Жұмыскерлер аутсорсингтік фирмалардың "құлдығына" түсті

4188

Жұмыс берушілер аз салық төлеу, шығынын оңтайландыру үшін қызметкерлерін жаппай штаттан тыс шығаруда.   

Жұмыскерлер аутсорсингтік фирмалардың "құлдығына" түсті

Сондықтан кейінгі кезде бұл жайт өзекті мәселелердің біріне айналды және "аутсорсинг қызметкерлерін штаттағыларға теңестіру" билікке бағытталған басты талаптардың бірі болды. Осы мәселе мазалайтын қазақстандықтардың сапы күн өткен сайын көбейіп барады. Ендеше ереуіл кезінде бұл тақырыптың көтерілуі – салада әлеуметтік кернеу факторы қордаланғанын аңғартқандай.

Қызылорда облысының тұрғыны Әлімжан Б. мемлекеттік мекемеде істейді, бірақ оларды штаттан тыс қызметкер қатарына көшірген.

"Айлық жалақымыз ішіп-жеуімізден артылмайды. Қазіргі таңда мен сияқты қаншама отбасы бар. Ай сайын төлейтін несиеміз мойынымызда. Айтайын дегенім, мемлекеттік ұйымдардың штатындағы медицина қызметкерлерінің, педагогтердің, мемлекеттік қызметшілердің жалақылары 2 есеге көбейді. Ал солармен бір ұжымда, бірдей еңбек ететін мен секілді штаттан тыс қызметкерлер ол игіліктен қалыс қалды. Бізге сыйақы да төленбейді. Олармен бір уақытта келіп, бір уақытта қайтамыз. Берілетін тапсырма да бірдей. Соған қарамастан, тіпті жыл сайынғы ақылы демалыс күндеріміз кем. Материалдық көмек тек 9 күнге ғана төленеді", – дейді мемлекеттік қызметші.

Әділінде, бірдей еңбек еткен адамдарға жалақы бірдей төленуге тиіс еді.

Ел Президенті, министрлер мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлерінің жалақысы көтерілетінін жариялаған сайын штаттан тыс қызметкерлердің іші қыж-қыж қайнайды, ашуға булығады екен.

"Себебі азық-түліктің бағасы удай қымбат. Ал олардың жалақысын көтерген сайын азық-түліктің ғана емес, коммуналдық қызметтің ақысы, жанар-жағармай бағасы шарықтайды. Біздің қатарымызда осы айлықпен отбасын асырап отырған көп балалы, жалғыз басты қызметкерлер бар. Менің ұсынысым, штаттан тыс қызметкерлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына берілетін мардымсыз материалдық көмек ең құрыса 2 есе көтерілсе! Еңбек демалысымыздың күндерін штаттағылармен теңестірілсе", – дейді Әлімжан.

Антонина Алексеева меморганда бухгалтер болып істейді. Таяуда бастығы штаттан тыс шығарылатыны туралы хабардар етіпті.

"Меморганның бухгалтері штатта болуға тиіс емес пе? Біз мысалы, құпия, ішкі құжаттармен жұмыс істейміз. Меморганның мүддесін ұсынамыз, мүлкі үшін материалдық жауапкершілік арқалаймыз. Мұның бәрін аутсорсингке қалай сеніп тапсырады?", – деп қайран қалады ол.

Алайда заңнамада оған тыйым салынбаған көрінеді.

Аутсорсинг құқығы аутстаффтан да аз

Жұмысшылардың аутсорсингке қарсы болуының маңызды бір себебі бар. Әдетте қандай да бір зауыт-кәсіпорын штатын күрт қысқартса, бұл дау тудырады да, еңбек инспекторлары, тіпті Үкімет араласады. Кейде кәсіподағы қызғыштай қорғауы мүмкін. Ал аутсорсинг тәсілімен алынған жұмысшылар мыңдап қысқартылса да, еңбек органдары елемейді.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Нұрлан И. біраз уақыт аутсорсинг компаниясы арқылы жұмыс істепті. 2021 жылы тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы келісімнің аяқталуына байланысты осындай барлық жұмысшымен арада еңбек келісімшарты бұзылған.

Ол келесі мәселеге назар аудартты. 2020 жылдың желтоқсан айының соңында Еңбек кодексінің "Жалақының мөлшері" деп аталатын 103-бабы күшіне енді. Ол штаттағы және сырттан жалданған қызметкерлердің жалақысын теңестіруге бағытталған.

"Жіберуші тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшері персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес ұқсас лауазымы, тиісті біліктілігі, мамандығы немесе кәсібі, орындалатын жұмыстың күрделілігі, саны және сапасы, сондай-ақ өндірістік-тұрмыстық жағдайлар бойынша қабылдаушы тарап жұмыскерлерінің негізгі жалақысының мөлшерінен кем болмауға тиіс", – делінген кодексте.

"Жаңаөзенде қала қалыптастырушы кәсіпорынның бірі саналатын "ӨзенМұнайГаз" АҚ-ы аутстафф келісімдермен алынған жұмысшылардың жалақысын штаттағылармен теңестірді, ал аутсорсинг келісімдерімен алынғандарды теңестірмеді. Ал екінші ірі кәсіпорнымыз – "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС аутстаффинг немесе аутсорсинг екеніне қарамастан, барлығын тегіс теңестірді. Заң талабын әркім өзінше түсінетінге, өз қалауынша қолданатынға ұқсайды", – дейді Нұрлан.

