Жұрт Қазақстанның Ресейден "тәуелсіздік алуына" неге қарсыласуда?

3856

Қазақстан телефон кодын қазір ауыстырмаса, кез келген күні елдің ұялы және сымды байланыссыз қалу қаупі бар.

Жұрт Қазақстанның Ресейден "тәуелсіздік алуына" неге қарсыласуда? Фото: express-k.kz

Кеңес Одағы ыдыраған соң оған кірген республикалар жаңа халықаралық телефон кодтарына қол жеткізді. Бұл ретте тек Қазақстанның ғана төл коды болған жоқ, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Ол Ресей мұрагерлікке алған +7 коды аясында қалды. Қазір Қазақстанда сымды телефонның да, ұялы телефонның да нөмірлері осы саннан басталады.

Жалпы дүниежүзілік телефон нумерациясы 9 аймақтан құралған. Жаһандық байланыс аймағының жалпы ресурсы 700 үшмәнді кодты құрайды. Ал әлемде 251 ел бар, оның 210-ға жуығы тәуелсіз мемлекет не территория мәртебесіне ие.

"Қазақтелеком" компаниясы мамандарының түсіндіруінше, ХХ ғасырда Халықаралық электр байланыс одағы 7-ші аймақты КСРО республикаларына арналған ортақ нумерациялық кеңістік ретінде айқындапты. Алайда азаттыққа қол жеткізген республикалар Мәскеумен ортақ ештеңе иеленгісі келмей, бұл аймақтан жаппай кетті. Яғни бұл салада да тәуелсіздік алды. Ақыр соңында 7-ші аймақта Ресей федерациясы мен Қазақстан ғана қалды.

Ал енді Мәскеу осы аймаққа вассал-мемлекеттерді жинауға күш салуда. 2007 жылы ол Грузиядан іс жүзінде бөліп алған Оңтүстік Осетияны осы аймаққа қосты. Бұған әрине, ресми Тбилиси қарсы болды, барлық жаққа қарсылығын білдіріп, шағымданды. Бірақ ол кезде Кремльдің сөзі өтімдірек еді. Оның үстіне Мәскеу бұл "отарлауды" "Остелеком" компаниясы арқылы жүргізді, ол ресейлік ұялы байланыс операторылармен келісімге отырды. Ал Халықаралық электр байланыс одағының шенеуніктері "Остелеком" операторына кезінде Грузияның өзі Оңтүстік Осетияда жұмыс істеуге ресми рұқсат бергенін алға тартты. Артынша, 2010 жылы Мәскеудің көмегімен сол Грузиядан іргесін ажыратқан Абхазия да осы +7 аймағына кірді.

Осы сателлиттер арасында қазақ елі "арпа ішінде бір бидай" болып отыр. Биыл, соғыс барысында Ресей Украинаның өзі басып алған территорияларында жергілікті операторлардың қызметін мәжбүрлі түрде тоқтатып, орнына өз коды мен байланыс операторларын енгізді. Демек, Мәскеу үшін бұл да "орыс әлемінің" бір нышаны, рәмізі болса керек.

Мәскеу Украинаға шапқыншылық жасардың қарсаңында, былтырғы жылдың соңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елден "сүйінші" сұрап, жақсы жаңалығын бөліскен болатын.

"Жақсы жаңалық! БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дфе кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда шетелдіктердің телефонында "Қазақстан" деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да барлық жерде "Қазақстан" деген сигнал шығады. Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін 2020 жылдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды резервке қойылды! Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр", – деп хабарлады Б.Мусин.

Министрлік мұның Қазақстанның бастамасы екенін жариялады.

Өз кезегінде министр Мусин бұл қадамның бірнеше оң тұсын атады. Біріншісі, әрине, бұл фактор егемендікті нығайтады. Ұлттық кодтың аты – ұлттық код. Тіпті телефон нөмірлері жөнінен Ресейдің қойнында отырған ел толыққанды азат деуге келе ме? Бұл жерде мемлекеттің халықаралық бедел-имиджі бәске тігіліп отыр.

Екіншіден, +997 кодына толық көшу Қазақстанға ұлттық нумерациялық ресурсты Ресейден тәуелсіз, өз білгенінше бөлуге мүмкіндік береді.

Телекоммуникация маманы Болатбек Абзалдың түсіндіруінше, бүгінде 7-ші аймақтың ресурстарын Қазақстан мен РФ мемлекетаралық келісімге сәйкес өзара бөлісті. Бірақ теңдей емес. Аймақта нумерация аймақтары кодтарының бөліске салынбаған мол ресурстары бар. Ол резервті Мәскеу өзіне қосқысы келетін өзге елдер үшін сақтап отыруы да мүмкін.

Салдарынан, бұл жағдай болашақта ұлттық желіні дамытуды шектеуі мүмкін. Ол тығырықтан шығу үшін Қазақстанға телефон нөмірлерінің санын шексіз-шетсіз соза беруге тура келмек. Мысалы, 55 55 55 орнына, 555 555 555 555 сияқты. Сөйтіп, әлемге мазақ болуымыз ғажап емес.

Үшіншіден, төл телефон кодымыз Б.Мусиннің байламынша, "ұлттық жүйені кеңейтуге, абоненттер саны мен қызмет сапасын арттыруға да мүмкіндік береді".

Былтырғы қыркүйекте және қазанда министр отандық операторлармен тиісті Жоспарды пысықтаған. Ол мемлекеттің жаңа кодқа біртіндеп, кезең-кезеңмен көшуін қарастырады. Жаңа және ескі кодтар 2 жыл бойы қатар пайдаланылады.

Содан кейін қаңтар оқиғалары болды, ізінше посткеңестік кеңістіктің шетінде, іргеде сұрапыл соғыс басталды. Қазақстандықтар сол бұрынғыдай +7 префиксін теріп жүр. Жаңа код енгізілмеді.

Цифрлық даму министрлігінің түсіндіруінше, +997 кодына Қазақстан тек 2023 жылдан бастап көшеді. Еліміз төл, егемен телефон кодына 2025 жылы толық көшеді деп күтіліп отыр.

Бірақ Азаттықты нығайтатын бұл істің латынша әліпби сияқты ары ысырылу не Қазақстанның оған мүлдем көшпей қалу қаупі да бар сияқты. Себебі, оған қарсылар бас көтере бастады. Оппоненттердің сылтаулары өте қарапайым, сондықтан да халыққа түсінікті. "Барша қазақстандықтарға 2023 жылдан бастап, барлық туысқандарының, достарының, таныстарының, әріптестерінің нөмірлерін, қысқаша айтқанда смартфонның контакт кітапшасындағы барлық нөмірді қайта теріп, қайта жазуға тура келеді" деген дәлелсымақ айтылуда.

Біріншіден, екі жыл бойы қос код қатар жүретіні мәлімделді, демек, бұл істі екі жылға созып, асықпай, саспай, жасап шығуға болады. Екіншіден, Азаттық үшін, өзге елдің отары болмау үшін қасық қаны қалғанша жанқиярлықпен шайқасып жатқан ел бар. Оның қасында Тәуелсіздікті нығайту үшін смартфондағы бірер нөмірді қайта теру қазаққа қиын болғаны ма?

"+7, яғни бір сан орнына енді +997 деп, үш санды теріп жатуға тура келеді" деп ахылап-ухілейді сарапшысымақтар. Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, жаңа кодқа көшуге дайындық аясында ұялы байланыс операторларымен бұл мәселе де пысықталады. Атап айтқанда, ішкі байланыс кезінде қысқа нөмірді пайдалануға мүмкіндік беру үшін жұмыс жүргізілуде. Онда елдік код қолданылмайды. Мысалы, қазір +7701 555 55 55 нөмірі болашақта толық көлемде +997 701 555 55 55 болар еді. Бірақ елдің ішінде тек 701 555 55 55 деп терсе, жеткілікті.

Жалпы, әлеуметтік желіде, бірқатар орыстілді басылымда айтылып жүрген дәлелсымақтарға қазақтар да сеніп қалды. Мысалы, Өмірбай Қазыбек есімді адам Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің ресми блогына хат жазып, елдің егемен кодын алу процесінен бас тартуды сұрады. Ол орыстілді қауым айтып жүрген дәйектемелерге төл дәлелін қосты. Бұл жерде қатысы болмаса да, 7 саны қазақ үшін қасиетті екенін еске салды.  

Бұл әрине, маманның пікірі емес. Ал мамандар азаттықты ғана емес, ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін соған баруымыз қажеттігін баса айтады. Қазір кеңестік +7 кодын қимай жүрген адамдар ертең мүлдем байланыссыз қалып, ұлардай шулауы мүмкін екен. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің түсіндіруінше, Қазақстанның мүлдем нумерация аймағынсыз қалу қаупі бар. Өйткені ортақ телефон кодын пайдалану туралы Ресеймен арадағы келісім елімізді Мәскеудің ықтимал теріс қылықтарынан еш қорғамайды. Бұл – өзге ел қолындағы қысымның бір құралына айналуы ықтимал.

"Нумерацияның +7 аймағын бірлесе пайдалану туралы келісім 2006 жылғы 17 маусымда бекітілген. Ол келісімді толығымен ресейлік сарапшылар дайындады. Қазақстандық тарап жіберілмеген. Ал осы құжаттың 11-ші бабына сәйкес, аталған келісім тараптардың бірінің мәлімдемесі бойынша бұзыла алады. Оның үстіне 7-ші аймақты бірге пайдалану туралы келісім Қазақстан мен Ресейдің байланыс компаниялары арасында бекітілген келісім. Яғни ол үкіметаралық құжат емес. Салдарынан, халықаралық құқықта бұл келісім мойындалмайды. Басқаша айтқанда, біз Ресей тарапынан болуы мүмкін тосын, жағымсыз қадамның салдарларын, содан келетін қауіпті болдырмау үшін осыған барып отырмыз", – деп түсіндірді вице-министр А.Оразбек.

Сондықтан Цифрлық даму министрлігі Халықаралық электр байланыс одағына жүгініп, Қазақстан атына +997 кодын резервтеді.

Неге дәл осы код? Халықаралық электр байланыс одағы әрбір географиялық өңір үшін төл санын бекіткен. Солтүстік Америка үшін – 1, Африкаға – 2, Еуропаға – 3 пен 4, Латын Америкасына – 5, Австралия, Океания, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне – 6, Кеңес Одағына (бұл аймақ әлі күнге солай аталады) – 7, Шығыс Азияға – 8, Орталық Азияға және Батыс Азияға – 9.

Жалпы Қазақстан еуразиялық ел ретінде 9 ғана емес, 3, 8 аймақтарға да көше алады. Мысалы, Еуропаға Беларусь (+375) пен Украина (+380) енді. Бірақ бұл аймақта кілең дамыған елдер, сондықтан нумерациялық жоспары аса тығыз. Шығыс Азияда да жағдай осындай. Ал тоғыз аймағында біздің бауырлас елдер: Қырғызстан +996, Өзбекстан +998, Моңғолия +976, Әзербайжан +994 "мекендеуде".

Айтқандай, байланыс саласында Кеңес Одағы аймағынан Қазақстанның бұдан біраз жыл бұрын шығып кетуге мүмкіндігі болыпты. Бірақ ақпарат құралдарының жазуынша, сол кездегі Цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиев мұны құптамаған көрінеді. Бұл жолы Бағдат Мусин ұлтқа қызмет етіп, осы ісін соңына дейін жеткізсе, жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу