткізушілер алдындағы жол салушы компанияның қарызы 100 млн теңгеден асып кетіпті.

Бас мердігер "Автодорсервис" құрылтайшылары Виталий Процентов пен Ильхалид Кәкімжанов арасындағы тайталас тек барша қазақстандыққа ғана емес, шетелге де танылып қалды. Демек, тоқталып жату артық. Тек "Нұрлы жол" бағдарламасына кірген бұл автобанның кейінгі тағдыры не болмақ? "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының дерегіне сүйенсек, "Автодорсервиспен" осы бағыттың Павлодар облысындағы 25 шақырымдық телімін қайта қалпына келтіру шарты бекітілген. Құрылыстың 2017 жылы аяқталады деп белгіленген. Бірақ келісімшарт бойынша жұмыстар 59%-ға ғана орындалыпты.

Мұндағы проблеманы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басшылары да мойындауға мәжбүр. "Иә, ол жақта құрылтайшылар арасында қақтығыс бар. Бұл мәселе сот тәртібінде шешіледі. Біз бұл шиеленісті шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", – дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК корпоративті даму жөніндегі басқарушы директоры Ержан Тереқұлов.

Бурабайға бастайтын "Астана-Щучинск" автобанына қатысты да алаңдаушылық артты. 21 желтоқсан күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында бір топ депутат үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жүгінді. Жалпы, осы бағыттағы автобанда болып жатқан былықтарға халық қалаулылары бұған дейін де үкімет мүшелерінің назарын аударған болатын. 2015 жылдың ақпанында мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова еліміздегі әзірге жалғыз ақылы жолды коррупция жайлағанын жариялады.

"Бұл жолда сыбайлас жемқорлық көріністері бар. Мен өзім көлік жүргіземін. Бурабайға бет алған сайын, әсіресе, сенбі-жексенбі күндері бірнеше жолақтан тек біреуі ғана жұмыс істеп тұрады. Оның өзі қолма-қол басқарылады. Яғни, адамдар ақша жинап отырады. Мысалы, ақы жинаушы терминалда 200 теңге төлеуім керектігі туралы ескерту жанады, олар менен 200 теңге алады, бірақ 40-60 теңгенің чегін басып береді. Арт жағымда автокөліктер ұзын-сонар кезекте тұрғандықтан, мәселенің байыбына баруға уақыт жоқ. Жолдағы жемқорлар шектен шығып барады", – дейді парламенттегі жиындардың бірінде Меруерт Қазбекова.

Осыдан кейін "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ермек Қизатов "Астана-Щучинск" трассасында ақы енді тек автоматты түрде төленетінін мәлімдеді. "ҚазАвтоЖолдың" барлық қызметкеріне көлік иелерінен ақша алуға тыйым салынды. Сонымен бірге, купюра қабылдағыштар мен ақылы терминалдар жаңартыла бастады.

Айта кетейік, "Астана-Щучинск" тас жолының жалпы ұзындығы 210 шақырым. 2013 жылы бұл жолда алуан түрлі көлік иелерінен 561 млн теңге жиналған, 2014 жылы 1 млрд 65 млн-ға жетті. Ал былтырғы жылдың қорытындысында 1 млрд 142 млн теңге жиналғаны хабарланды. Яғни, жоспар 13 млн теңгеге артық орындалған. Биылғы жылдың толық қорытындысы әлі шығарылған жоқ. Дегенмен, бір белгілісі – 2016 жылдың 6 айында 533 млн теңге түсіпті.

"ҚазАвтоЖол" дерегіне сүйенсек, өткен жылы автобан тәулік сайын орташа есеппен 3,1 млн теңге түсіріп отырған. Бұл жолды бір тәулікте 7 мың авто басып өтеді. Ал демалыс күндері қозғалыс қарқыны 10-12 мың автокөлікке дейін жететін көрінеді. 2014 жылмен салыстырғанда, 2015 жылы көлік саны 4,9%-ға артқан. Жалпы алғанда, 2015 жылы осы бағытта 2,5 млн-нан аса көлік зырлаған.

"ҚазАвтоЖол" жиналатын бүкіл қаражат бюджетке емес, "жол телімін лайықты жағдайда ұстап тұруға және ақы жинау жүйесін жаңғыртуға бағытталатынын" мәлім етті.

Парламентарийлер жыл сайын млрд-тан астам қаржы шығындалатын еліміздегі жалғыз жолдың қыстағы жағдайына көңілдері толмайтынын білдіріп отыр. Премьер-министрге жолданған депутаттық сауалда автобанда жыл сайын қысқы кезеңде ауыр жол апаттары жиілейтіні айтылады.

Мысалы, 4 желтоқсан күні Астана-Көкшетау жолында қатты боран кесірінен жаппай апат болып, онда төрт адам қаза тапты.

Депутат Айқын Қоңыров "ҚазАвтоЖол" ҰК ресми сайтындағы бұқаралық келісімшартты мұқият зерделеп шыққанын айтады. "Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы", яғни оператор дәл осы ұлттық компания атынан трассада ақы жинайтыны мәлім.

"Бұл келісімшарттың баптарында "операторға" жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттемесі жүктелмеген. Ал жол ақысын онсыз да дер кезінде төлейтін "пайдаланушыларға" қаптаған міндеттеме қарастырылған! Ол ол ма, жол жабындысының нашарлығы мен жолдың қар мен мұздан уақтылы тазартылмауынан болған апат салдарынан "ҚазАвтоЖол" ҰК-ның мүлкіне келтірілген шығынды өтеу тәртібі бекітілген! Біз бұл ұйымның табыстары мен бюджеті млрд-тан артып бара жатқанын көріп отырмыз. Алайда бұл жолдағы қауіпсіздіктің жақсаруына еш әсер етіп отырған жоқ. Өкінішке қарай, азаматтарымыз мерт болып жатыр, жақын-жуықтары үшін де, қоғам үшін де адамның орны толмайды", – дейді Айқын Қоңыров.

Премьерге жүгінген депутаттар "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында Қарағанды мен Павлодар бағытындағы жолдарды да ақылы ету жоспарда барын еске салды және мұның да ауыр салдары болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан парламентарийлер үкімет жетекшісінен ақылы жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын баяндауды сұрады. Сондай-ақ қалыптасқан жағдайды түзетуге бағытталған шаралар кешенін әзірлеп, қабылдауды ұсынды.

"ҚазАвтоЖол" Астана – Щучинск автобанында жаз кезінде туындайтын көлік кептелістерін жою үшін Еуропа, Корея және Тайвань елдерінің тәжірибесін енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.

Айтқандай, Қазақстан көлік жолдарын төсеуге және қолданыстағыларын қайта жөндеуге млрд-тап емес, трлн-дап қаржы шығындамақ. Соның ішінде орасан зор қаржы ағыны "ҚазАвтоЖол" арқылы да өтпек. 2019 жылға дейін бұл ұлттық компания "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 7 мың шақырым автокөлік жолдарын қайта қалпына келтірмек. Бұл мақсатта жалпы сомасы 2,4 трлн теңге жұмсалады. Осының арқасында Елбасы тапсырғандай, елімізде сапалы көлік желісі қалыптасып, өңірлер арасындағы "экономикалық алшақтық" қысқаруы тиіс. Сонымен бірге, Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға апарар тасжолдар жаңадан төселмек.

Мақсат – ғаламат. Тек ол шенеуніктер мен жол салушы компаниялардың ел қаржысын алапат ауқымда талан-тараж етудің мега-жобасына айналып кетпесе болды. Бұл – экономист Сергей Смирновтың пікірі.

"Өңірлік жолдардың шамамен 40%-ының жағдайы нашар. Ал Ақтөбе, Атырау, БҚО, СҚО өңірлерінде бұл көрсеткіш 50%-ға дейін барады. Елдегі жолдардың біразы бомбалаудан кейінгі көріністі елестетеді. Бұл жерде бар мәселе – жолды сапалы салуға қаржының жеткілікті бөлінбейтіндігінде емес, коррупция мен қаптаған делдалдарда. Тендерлерді биліктегілердің жақын-жұрағаты немесе нарықтағы ірі компания жеңіп алады, кейін ол қосалқы мердігерді жалдайды, онысы басқаларын тартады. Нарыққа қатысушылардың бағалауынша, жолды нақты салатын құрылысшы мен компанияға бөлінген бюджет қаражатының орташа есеппен 40–50%-ы ғана жетеді. Сөйтіп, жолшыларға жұмыс күшін де, материалды да үнемдеуге тура келеді. Бұл – салынған жолдың сапасына әсер етеді", – дейді сарапшы.

Сыбайлас жемқорлықпен күресуші ведомство жақында жол құрылысындағы коррупциялық құқық бұзушылықтарға талдау жасай келе, оларға септесетін бірқатар себепті анықтағанын мәлімдеді. Олардың арасында "қызмет көрсетушіні анықтау жөніндегі мемлекеттік сатып алуды өткізу ережелерін бұзу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде жоба құнын асыра көрсету, лауазымды тұлғаларға "откат" беру және құрылыс материалдарына шығындалар қаржыны үнемдеу" бар.

Бұған қоса, ведомствоның хабарлауынша, "жолдарды салу, қайта қалпына келтіру және жөндеу кезінде тексеруді тек мүдделі тұлғалар ғана жүргізеді, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін арттырады". Техникалық қадағалауды осы салада тиісті білімі жоқ тұлғалардың жүргізетініне де назар аударды.

"Жол құрылысы кезінде коррупцияға жағдай жасайтын тағы бір мәселе – шешім қабылдау кезінде қоғамдастықтың бақыламауы. Дәлірек айтсақ, нысанды қабылдап алу кезінде арнайы комиссия құрылады. Ал оның құрамына тек тапсырыс берушінің, бас мердігердің, жергілікті сәулет және қала құрылысы органының өкілдері ғана кіреді. Қабылдап алу комиссияларында азаматтық қоғам институттары өкілдерінің болмауы – сыбайлас жемқорлықтың шарттарының бірі" деген қорытындыға келді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Жол саласының өзегіне түскен "жегі құртты" жою үшін агенттік бірқатар шараны ұсынып отыр. Ведомство автомобиль жолдары құрылысын бақылау тетіктерін түпкілікті түрде қайта қарауды, оған қоғамдық институттарды кеңінен тартуды ұсынады. "ҚазАвтоЖол" ұлттық операторына және жергілікті атқарушы органдарға өз сайттарында жол құрылысы туралы толық ақпаратты жариялап отыруға ұсыныс жасалды. Сондай-ақ штатында аттестаттаудан өткен, автожол құрылысына маманданған сарапшылары бар техникалық қадағалаушы ұйымдарға ғана аккредитация туралы құжат беру ұсынылып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу