Жұмыс орнында нәпсіқұмарлықтан қорғайтын жаңа заң керек

5478

Астанада "Жұмыс орнында нәпсіқұмарлық қысым көрсету – халықаралық міндеттер мен алдын алу және жауап қату бойынша ұлттық механизмдер" тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Жұмыс орнында нәпсіқұмарлықтан қорғайтын жаңа заң керек

ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко жетекшілік етіп, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдері мен ҚР Парламент депутаты қатысқан дөңгелек үстел басында Қазақстанда жұмыста нәпсіқұмарлық қысым көрсетуге қатысты жүргізілген зерттеу нәтижесі талқыланып, одан қорғанудың ұлттық механизміндегі кемшіліктерін анықтау, қала берді қысым көрген құрбанды қорғау және кінәлі азаматты жауапкершілікке тарту бойынша нормативтік-құқық базасы мен әкімшілік тәжірибені толықтыру, сондай-ақ осы бағыттағы саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар жиынтығын әзірлеу мәселелері қаралды.

Жалпы, нәпсіқұмарлық қысым дегеніміз не? Ол кім тарапынан және кімге жасалады? Кеңес дәуірінде кеңестік республикаларында секс та жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылық та жоқ деген қағидалардың жалған болып шыққаны ма?

Әлде бұл да "Батыстан келген" жаңа ұғым ба? Қалай десек те, аты да жағымсыз естілетін бұл мәселе қазір Қазақстанда ушығып тұрған көрінеді. Кішігірім әкім-қараларды есепке алмағанда, елдің тізгінін ұстаған министр дөкейлердің арасынан да нәпсіқұмарлық қысым көрсеткен тұлғаның ұшырасатынын төрткүл әлемге жария еткен гу-гу әңгімелер әлеуметтік желілерді кезіп жүр.

Сонымен нәпсіқұмарлық қысым дегеніміз не және оның сипаты қандай деуге келсек, бұл гендерлік белгі бойынша зорлық-зомбылықтың бір түрі болып табылады және ол жағымсыз тән жақындығы, ауызша немесе ауызша емес нәпсіқұмарлық сипаттағы жүріс-тұрыс, қылықтар сияқты белгілермен анықталып, оның салдары жапа шегушінінің абыройына нұқсан келтіру, бопсалау, намысына тию, қорлайтын сөздерімен аяқталады.

Сөз реті келгенде, нәпсіқұмарлық қысымның түрлі формасы бар екенін айтқымыз келеді. Мәселен, тән жақындығы формасына келсек, бұл сенің тәніңе орынсыз қол тигізу, құшақтау немесе еркіңнен тыс сүю. Ал ауызша түріне келсек, нәпсіқұмарлық әзіл, ескертпе, орынсыз кездесуге шақыру немесе сенің жеке өміріңе, сыртқы кескін келбетіңе қатысты жүйкеңе тиетін сын-ескерту, ел алдында қорлау және масқаралау.

Ал ауызша емес қысым көрсету формасына – бұл біреудің тесіле қарауы немесе әжуалауы, сексуалды сурет немесе сыйлық жасау, құқықбұзушы тарапынан саған жасалған ерсі қалжың-қылық, жұмыс барысында сені еркіңнен тыс порнографиялық материалмен танысуға итермелеу, тағысын тағылар жатады.

Нәпсіқұмарлық кибер қысым көрсету түрі де бар екен. Ол жапа шегушіге электрондық пошта немесе СМС-хабарламамен ашық нәпсіқұмарлық хабарлама жіберу немесе тіл тигізу, кемсіту, қала берді әлеуметтік желілердің веб-сайттарында, чаттарда орынсыз әжуалау, қорлап-кеміту.

Жұмыс орындарында нәпсіқұмарлықтың құрбаны кімдер дейтін болсақ, бірінші кезекте, ер адамдарға қарағанда, көбіне нәзік жандардың жапа шегетінін зерттеу нәтижесі анықтап бергенін айтады дөңгелек үстелге қатысқан сарапшы мамандар. Бұдан кейін, сексуалды қысымға жастар ұшырайды, қала берді ер адам басымырақ салада жұмыс істейтін жұмысшы-мигранттар мен әйелдер, сондай-ақ, қызмет көрсету саласының жұмысшылары да үшінші тараптан нәпсіқұмарлықтың құрбаны болып жатады екен. Өкінішке қарай, көптеген құқықбұзушылық тіркелмей, есепке алынбайтын көрінеді.

Дөңгелек үстелге қатысқан АҚШ тарихында жұмыс орнындағы нәпсіқұмарлық қысым туралы бірінші істе Луис Дженсон есімді жапа шегушінің мүддесін қорғаған адвокат Хелен Рубинштейн, жұмыс орнында және жалпы нәпсіқұмарлық қысыммен күресуді түсініп, құқық бұзылған жағдайда, жәбірленушіні қорғау үшін, нәпсіқұмарлық қысым көрсету заңдық тұрғыда құқықтық реттелуі қажет екенін айтады. Осы ретте, АҚШ-та нәпсіқұмарлық қысымға қарсы күресте әйелдің көптеген жетістікке жеткенін, соған қарамастан бұл зорлық-зомбылықты түпкілікті жою мүмкін еместігін айтады адвокат.

Ал жиынға бір себептермен қатыса алмаса да, өз мәлімдемесін жіберген, "БҰҰ-Әйелдер" ұйымының Орталық Азиядағы бөлімшесі жетекшісі, Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан әйелдерінің басын біріктіретін "БҰҰ-Әйелдер" бөлімінің өкілі Илейн Конкиевич: "Көп елдегідей, Қазақстан әйелі де зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің түрлі формасымен бетпе-бет ұшырасады. Өкініштісі, елде жәбірленушіні қорғайтын және мұндай жағдайдың алдын алатын тиімді механизмдер әзірге жоқ. "БҰҰ-Әйелдер" ұйымы бұл мәселені көтеру маңызды және кейбір елде әйелдер үшін қауіпсіз қалалар мен қауіпсіз мекемелерді құруға бағытталған бағдарламалар қолданысқа еніп те жатыр. Бұл бағдарламаларға қатысушы елдер қыз бен әйелге қатысты зорлау мен зорлық-зомбылықты жою үшін нақты шаралар қабылдайды. Ол қажетті қаржыландыру мүмкіншілігіне ие болған саясат, заң саласындағы тәжірибелік шаралар арқылы жүзеге асып отыр", дей келіп, Қазақстанға да осындай шаралар қабылдауға ұсыныс айтты.

Ал ҚР Президенті жанындағы әйел ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко, Қазақстанда әйелдер құқына қатысты жағдай соншалықты жаман емес дейді. Ол ел үкіметімен 10 жылға арналған гендерлік теңдік стратегиясы 2006 жылы қабылданып, жүзеге асып жатқанын айтады.

"Біз халықаралық міндеттемені орындау саласында нақты қадам жасадық. Әйелге қатысты кемсітудің барлық формасына қарсы халықаралық конвенцияны мақұлдадық, елімізде гендерлік заң қабылданды. Бұл заңда негізгі ұстанымдар айқындалған. Бүгінде Ішкі істер министрлігінде әйелді зорлау ісіне қатысты бөлімше жұмыс істейді. Сонымен қатар, заңда жергілікті атқарушы органдарға дағдарыстық орталықтарды мүмкіндігінше қаржыландыру нормалары енгізілген, – дейді Елена Тарасенко.

Оның айтуынша, бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты жұмыс орнында нәпсіқұмарлық қысым көрсету мәселесін жан-жақты талқылап, шетелдік сарапшылардың бұл мәселені шешудегі тәжірибесін тыңдап, зерделеп, нәтижесінде, оны заңдық деңгейде шешу жолдарын қарастыру, сараптама жасау болып табылады.

"Жұмыс орнында нәпсіқұмарлық қысым көрсету біздің ұлттық заңымызда әзірше көрініс таба қоймады. Бізге жұмыс барысында нәпсіқұмарлық қысым деген бірде-бір шағым келіп түспеді. Тек әлеуметтік желілерде айтылып жүр. Ал қоғамда бұл мәселе туған екен, демек, оны ой елегінен өткізу, талдау, нақты шаралар қабылдау қажет", – дейді ұлттық комиссия өкілі.

Қазақстанның феминистік лигасының президенті Евгения Козырева, жұмыс орнында нәпсіқұмарлық қысым көргенін кез келген әйелдің батылы барып айта алмайтынын айтады.

"Бұл туралы кейбір әйел зейнетке шыққаннан кейін ғана айтып жатады. Нәпсіқұмарлық қысым көргенін айту әйел адамға өте қиын. Бірдеңе болған күнде де, жұртшылық "тана көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын үзбейді" деп, жәбірлеушінің өзін кінәлап шығуы да ғажап емес. Оның үстіне, қысым көрсетті деп әйел баласы өзінің болашақ өмірін қауіп-қатерге тігеді. Бұған отбасы, жақындары қалай қарайды?! Бұл үлкен тәуекел! – дейді Евгения Козырева.

Ол көп жағдайда жастардың жұмыс орнында басшылық тарапынан жасалған нәпсіқұмарлық қысымға қарсы тұра алмай, "аш бәледен қаш бәле" деп, жұмыстан өз еркімен кетіп тынуымен аяқталатынын айтады. Бір мысал, Жанар есімді алматылық бір бойжеткен жақында жұмыстан кетіпті. Ол қыздың айтуынша, бастығы, бастапқыда нәпсіқұмарлық қысымын ауызша және ауызша емес формасында көрсетіпті.

Яғни, Жанарға жағымсыз ерсі қалжың, әзіл айтып, көп рет, көзбен жеп қоярдай тесіле қарап жүріпті. Қыз оны елемеуге, оның "комплименттеріне" мән бермеуге тырысып баққан. Бұл әрекеті нәтиже бермегесін, бастығы қол жұмсайтын болыпты. Байқамаған болып иығынан, қолынан сипап, кейде белінен құшақтаған. Мұның бәрі Жанардың қитығына тиіп, бірақ, бастығына қарсы еш шара қолдана алмаған қыз жұмыстан кетуге мәжбүр болыпты.

Евгения Козырева Жанар сияқты жәбір көрген жандарға көмек қолын созатын қызмет біздің елімізде дамымағанын, халықаралық ұйымдар халықаралық міндеттемелер шеңберінде әрбір қалада, әрбір ауылда әйел үшін дағдарыстық орталық ашуға ұсыныс бергенімен, бізде ондай орталық бір-екеу ғана. Ал қалғандары бастамашыл топтар, олардың көмек көрсетуге кейде қаржысы бар, кейде жоқ екенін айтады.

Нәпсіқұмарлық қысым көп жағдайда жұмыс орнында болып жатады. Бұл адамға қалыпты өмір сүруге, өзінің қамсыз болашағын жоспарлауға кедергі келтіреді. Бір қызығы, бізде нәпсіқұмарлық қысымға қатысты қызық көзқарас қалыптасқан. Егер жұмысқа жаңа ғана орналасқан жас қызметкерге тәжірибелі бастық қысым көрсетіп жатса, қасындағы әріптестері "қара, ағашканың көңілі құлапты" деп миығынан күліп, отыра береді. Ол қыздың жан-дүниесінде не болып жатқаны, бәлкім ол қиналып жүрген шығар, онда ешкімнің шаруасы жоқ, – деген Евгения Козырева бұл қылмыс түрін тайға таңба басқандай анықтап беретін заңдық база жоқ, тек "сексуалды сипаттағы қылмыс" деген ұғымның ғана бар екенін атап көрсетті. Бірақ, оның өкінішіне қарай, бұл қысым көрсетуді білдірмейді. "Ер мен әйелдің тең мүмкіндігі мен тең құқына мемлекеттік кепілдік беру туралы" заңына осы нәпсіқұмарлық қысымға байланысты қосымша енгізу керек", – деп мәлімдейді Евгения Козырева.

"Осы заң талданып жатқанда, біз парламентке нәпсіқұмарлық қысым сияқты жаңа ұғымды енгізуді ұсынғанымызда, мұны олар қолдамады. Енді келіп бұл заңға қосымша енгізуді сұрап отыр. Біздің парламент мүшелері қатты қорқады. Оларда Америкадағыдай, пальтосын алып берсе бірден сотқа шағымданады деген үрей бар. Өзге елдерде "нәпсіқұмарлық қысым көрсету" еңбек кодексінде көрініс тапқан. Қалай десек те, бұл мәселені ой сүзгісінен жан-жақты өткізіп, заңдық тұрғыда қатайту керек.

Нәпсіқұмарлық қысым көрсетер алдында құқық бұзушы бұл әрекеті үшін заң тұрғысынан жауапкершілікке тартылатынын, жәбірленуші шағымданатын болса, ол шағымының заңдық күші бар екенін сезіну керек, – деп сөзін түйіндейді Евгения Козырева.

Иә, нәпсіқұмарлық қысым көбіне қысым көрсетуші мен жәбірленуші оңашада қалғанда баайқалатын құбылыс. Және жәбірленушінің қысым көргенін дәлелдеп шығуы тағы бір қиын үдеріс. Көбінесе, нәзік жан, әсіресе, жоғары білімі жоқ немесе еңбек өтілі жоқ жас қыз жұмысымнан айырыламын ба деп қорқып, бастығының "дегеніне" көніп жатады.

Көп жағдайда әріптестерінің "сен тимесең, мен тимен" деген қағиданы ұстанып, өзге біреудің қысым көрген жағдайына жай мүсіркей қарағаны болмаса, нақты көмек бермей, немқұрайлық танытатыны тағы бар.

Бұл өте күрделі мәселе. Бірақ, басқа біреудің басында түскен жайттың ертең өз басыңа түспейтініне кім кепіл? Өйткені, нәпсіқұмарлық қысым көрсетушінің һәм немқұрайлық танытқан әріптестің болсын, анасы, әпкесі, қарындасы қала берді қызы болуы мүмкін ғой. "Дүние кезек", осыны қаперде ұстағанымыз жөн болар.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу