Бұған дейін Қазақстанда әрбір төртінші адам денсаулыққа зиян әрі өмірге қауіпті жұмыс орындарында қызмет ететіні айтылатын. Жыл сайын жүздеген адам көз жұмып, мыңдаған жан зиян тартатын елдегі жұмыс орындары құдды соғыс майданы іспетті көрініс табуда.
Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытындағы апаттан кейін зардап шеккен 8 адамның төртеуі қайтыс болды, қалғандары әлі ауруханада жатыр. Бұл оқиға елімізде еңбек қауіпсіздігінің жөнді қорғалмай жатқанын анық айшықтап берді.
Сандардағы сәйкестікті қалай түсінеміз
Халықаралық зерттеу ұйымдарының дерегінше, әлемде жыл сайын жұмыс орнында 2,4 млн адам көз жұмады. Яғни, бұл проблема жаһан жұртшылығының бас ауруына айналған. Десек те, Қазақстандағы жағдай біршама күрделі. 2022 жылы елде 203 қазақстандық еңбек жағдайында қайтыс болса, былтыр да көрсеткіш осы деңгейден түспеді. Ал биыл алғашқы 5 айдың ішінде 59 адам жан тапсырған.
Елдегі жұмысшылардың қауіпсіздігін 250-ге жуық еңбек инспекторы қамтамасыз етуге міндеттелген. Алайда көбіне жұмыс берушілер қауіпсіздікті сақтамағаны үшін айыппұлмен ғана құтылып жататыны жасырын емес.
Бұл тұсты Еңбек комитетінің деректеріне қатысты көкейге күмән ұялатар жайттар бар. Шынында жапа шеккендердің саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Біріншіден, 2021 жылы да, 2022 жылы да жалпы зардап шеккен жұмысшылар саны 1465 деп көрсетілген. Бұндай сәйкестіктің бола қоярына сену қиын. Екіншіден, 2021 жылы Еңбек комитеті зардап шеккен жұмысшылар азайды деп мәлімдегенде, Ұлттық статистика бюросы керісінше мүлде басқа сандарды алға тартып, кәсіпорындардағы адам өлімі бірден 6 пайызға көтерілгенін жария етті. Біз осы мәселелерге қатысты 2022 жылы бірнеше рет сұрау салғанымызда, аталған комитет деректің неліктен біркелкі болмағанын түсіндіріп бере алмаған еді.
Шетелдік гиганттар жергілікті жұмысшыларды шетке ысырады
Қазақстанда жұмысшылардың зардап шегуіне көбіне "АрселорМиттал" секілді шетелдік ірі компаниялар септігін тигізеді. Елімізде негізі 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданған. Оның негізінде 2030 жылға қарай зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер санын 15 пайызға дейін төмендету, өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендер санын азайтып, еңбек заңнамасының сақталуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған заңбұзушылықтардың жалпы санын 15 пайызға дейін азайту жоспарланған. Бірақ жоспар іске аспайтын сыңайлы. Өйткені кәсіпорындарға жауапты шетелдік компаниялар өндірістік қауіпсіздік саласына салғырт қарайды. Мәселен, бұған дейін Ranking порталы еліміздегі шетелдік гиганттар да, отандық компаниялар да еңбек қауіпсіздігін елемейтінін жария еткен болатын.
"Егер шетелдік корпорациялардың кәсіпорындарында қайғылы жағдайлар мезгіл сайын бола берсе, шетелдік иелер өндірістегі қауіпсіздікке ақша салуға асықпайды. Ал отандық кәсіпорындардағы осындай қайғылы жағдайлар одан да көп сұрақ туғызады. Жұмысшылар еңбек шарттарына қатысты бұған дейін де талай шағымданып келген. Яғни, қазақстандық кәсіпорындарда қауіпсіздік шаралары баяғыдан сақталмаған, ал техникалар әбден ескірген" деп жазды.
Солқылдақ не, заң ба, адам ба?
Мемлекеттің жұмыс берушілерге қатысты жазаны күшейткенін сұрайтындар көп. Ал қазіргі заң жұмыс берушілерге нені міндеттейді? Қызметкер жазатайым қаза болғанда жұмыс беруші ұйымдар да заң бойынша оңай құтылатындай. "Құқық қорғау қызметi туралы" заңның 66-бабында "Қызметкер қызметтiк міндеттерін атқару кезiнде не орындалуы міндетті қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған жарақат салдарынан қаза тапқан жағдайда асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша 60 айлық ақшалай бiржолғы өтемақы төленеді" делінген.
Жасырары жоқ, оқыс оқиғалардан соң көбіне жаттанды амалдар жүзеге асады. Комиссия құрылып, оқиға болған жерге барып, қалай болғанын зерделеп, ескертуін айтып, жалпы алғанда салдарын шолып шығумен бітеді. Кей кезде басшылар жауапқа тартылады, бірақ үлкен басшылар емес, жұмысты ұйымдастырып, басы-қасында жүретін "кіші басшылар". Олардың қарапайым жұмысшылардан артықшылығы аз. Қылмыстық кодекстің 156-бабында (Еңбек қорғау қағидаларын бұзу) абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет үшін жауапты басшылардың бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiн айырылып, бес жылға дейін бас бостандығы шектелетіні жазылған. Ал осы баптың төртінші тармағында өндірісте 2 не одан да көп адам қайтыс болса, жауапты басшылардың 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылатыны көрсетілген. Дегенмен бұл бап бойынша кейінгі жылдары қанша жауапты қызметкер жазаға тартылғаны жайлы нақтылы деректер жоқ.
Оның үстіне заңда көрсетілген өтемақыны төлеуден бас тартып, ауызекі келіссөз арқылы мәселені жабуға тырысатын жұмыс берушілер жетерлік. Мәселен, Қызылорда қаласының тұрғыны Қуаныш Майлыбай бірнеше жыл бұрын ет өңдейтін шағын кәсіпорында жұмыс істеген. Әуелде қауіпсіздік ережесі түсіндірілмеген. Соның кесірінен азаматтың сол қолының саусақтарын ет турағыш құрылғы кесіп кеткен. Бірнеше сағат қансырап, көп қан жоғалтып, ақыры саусақтарын кесуге тура келеді. Оқиғаны жұмыс беруші компания барынша жасыруға тырысыпты. Заңбұзушылық үшін мемлекет пен қызметкерге төлеуі тиіс айыппұлдан жалтармақ болып, мәселені зардап шеккен азаматпен екеуара жасырын шешуге талпынған. Ақыры кәсіпорында қауіпсіздік ережесін білмейтін, сақтандырылмаған қызметкерлер жұмыс істеп келгені анықталады.
Дегенмен жұмысшылардың да көп нәрсеге немқұрайды қарайтынын айтушылар бар. Еңбек дауларына жиі араласып жүрген қоғам белсендісі Уайс Ерсайынұлы алдағы уақытта да ескерту мен айыппұл ештеңені шешпейтінін айтып жүр. Оның ойынша, кінәні бір тараптан іздеуге болмайды.
– Оқыс жағдайларда қателік бір жақтан ғана шықпайды. Біріншіден, жұмыс беруші сақтандырмаған болса, екіншіден, жұмысшының өзі өндірістің қатаң техникалық заңын ескермейді. Көп компанияның ішкі мәселесін көрген маман ретінде айтарым, өндірістегі қауіпсіздік саласы "бармақ басты, көз қыстымен" келеді. Төтенше жағдайлар министрлігі алпауыт кәсіпорындарды осындай жағдайда ғана тексермесе, жай күні тексеруге құзыры жоқ. Сол себепті ведомствоға ерекше функция берген абзал. Белгілі бір тексерістер болмаған соң жұмыс берушілер қауіпсіздікке салғырт. Ал техникалық инспекторлардың жұмысына сенбеймін. Қауіпсіздікке жауап беретін қызметкерлердің өзі, олар басшысына қарсы келмейді. Факторлар өте көп, бірақ мәселе компанияларға ескерту айтумен шешілмейді. Бұл жерде әр адамның өміріне деген жауапкершіліктің жоқтығы себепші. Мысалы, мұнай өндіруші компаниялар зат тасымалдамағанда көліктің жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асырмау керек. Кейбір жұмысшылар сонда да екі есе асырып жүре береді. Ал бақылаушылар таныстығын біліп ескерту айтпайды, – дейді ол.
Әрине, "өндіріс болған жерде келеңсіз жағдайдар да кездеседі" деп дау айтатындар табылуы мүмкін. Дегенмен оқыс оқиғаны азайтуға қауіпсіздік жағының ескерілгені әсер етпек. Осы күні жұмысшыларының өміріне бейжай қарайтын алпауыт кәсіпорындарға жүйелі тексеріс жүргізу қажет-ақ. Әйтпесе ферроқорытпа зауытындағы апаттан кейінгі іспетті қаза тапқандардың отбасына миллиондап қаржы берумен мәселе шешімейді.