Журналистерден тұра қашатын биліктегілерге жаңа жаза енгізілмек

2728

"Жабық есік жағдайында" өтетін отырыстар келмеске кетуі қажет.

Журналистерден тұра қашатын биліктегілерге жаңа жаза енгізілмек

"Тоқаев барлық мінберден "еститін құлағы бар" Жаңа, Әділетті Қазақстанды құрамын деп талмай айтып жүр, ал оның шенеуніктері журналистерден қашуын ары қарай жалғастырды": әлеуметтік желіні пайдаланушылар Парламент залында елордалық журналистерден қаша жөнелген Қызылорда облысының жаңа әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тірлігінен көңілі қалыпты.

Ақпарат құралдарының өкілдері аймақ басшысына "9 миллион теңге тұратын қымбат сағаты" туралы сұрақ қойған. Жауап бермей, тайып тұрыпты. Әкім кешірек түсініктеме беріп, бұқара он жыл жинаса да сатып ала алмайтын удай қымбат сағатын бизнесте жүргенде сатып алғанын айтып ақталды. Алайда бұл кезде кезекті шенеуніктің қашқан видеожазбасы ғаламторды кезіп кеткен еді.

Ақпарат және даму министрлігі жоғары лауазымды шенеуніктердің журналистерге теріс қарау деректерін тыйатын заң жобасын әзірлеп шықты.

Ведомство "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында" ақпаратқа қол жеткізу құқықтарын бұзғаны немесе шектегені үшін жауапкершілікті күшейту көзделгенін еске салды. Сондықтан бұл тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарына "Ақпаратқа қол жеткізу құқықтарын бұзғаны немесе шектегені үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ мониторинг пен бақылау тетіктерін заңнамалық бекіту" жобасы енгізілді.

Министрліктің мәліметінше, меморгандар мен квазимемсектор "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңының талаптарын сақтамайды. Өйткені дәл осы заңның біраз талаптарын сақтамағаны үшін әу бастан ешқандай жаза қарастырылмаған. 

Мысалы, қолданыстағы аталған заңда сұрау салуға жауап бермеу (9-бап және 11-бап), сұрау салу бойынша ақпаратты уақытылы немесе толық ұсынбау (9-бап және 11-бап), үй-жайларда (12-бап) немесе интернет-ресурста қажетті ақпаратты орналастырмау (16-бап), "электрондық Үкімет" веб-порталында ақпараттың болмауы не жаңартылмауы (17-бап), ақпаратты ұсыну кезінде мүгедектер үшін қажетті жағдайларды жасамау (9-баптың 7-тармақшасы және 12-бап), ең бастысы ашық жиын-отырыстарға кіруді шектеу (13-бап) секілді баптар бойынша ешқандай жауапкершілік жоқ.

Салдарынан, біздер, журналистер, заңнаманың осындай нақты баптарын атап, отырысқа кіргізбеу заңға қайшы екенін алға тартамыз. Алайда ол үшін жаза жоқтығын білетін қу шенеуніктер міз бақпайды. Қайта басшылыққа хабарласып, меморган қызметіне кедергі келтіргені үшін ақпарат құралы өкілінің өзін тәртіптік жазаға тартқызатындарын айтып, доқ көрсетеді.

Елдегі демократиялық өзгерістердің лебі болса керек, өз құқығын қорғау үшін құзырлы органдарға шағымданатын журналистер саны өсіп келеді.

"Бұл ретте прокуратура органдары ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарамайды. Керісінше, оларды осы тұрғыда ешқандай бақылау-қадағалау өкілеттіктері жоқ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атына жібере салады. Жалпы, біздің министрлік атына жеке және заңды тұлғалардың меморгандардың әлгіндей тірліктеріне қатысты шағымы жиілеп кетті. Мәселен, егер 2020 жылы түскен арыздар саны небары 2 болса, 2021 жылы – 26-ға жетті. Келіп түскен өтініштер ақпарат беруден бас тартылғанына, ресми сайтта өзекті ақпараттың жоқтығына, журналистерді ашық отырыстарға кіргізбей қойғанына қатысты", – деп түсіндірді ақпарат ведомствосы.

Ал министрліктің жанында жұмыс істейтін Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдері тек ұсынымдық сипатта болып келеді және "оны көбінесе меморгандар орындамайды".

Өкінішке қарай, құзырлы органдар қабылдаған шағымдардың көбі аяқсыз қалады. Ішкі істер министрлігі көптеген істің байыбына бармай, құжаттарын архивке өткізе салады.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-1-бабы бойынша "ақпарат беруден заңсыз бас тартқаны не көрінеу жалған ақпарат бергені", "көрінеу жалған ақпарат орналастырғаны", "қолжетімділігі шектеулі ақпарат болып табылмайтын ақпаратты қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа заңсыз жатқызғаны" үшін қозғалған істердің саны тым мардымсыз. Атап айтқанда:

2016 жылы – 0;

2017 жылы – 1;

2018 жылы – 1;

2019 жылы – 6;

2020 жылы – 0;

2021 жылғы 9 айда – 4.

Жаза болмаған соң, шенді-шекпенділер мен әкімқаралар журналистердің ғана емес, жалпы жұртшылықтың құқықтарын еш қымсынбастан аяқасты етеді. Мысалы, субсидия тарату басталады, ол туралы ақпарат жарияланбайды. Немесе қандай да бір мемлекеттік маңызды бағдарламаға қатысушылардың тізімін қалыптастыру басталады, алайда хабарлама тиісті сайтта уақытылы орналастырылмайды.

Сондай-ақ ақпарат министрлігінің хабарлауынша, заң бойынша талап етілетін ашық деректер, бюджеттік бағдарламалардың жобалары және басқасы әлі күнге ашық орналастырылмайды. Меммекемелердегі ақпараттық стендтерде, қабырғаларда келушілер үшін қажетті ақпарат ілінбейді.

Мәселен, eGov-тың "Ашық бюджеттер" порталының ашылғанына бес жылдай болды. Алайда онда сол бойы Президент әкімшілігі мен Іс басқармасының, Тұңғыш Президент–Елбасы кеңсесінің, Премьер-министр кеңсесінің, Ұлттық банктің, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Оқу-ағарту министрлігінің, ІІМ, ТЖМ, ҰҚК-нің бірде бір бюджеттік бағдарламасы орналастырылмаған, яғни бюджетін халықтан жасырын ұстайтынға ұқсайды.

Парламенттің шаруашылық басқармасы – 2016 жылдан бері, Конституциялық кеңес – 2017 жылдан, Жоғары сот кеңесінің аппараты – 2018 жылдан, Ортсайлауком – 2020 жылдан, Есеп комитеті – 2020 жылдан бері бірде бір бюджеттік бағдарламасын жарияламаған.

"Осыған байланысты, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-1-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту негіздерінің тізбесін кеңейту ұсынылады. Бұл нормалар барлық ақпарат иеленушілердің – меморгандардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" заңының талаптарын орындауын қамтамасыз етеді", – деген сенімде ақпарат министрлігі.

Әйтпесе, Қазақстан дамыған елдер түгіл, посткеңестік кеңістіктегі елдерден де арттап қалды. Мысалы, Әзірбайжан заңнамасына сәйкес, егер ресми тұлғалар журналистердің, тіпті азаматтардың ақпарат алу құқығын заңсыз шектесе, жалған ақпарат берсе, ақпарат беруден бас тартса немесе жазбаша сұрауға жауап бермесе, айыппұл салынады.

Сонымен, жаңа заң қабылданса, журналистерге жауап бермей қашатын, жазбаша сұрауларын елеусіз қалдыратын, ашық ақпаратты негізсіз құпия, ішкі қолданысқа арналған ақпаратқа жатқызатын, ашық отырысты жабық өткізетін шенеуніктер мен әкімқаралар және басқа да биліктілер жазаланады. Нақтылай кетсек, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлерге, коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (91 890 теңге), орта кәсіпкерлік нысандарына – 50 АЕК (153 150 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.

Әрине, сағатының өзі бірнеше миллион тұратын шенділер үшін 100 мың теңгедей айыппұлды төлеу қиынға соқпас. Бірақ үстінен осындай іс қозғалуының өзі оның Әділетті Қазақстанды қаламайтынын, автократия заманын аңсайтын әлемге әйгілеп, сүйегіне дақ түсіруі ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу