Жүргіншіні қаққан велосипедшінің көлік құралын тәркілеген жөн

1992

Жаяулар мен велосипед тебушілер арасындағы шайқас ушығып барады. 

Жүргіншіні қаққан велосипедшінің көлік құралын тәркілеген жөн

Жыл сайын жарты миллиондай жаңа велосипед сатылады

Қазақстанда велосипед кең танымал болуда. Бұған бірнеше фактор ықпал етті. Біріншіден, бұл көлік құралын ішкі істер органдарында тіркеудің қажеті жоқ. Екіншіден, жүргізуші куәлігін алу да талап етілмейді. Үшіншіден, Glovo, Яндекс еда, Chocofood, Wolt секілді тапсырыспен тамақ жеткізуші сервистерге қызмет көрсететін курьерлердің көбеюі көліктің осы түріне деген сұранысқа серпін берді. Көшеде осы сервистердің үлкен сөмкесін арқалап, велосипедпен зымыраған адамдарды көп кездестіруге болады, деп жазады Inbusiness.kz.

Дегенмен, тіркеуге қойылмағандықтан, республикада нақты қанша велосипед бары белгісіз. Сарапшылардың тұспалдауынша, жыл сайын Қазақстанда 470-500 мың велосипед сатылады. Олардың оннан бір бөлігі ғана мамандандырылған спорт дүкендері арқылы өткізіледі. Басым бөлігін азаматтар базардан не қолдан алады. Жалпы алғанда, еліміздің велосипед нарығы 80-100 миллион долларға бағаланады.

Сонымен бірге жан-жақтан қаптап, жүйткіген велосипедшілер жол апаты қаупін жиілетті. Көбісі жол қозғалысы ережелерін сақтамайды, жолаушылар өтпесімен өткенде жаяуламайды, тротуарлармен жын ұрғандай айдап, жүргіншілерге қауіп төндіреді. Бұл құралдардың көбі дабыл құрылғыларымен жабдықталмаған. Ал өзінің арт жақтан жақындап қалғанын айғайлап ескертуге велосипедшілер ерінеді.

Салдарынан, жол апаты саны артып келеді. 2020 жылдың қорытындысында велосипедшілердің қатысуымен 149 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның кесірінен 146 адам зардап шегіп, 7 адам қаза тапты.

Бұл полиция шақырылған оқиғалар ғана. Қаншамасы белгісіз қалады.

"Ботаникалық бақ аумағында топ болып, қыдырып жүргенімізде сырт жақтан велосипедші зуылдап келіп, ортамызға килікті. Досым қатты соққыдан анадай жерге ұшып түсті. Жан-жаққа жапырылған біз алғашында не болғанын түсінбей қалдық. Ес жиып, жолдасымызға көмекке ұмтылдық. Осы қарбаласты пайдаланып, велосипедші көлігіне қайта отырып, тайып тұрды. Соңынан қуып, ұстай алмай қалдық. Жандостың аяғының, қолының кейбір жерінің терісі сыдырылыпты. Сүйегі сынудан аман болған соң, полицияға шағымданудан бас тартты", – дейді елордалық студент Ерқанат. 

"Велосипедшілерге жаза қатайтылсын"

Биылғы жыл қорытындысында велосипедшілер қатысқан және мерт болған жол-көлік оқиғаларының саны күрт артатынға ұқсайды. Өйткені мысалы, тек бір Ақтөбе облысында ғана 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында велосипедшілердің қатысуымен 5 ЖКО тіркелді. Төрт велосипедші оқиға салдарынан қайтыс болды.

Таяуда Ақтөбеде Opel Omega автокөлігінің жүргізушісі 48 жастағы велосипедшіні қағып кетті. Соқтығысу нәтижесінде велосипедші дене жарақатын алып, Жедел медициналық жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, өкінішке қарай зардап шеккен жанды құтқара алмаған. Бұл факті негізінде Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Осының алдында Таразда Mercedes-Benz CLS 350 маркалы автокөлігінің жүргізушісі велосипедшіні басып кетті: велосипедші дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Бұл дерекке қатысты бірқатар сараптама тағайындалды, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Автокөліктермен соқтығысу кезінде денесі қорғалмаған велосипедшілердің тірі қалу мүмкіндігі аз. Жүргізушілер осыдан оларды "хрустики" деп атайтыны мәлім.

Ал жаяулармен қақтығысу кезінде керісінше, жүргіншілер көбірек жарақат алады. Ақтөбеде полиция жаяу жүргіншіні қағып кеткен велосипедшіні ұстады. 32 жастағы жергілікті тұрғыны электрлі велосипедпен жүйткіп жүріп, Жиенбаев көшесінде жол шетімен келе жатқан 36 жастағы әйелді қағып кеткен. Велосипедші дереу оқиға орнынан қашып кетті. Зардап шеккен әйел ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Жасырынған велосипедші де анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 351-бабы (Көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Қоғам белсендісі, саламатты өмір салтын ұстанушы Василий Искаков Ішкі істер министрлігіне жүгініп, велосипедшілерге қатысты шара қабылдауды, жазаны күшейтуді ұсынды.

"Велосипедпен жүру ережелерін қатайтқан жөн. Атап айтқанда, 16 жасқа толмағандарға тротуарларда және жолда айдауына тыйым салу қажет. Бұл көлік түріне жауапкершілікті толық түсінбейтін адамдар отыратын болды. Олар әсіресе, кішкентай балаларды соқса, оның соңы қайғылы оқиғаға соқтыруы мүмкін екенін жете ұғынбайды. Салдарынан балдырғандар асыр салып ойнайтын аулалар арасынан велосипедшілер құйындатып өте шығады, кейде бір-бірімен жарыс ұйымдастырады. Полицейлер де, ата-аналары да балалар ойнайтын аулаларда велосипедпен қатты жүру қауіпті екені жөнінде оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді", – деді өтініш иесі.

Оның байламынша, велосипедшілер жауапкершілігін арттыру үшін жазаны қатаңдатқан дұрыс.

"Сондықтан "Жол жүрісі туралы" заңына өзгеріс енгізіп, тротуарлармен және жүргіншілер өтпесімен жүретін велосипедшілердің велосипедін тәркілеуді ұсынамын. Кейін кім кінәлі екенін анықтап жатқаннан гөрі трагедияның алдын алған жақсы", – деді В.Искаков.

Германияның тәжірибесі көшіруге тұрарлық

Бұл мәселеге қатысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев түсініктеме берді. Оның байламынша, қолданыстағы заңнамада велосипедшілердің құқықтық жағдайы толығымен реттелген.

"Көліктің осы түрін басқаратын тұлғалар жол қозғалысы ережелерін (ЖҚЕ) білуге, сақтауға міндетті. Велосипедшілердің жүрісіне қатысты талаптар ЖҚЕ-нің 24-тарауында бекітілген. Оған сәйкес, велосипедшілер өздеріне арналған жеке жол не жолақ болмаса, көліктерге, соның ішінде автобустарға арналған жолдардың оң жақ жиегімен қозғалуы шарт. Жүргіншілер өтпесімен велосипедпен жүруіне рұқсат етілмейді. Сондай-ақ велосипедті тек бір қолмен басқаруына, жолаушыларды тасымалдауына, ұзындығы не ені бойынша габариттен 5 сантиметрден көп асатын жүкті жеткізуіне тыйым салынған", – деді ІІМ басшысы.

Оның айтуынша, Әкімшілік кодексінің 615-бабының 1-бөліміне сәйкес, велосипед жүргізушілері жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтамаса, оларға 2 АЕК (биыл 5 834 теңге) айыппұл салынады.

"Дәл қазір күн сайынғы патрульдеу және жедел-алдын алу іс-шаралары аясында велосипедшілердің жолдағы жүріс қауіпсіздігін сақтауын қадағалау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге азаматтардың велосипедшілерге қатысты талаптарды қатайту туралы ұсыныстарын министрлік алда заң шығарушылық қызмет аясында қарастыратын болады. Қазақстандықтарға белсенді азаматтық позициясы үшін алғыс білдіреміз!" – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Велосипедшілер қатары қазіргідей қарқынды түрде арта берсе, ішкі істер ведомствосына бәрібір осы алапат ағынды реттейтін заңнамалық түзетулер енгізуге тура келуі мүмкін.

Мысалы, Еуропаның озық дамыған елдері осы көлік иелеріне қатысты талапты күшейтті. Өйткені батыста жас велосипедшілердің үштен бір бөлігі ережені жиі бұзатын көрінеді. Еуропа лидері – Германияда мас күйде (1,6 промилледен жоғары болса) велосипед жүргізуге, жүріс кезінде өзге велосипедшілермен немесе телефонмен сөйлесуге тыйым салынған. Ал жылдамдықты электрлі велосипед (S-Pedelec) жүргізушілерден тіпті жауапкершілігін сақтандыру, полиске ие болу талап етіледі. Бізде мұның бірі жоқ.

Бір жұбантатыны, алда күздің ызғарлы әрі жауын-шашынды бөлігі, сондай-ақ қарлы қыс келеді. Осы кезеңде жүргіншілер де, жүргізушілер де велосипедшілерден бір демалып қалады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу