Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген соң, қазақстандық мемлекеттік облигацияларды ұстап отырған банктер мен институционалдық инвесторлар үшін жаңа "жүзеге аспаған шығындар" толқыны пайда болды. Нарық ескі бағалы қағаздардың бағасын тез түзетті, соның салдарынан қаржы ұйымдарының есептерінде теріс қайта бағалау көрсеткіштері пайда болғанын inbusiness.kz жазады.
Бұл мәселеге алғаш назар аударған – Finmentor.kz телеграм арнасы. Онда ақша-несие саясатының қатаюының Freedom Bank-ке әсері талданған. Себебі, банк активтерінің елеулі бөлігі мемлекеттік бағалы қағаздарда шоғырланған. Бірақ, ең үлкен әсер БЖЗҚ активтеріне тиюі мүмкін: 25 трлн теңгелік портфельдің шамамен 42%-ы – Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына (10,5 трлн теңге) салынған.
Экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додоновтың айтуынша, мұның тетігі қарапайым.
– Орталық банк базалық мөлшерлемені көтерсе, депозиттер мен несиелерге, сондай-ақ облигациялар сияқты бағалы қағаздарға ұсынылатын табыстылық та өседі, – дейді ол.
Жаңа облигациялар жоғары табыстылықпен шығарылғанда, бұрынғы қағаздардың бағасы автоматты түрде төмендейді. Нарық табыстылықты теңестіру үшін ескі облигацияларды арзандатады. Соның нәтижесінде инвесторлар активтердің нарықтық құнының төмендеуін, яғни, іске аспаған (қағаз жүзіндегі) шығынды көреді.
Мәселе әсіресе, консервативті инвесторларда – зейнетақы қорларында айқын байқалады.
– Бұл инвесторлар шынымен ақша жоғалтты дегенді білдірмейді. Егер олар облигацияларды өтеу мерзіміне дейін ұстаса, нақты шығын болмайды, – деп түсіндіреді сарапшы.
Додоновтың пікірінше, егер Ұлттық банк пен Үкімет инфляцияны мақсатты дәлізге қайтара алса, бұл шығындар өтеледі. Мұндай жағдай жүйелі сипатқа ие: мөлшерлеменің әр көтерілуі мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылығын арттырып, ескі шығарылымдардың бағасын төмендетеді.
– Бұл негізінен бухгалтерлік есептегі мәселе ғана, нақты қаржылық шығын емес, – дейді Додонов.
Оның сөзінше, мұндай құбылыстар әлемнің басқа елдерінде де бар. Демек, бүкіл әлемдегі қаржы ұйымдарының портфелінде іске аспаған шығындар кездеседі, бірақ олар еш жерде дағдарысқа әкеліп соқпаған. Десе де, БЖЗҚ үшін жағдай күрделі болып отыр.
– Қор портфелінде мемлекеттік облигациялардың үлесі жоғары. Ал зейнетақы активтерінің табыстылығы мен инфляция арасындағы теріс айырманы мемлекет өтеуі тиіс. Сондықтан, мұнда қосымша қаржылық қысым пайда болады, – дейді экономист.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов те базалық мөлшерлеменің күрт өсуі ескі мемлекеттік бағалы қағаздардың құнын түсіретінін растады.
– Мысалы, банк 16% табыстылықпен 100 теңгеге облигация сатып алса, мөлшерлеме 18%-ға көтерілген соң оның әділ бағасы 95 теңгеге дейін төмендейді, – дейді ол.
Мұндай қайта бағалау банктерді облигацияларды арзанға сатуға немесе есепте шығын ретінде көрсетуге мәжбүрлейді.
– 18%-дық мөлшерлеме – барлық ірі облигациялық портфельі бар банктер үшін табиғи және күтілетін нереалданған шығын, – деп түсіндіреді Рысмамбетов.
Оның айтуынша, тәуекел жүйелі сипатта болғанымен, барлық банкке бірдей әсер етпейді.
Портфелі әртараптандырылған банктер аз зардап шегеді, бірақ оларда да капиталға қысым артады. Кейбір жағдайларда, мысалы Freedom Bank секілді, қосымша капитал қажет болуы мүмкін. Бұған дейін банк облигациялар портфелін қайта бағалау кезінде 20 млрд теңгеден астам шығын көрсетіп, кейін қайта капиталдандыру жүргізген және клиенттерге арналған адалдық бағдарламасын кеңейткен.
БЖЗҚ да осындай әсерге тап болса да, бұл қорда қысқа мерзімді ауытқулар аса маңызды емес.
– Зейнетақы қорлары активтерді ұзақ мерзімге ұстайды, сондықтан қысқамерзімді пайыздық өзгерістер олар үшін шешуші рөл атқармайды, – дейді сарапшы.
2025 жылдың 7 наурызында базалық мөлшерлеме 1,25 пайыздық тармаққа көтерілгенде, БЖЗҚ активтері 22,2 трлн теңгені құраған (оның ішінде мемлекеттік облигациялар – 9,3 трлн). Сол кезде қор есебінде облигацияларды нарықтық қайта бағалау бойынша шығын 260 млрд теңгеден 611 млрд теңгеге дейін өскен, яғни, бір айда 350 млрд теңгеге жуық артқан.
Қазан айындағы соңғы шешіммен базалық мөлшерлеменің бірден 1,5 пайыздық тармаққа, яғни 18%-ға дейін көтерілуі де осыған ұқсас әсер етуі ықтимал. Дегенмен, нақты көлемі БЖЗҚ-ның 1 қарашадағы жаңа есепшоттарында белгілі болады.
Бір нәрсе анық: бұл жолғы мөлшерлеме өсімі көктемдегіден жоғары болды, ал мемлекеттік бағалы қағаздар көлемі де ұлғайған.