Билік не дейді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, біріншіден, кез келген меморганға аутсорсингке жүгінуге рұқсат етілген.

"Мемлекеттік органдар өндірістік қажеттілік мақсатында өз лимиті шегінде азаматтық қызметшілерді штатқа жұмысқа қабылдайды. Егер меморган азаматтық қызметшіні өз лимиті шегінде жұмысқа қабылдай алмаса, штаттан тыс қызметкерлерді еңбек шарты бойынша жұмысқа қабылдау құқығы берілген. Бірақ бұл жағдайда штаттан тыс қызметкерлер – "азаматтық қызметші" болып табылмайды. Тиісінше оларға Кодекстің 139-бабында айқындалған норма, яғни сауықтыруға арналған жәрдемақы төленбейді", – деп түсініктеме берді Еңбек министрлігі.

Дегенмен тек бір өңірде ғана аутсорсингтегілерге қосымша төлем қарастырылыпты. "Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" заңының 13-бабына сәйкес, экологиялық қасірет аймағында тұратын және еңбек қызмет ететін штаттан тыс қызметкерлерге де сауықтыруға арнап, 1 лауазымдық айлықақы көлемінде материалдық көмек көрсетіледі.

Әлгінде Әлімжанның айтып отырғаны осы екен.

Жалпы алғанда, штаттағы азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді, 30 және одан көп күндік жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі. Аутсорсингпен жұмысқа алынған мемқызметшілер одан да қағылған. Бұл әлеуметтік теңсіздік тек арта беруі мүмкін еді. Бірақ кейбір штаттан тыс қызметкерлерге биыл көңіл бөліне бастапты.

"Президент 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта жыл сайын орта есеппен 20%-ға арттыруды тапсырды. Аталған тапсырманы орындау шеңберінде 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының, оның ішінде штаттан тыс қызметкерлердің еңбекақысы да кезең-кезеңімен арттырылып жатыр", – деп мәлім етті Еңбек министрлігі.

Ал кейбір компаниялар аутстаффингтегілердің жалақысын теңестіріп, аутсорсингті шетке қағуының мәнісі неде? Министрліктің мәліметінше, "қазіргі Еңбек кодексінде аутсорсинг және аутстафинг ұғымдары жоқ".

"Кодексте тек персоналды ұсыну ұғымы ғана қарастырылған. Яғни персонал ұсыну қызметтерін көрсету келісімі бойынша бір компания екіншісіне жұмысшысын бағыттайды. Еңбек кодексінің 103-ші бабының 1-1-бөліміне сәйкес, бағыттаушы тарап жұмысшыларының жалақысы қабылдаушы тарап жұмысшыларының негізгі жалақысынан төмен болмауға тиіс. Бұл – аутстаффинг деген сөз. Ал аутсорсинг дегеніміз – персоналды ұсыну емес, бұл – қандай да бір ұйымның өзара келісім негізінде екінші компания үшін өндірістік-кәсіпкерлік қызметтің белгілі бір түрін немесе функциясын орындауды білдіреді. Нәтижесінде, аутсорсингтік қызметтер Еңбек кодексінің 103-ші бабына жатпайды", – деп түсіндірді еңбек ведомствосы.

Аутсорсинг-бухгалтерияның мәртебесі неге төмен?

Қорыта айтқанда, аутстаффингке қарағанда аутсорсингтегілер құқығы нашар қорғалған болып тұр.

Бұл сала шешілмеген проблемаға толы. "Интернет Бухгалтерия" компаниясының директоры Ләйлім Сейдалиеваның айтуынша, өзге компанияларға бухгалтерлік қызметтердің аутсорсингін ұсынатын есепші мамандар сол компаниялар атынан электронды шот-фактураны (ЭШФ), орындалған жұмыстардың электронды актісін (ЭАВР) шығарайын, сондай-ақ салықтық және басқа да міндетті есептерді тапсырайын десе, оны жүзеге асыра алмайды. Себебі "Электронды Үкімет" жүйесінде электронды құжаттарға клиент атынан аутсорсинг компаниясының немесе оның қызметкерінің өз ЭЦҚ-сымен қол қоюына қолхат беру қарастырылмаған. Міндетті түрде клиенттің ЭЦҚ-сы қажет екен.

Бұл – бухгалтерлік қызметтер аутсорсингінің дамуына біршама кедергі.

"Қазіргі кезде "Электронды Үкімет" порталында мұндай функция жүзеге асырылмаған. Сондай-ақ аталған міндеттерді автоматтандыру туралы Әділет, Қаржы министрліктерінен ұсыныс түскен жоқ", – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Жалпы аутсорсинг-бухгалтерия – әлемде қарқынды дамушы заманауи салалардың бірі. Көптеген кәсіпорындар, шағын және орта кәсіпкерлер штатта бухгалтер ұстаудан бас тартып, есеп-қисабын жүргізуді аутсорсингтегі есепшілерге сеніп тапсыруда. Алайда бұл салада да шешімін таппаған мәселелер қордаланып жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу