Жолдаудың жұртты тіксінткен тұстары талқылануда

3672

Сарапшылар ел Президентінің бұл жолғы жолдауы ерекше болғанын мойындады. Дегенмен онда көңілге кірбің салған жайттардың барлығы да анықталып отырған көрінеді.  

Жолдаудың жұртты тіксінткен тұстары талқылануда

Әсіресе, тіл жанашылары мектептеріміздегі орыс тілінің экспансиясы жалғаса ма деп алаңдайды. Биылғы маусымда Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жақсы бастаманы қолға алды. Ол бастауыш сыныпта үш тілді оқыту жүйесіне өзгерістер енгізуге кірісті.

Оның айтуынша, қазақ тілді мектептерде оқушылар 1-сыныпта тек туған тілінде білім алмақ, ал өзге тілдер екінші және үшінші сыныптарда қосылады.

"Осы тақырыпта зерттеп, сараптама жүргізе келе, 1-сынып оқушысына үш тілді бірден меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл – тиімсіз. Мәселе дидактика мен физиологияда. Осы мәселе бойынша шешім қабылдап, қазақ тілді мектептерде 1-сынып оқушысын тек қазақ тілінде оқытуға қатысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Алдымен өз тілінде оқып және жазып үйренеді. Екінші сыныпта орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі енгізіледі", – деді А.Аймағамбетов.

Келешекте енгізу жоспарланып отырған өзгерістер келесідей еді:

  • Қазақ тілінде оқитын балалар үшін бірінші сыныпта тек туған тілінде оқытылады, 2-сыныпта орыс тілі, 3-шіде ағылшын тілі қосылады;
  • Орыс тілінде оқитын балалар бірінші сыныпта орыс тілінде және мемлекеттік қазақ тілінде оқыса, 3-сыныптан ағылшын тілін де қоса меңгереді.

"Бұл өзгерістер жақын арада енеді, осы жүйеге көшеміз. Дайындық жүріп жатыр", – деп елді риза етті министр. Негізі, сонша батыл емес, жартыкештеу шара. Асылы Осман сияқты тіл жанашырлары ең құрыса, 5-сыныпқа дейін тек қана мемлекеттік тілде оқытуды талап еткен.  

Алайда сол қарапайым әрі маңызды бастаманың өзі сыртқы зәлім күштердің зығырданын қайнатты. Ресейлік пропаганда федералдық телеарналардан "Қазақстан мектептерде орыс тілін жойды" деп байбалам салды. Енді әлеуметтанушы Әнуарбек Жасанның болжамынша, жап-жақсы қадам доғарылуы мүмкін.

"Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі жөнінде пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын, біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет. Бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту министрлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады", – деген еді Қ.Тоқаев.

Ә.Жасан Президенттің популист деп кімді күстәналағанын түсінбепті.

"Бәлкім, ол осылай ресейлік пропаганданы сырттай сынап өткен болар. Бірақ келесі сөйлемінде Ресей тілін қорғаштауы онша ұнамады. "Біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды тәрбиелеуіміз қажет" деді ол. Жалпы популист деп кімді атағанын жақында білеміз. Егер Оқу-ағарту министрлігі жаңа бастамасынан бас тартып, қазақ балаларын, ауылдағы қарадомалақтарды орыс тілін үйренуге әрі қарай мәжбүрлеп, стреске салса, онда қазақ тілінің туының жығылғаны. Жалпы Аймағамбетовтың дәл осы бастамасын қоғам болып қолдауға тиіспіз. Қ.Тоқаев "балалардың мүддесін қорғау қажет" деді. Аймағамбетов балалардың мүддесін қорғау үшін оларды бірінші сыныптан орыс тілінде оқып, қиналудан құтқармақ", – деді әлеуметтанушы.

Ол жақында Еуропадан оралған екен.

"Егер біздің билік шынымен балаларымыздың бағын ашқысы келсе, бірақ Ресейден қорқып, орыс тілінен қол үзе алмаса, онда Ресей тілін бесінші сыныпқа қалдырып, ағылшын тілін екінші сыныптан оқытуы қажет. Ресей қазір Болон жүйесінен шықты. Ресей ғалымдары дамыған елдермен қарым-қатынасын үзді. Санкция кесірінен Ресейде жоғары технологиялар, сапалы зертханалық құралдар, тіпті реагенттер болмайды. Демек көрші құрдымға құлауда, одан орыстілді жас ұрпақ зиянды пропагандадан басқа, оңды ештеңе үйренбейді. Ендеше дарынды жас ұрпақты, болашақ ғалымдарымызды баулығымыз келсе, онда орыс емес, ағылшын тілін үйретуіміз керек. Орысшаны онсыз да далада үйренеді", – деген пікірде Әнуарбек Жасан.

Белгілі кәсіпкер, коуч Марғұлан Сейсембай да жолдауда өзіне ұнамаған тұстар жететінін мәлім етті. 

"Қазақстан Президенті жолдауын тыңдадым. Жалпы жолдау жақсы, бірақ кейбір ұнамаған тұстары бар. Біріншіден, бұрынғы билік, олардың жемқорлығы мен капиталдары жайлы бірде-бір сөз айтылмады. Тоқаев бұрынғы билік пен оның маңындағыларға барлық ұрлағанымен кетуге мүмкіндік берген сияқты. Егер бұрынғы жемқорлар тып-тыныш ұрлаған ақшасымен шетелде демалып жүрсе Әділетті Қазақстанға сену қиын екен. Меніңше, әділеттілікті қалпына келтіріп, бұрынғы билікке баға беру керек деп есептеймін", – деді М.Сәрсембай.

Екіншіден, оның байламынша, өкілеттілік мерзімін 7 жылға ұзарта отырып, кезектен тыс Президент сайлауын өткізу дегеніміз бұл іс жүзінде өз өкілеттігін 2029 жылға дейін ұзарту. Ал бұл белгілі бір қауіп туғызады. Үшіншіден, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту жайында ештеңе айтылмады.

"Қорытындыласақ, біріншіден, биліктің сабақтастығы деген жақсы, ал жемқорлықтың сабақтастығы жақсы емес. Екіншіден, Конституцияны ойыншық қылу жалғасуда және ол 7 жылдық өкілеттілікпен біте ме, жоқ па белгісіз. Үшіншіден, өз әскерінің жағдайын жасағысы келмейтіндерге басқа біреудің әскерін тойдыруға тура келеді. Төртіншіден, сәл де болса алға жылжу. Бұл өмірде бәрі мінсіз бола бермейді", – деп қорытты Марғұлан Сейсембай.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде жолдаудағы әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету орнына, уақытша "қатыру" қадамы да біршама сыналуда. Пікір білдіруші қазақстандықтардың ойынша, проблема шешілген жоқ, тек билік оны уақытша, 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырады. Әрі қарай өсуі де мүмкін.

Жолдау жарияланған соң Парламенттің бірлескен отырысынан шыққан Ақтөбе облысының әкімі, бұған дейін Үкіметте әлеуметтік мәселелерге, соның ішінде зейнетақы саласына жауап берген Премьердің экс-орынбасары Ералы Тоғжановқа журналистер осы сұрақты төтесінен қойды. Неге зейнет жасын төмендетуді өтініп жүрген шахтерлардың, басқа да ауыр жұмысқа тартылғандардың, тіпті мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әкелердің тілегі аяқасты болғанын сұрады.

"Зейнеткерлікке қатысты шешім осы жолдауда жарияланған ең салмақты шешімдердің бірі деп санаймын. Бұған дейін 63 жасқа дейін кезең-кезеңмен көтеріледі деп заңда қарастырылған. Биыл дәл осы 61 жас межесіне жетті. Енді осы деңгейде 2028 жылға дейін қалдырыла тұрады. Оған дейін бес жылдан аса уақыт бар. Осы аралықта саладағы барлық мәселені шешуге болады деп есептеймін. Ал шахтерларға, басқасына келсек, оның бәрі жұмыс тобында талқыланып жатса керек. Бүгін тек әйелдерге қатысты шешім қабылданды. Басқасы әрі қарай жұмыс тобында талқыланатын болар", – деді Е.Тоғжанов.

Президент өз жолдауында биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге амнистия жариялады: оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынды. Бірақ бұл рақымшылықты тек іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктердің иелері ғана пайдалана алады.

Осыған қатысты жұрт опынысын білдіруде. Мысалы, Алматы тұрғыны Ерлан Бейсенғали таяуда ғана қазақстандық автосалоннан қымбатқа көлік алып қойғанын, бұл ретте шетелден одан әлдеқайда арзан әрі жақсы маркадағы автомобильді әкеп беруді ұсынған жолдастарын тыңдамағанын айтады.

"Шетелдік көліктің проблемасы көп деп ойлағанмын. Оны бастапқы тіркеу, утилизациялық алымы, кедендік тазарту қосылып, қалтаны қағар деп қауіптендім. Енді өзімді алданғандай сезініп отырмын. Шетелден тасығандар тағы ұтты. Өкінішті. Мемлекет сұр схемаларды қолдауын жалғастырды", – дейді ол.

Бірқатар сарапшы мұндай қадам қазақстандықтарды айналма жолдармен шетелден көлік тасуға одан сайын ынталандыруы мүмкін екенін ескертеді. Дәндеген қазақстандықтар билік алда тағы да осындай амнистия жариялайды деп күтеді.

Сарапшылар арасында жолдаудың өзге қырлары да пікірталас тудырды. Соның қатарында мысалы, "Ұлттық қор – балаларға" атты мүлде жаңа бағдарлама аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару ұсынысы бар.

Inbusiness.kz бұл бастаманың игілігін көрушілер, бенефициарлары – алпауыт құрылыс компаниялары мен білім беру ұйымдары болатынын жазды. Себебі балалардың есепшотына түсетін қаражаттың жұмсалу нысанасы баспана немесе білім алумен шектелген. Баланы емдету қарастырылмайды. Егер бала ауырып, оны құтқару қажет болса, неге осы қаржыны соған бағыттамаса? Әйтпесе, бала өмірін арашалауға жарамаған ел байлығының пайдасы бар ма? Сонда қандай баспананы сатып алуға болады: бастапқы не қайталама нарықта, немесе жеке үй салу? Білім берудің қандай сатылары қаржыландырылады: балабақша, мектеп, колледж, университет? Ол қаражат кімге мұраға қалады?

Негізі, жолдаудағы жоба-бастамаларға қатысты сұрақ көп, жауабын Үкіметке іздеуге, жай-жапсарын нақты айқындауға тура келеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу